Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» №22

2022 жылғы 6-12 маусым аралығындағы аптаның айшықты оқиғалары

  • Бейсенбі, 9 маусымда, ҚР Президенті Қ. Тоқаевтың төрағалығымен Шетелдік инвесторлар кеңесінің 34-ші пленарлық отырысы өтті. Іс-шараға ірі трансұлттық компаниялардың, мемлекеттік органдардың басшылары мен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты. Кездесудің күн тәртібіне экономиканы декарбонизациялау және төмен көміртекті технологияларды енгізу мәселелері кірді.

  • 7 маусымда Үкімет үйінде ҚР Үкіметінің отырысы өтті. Күн тәртібінде егіс науқанын өткізу мәселелері, сондай-ақ халықты жұмыспен қамту шаралары қаралды. Бірінші мәселені талқылау кезінде Ә. Смайылов қолданбалы ғылыми зерттеулерді қолдау, агроғылымды дамыту, елдің климатына сай келетін, құрғақшылыққа төзімді, түсімі жоғары сорттарды жасап шығару шараларын қабылдауды тапсырды. Екінші мәселе бойынша Үкімет басшысы жобалар мен бағдарламаларды іске асыру есебінен тұрақты бос жұмыс орындарын көбейтуді қамтамасыз етуді; жастармен және әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтармен жұмыс істеу үшін жұмыспен қамту орталықтарында «бір терезе» тәсілін қамтамасыз етуді тапсырды.

  • Дүйсенбі ҚР Премьер-Министрі Сауд Арабиясы Корольдігінің сыртқы істер министрі Фейсал бен Фархан Әл Саудпен кездесті. Тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың мүмкіндіктерін талқылады.

  • 8 маусымда Қазақстан Премьер-Министрі Беларусь Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Николай Снопковпен кездесу өткізді. Тараптар құрылыс, ауыл шаруашылығы және энергетика саласындағы бірлескен жобаларды іске асыру, азаматтық авиация саласындағы өзара іс-қимыл, сондай-ақ 2022 жылғы шілдеде Витебскіде «Славян базары» халықаралық өнер фестивалі аясында Қазақстанның Беларусь Республикасындағы мәдениет күндерін өткізу мәселелерін талқылады. 

  • Сол күні Шетелдік инвесторлар кеңесінің 34-ші пленарлық отырысы қарсаңында ҚР Премьер-Министрі Ә. Смайылов General Electric және Citigroup компанияларының, сондай-ақ Азия даму банкінің басшыларымен кездесті. General Electric компаниясының Ресей және ТМД-дағы президенті Бела Ференцимен кездесу барысында ҚР Үкіметі мен GE арасындағы энергетика, денсаулық сақтау және авиация салаларындағы әріптестіктің бағыттарын қарастырды. АДБ вице-президенті Ашок Лавасамен әңгіме барысында газ, логистика, энергетика және денсаулық сақтау салаларындағы бірлескен жобаларды іске асыру мәселелері, сондай-ақ таяу жылдардағы ынтымақтастықтың жаңа бағыттары талқыланды. Citigroup атқарушы директоры Дэвид Ливингстонмен келіссөз барысында декарбонизациялау және жасыл экономиканы дамыту мәселелері қаралды.

  • 9 маусымда Әлихан Смайылов Шетелдік инвесторлар кеңесінің 34-ші пленарлық отырысына қатысу үшін Нұр-Сұлтан қаласына келген Еуропалық қайта құру және даму банкінің, Glencore және Philip Morris International компанияларының басшыларымен ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады. Ә. Смайылов пен ЕҚДБ президенті Одиль Рено-Бассо ханым банк секторы мен көлік-логистика саласын дамыту бойынша екіжақты өзара іс-қимыл мәселелерін сөз етті. Glencore компаниясының бас директоры Гэри Нейглмен кездесу аясында Қазақстанда жаңа жобаларды жүзеге асыру перспективалары талқыланды. Philip Morris International компаниясының Шығыс Еуропа бойынша президенті Марко Мариоттимен кездесу барысында ҚР Премьер-Министрі компанияның Қазақстанның қолайлы инвестициялық имиджін нығайтуға елеулі үлес қосқанын атап өтті.

  • Сол күні ҚР Премьер-Министрі ҚР Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің 34-ші пленарлық отырысы аясында J.P. Morgan инвестициялық банкі мен TotalEnergies SE француз мұнай-газ компаниясы өкілдерімен кездесті. TotalEnergies SE аға вице-президенті Жулиен Пужемен әңгімелесу барысында компанияның Қазақстандағы мұнай-газ саласындағы қызметі, жел энергетикасындағы жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды. J.P. Morgan компаниясының Ресей және ТМД елдеріндегі президенті Ян Тавровскиймен жаһандық макроэкономикалық ахуал, халықаралық қаржы ұйымдарымен өзара іс-қимыл, Қазақстанның әлемдік капитал нарығына шығу жөніндегі жоспарлары талқыланды.

  • Жұма, 10 маусымда, ҚР Үкімет басшысы РФ Үкіметі Төрағасының орынбасары Алексей Оверчукпен кездесті. Тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастығының өзекті мәселелерін талқылады, сондай-ақ екіжақты өзара іс-қимылдың перспективалық бағыттары бойынша пікір алмасты.

  • Сенбі, 11 маусымда, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Алматы облысының Қонаев қаласына барды. Әлихан Смайылов депутаттарға ҚР Президентінің Алматы облысының әкімі лауазымына Батыржан Байжұманов пен Марат Сұлтанғазиевтің кандидатураларын қарауға енгізу туралы хатын оқып берді. Ашық дауыс беру нәтижелері бойынша М. Сұлтанғазиевтің кандидатурасына ең көп дауыс берілді.

  • Сол күні ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Талдықорған қаласына барып, Жетісу облысының барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының жиналысына қатысты. Үкімет басшысы депутаттарға ҚР Президентінің Жетісу облысының әкімі лауазымына Бейбіт Исабаев пен Бағдат Қарасаевтың кандидатураларын қарауға енгізу туралы хатын оқып берді. Жиын мен ашық дауыс беру аяқталғаннан кейін ҚР Премьер-Министрі өңір активіне әкім Бейбіт Исабаевты таныстырды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу