Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» №21

2022 жылғы 30 мамыр – 5 маусым аралығындағы аптаның айшықты оқиғалары

  • Сенбі күні, 4 маусымда, Президент Қ. Тоқаевтың қатысуымен Мемлекеттік ту көтеру салтанатты рәсімі өтті. Іс-шара Мемлекеттік рәміздердің 30 жылдығына орайластырылған.

  • Сәрсенбі күні, 1 маусымда, ҚР Премьер-Министрінің төрағалығымен өткен Үкіметтің кезекті отырысында Балалар жылын өткізу барысы және отандық туризм мен ұлттық парктерді дамыту мәселелері қаралды. Бірінші мәселені талқылау барысында Ә. Смайылов әлеуметтік жағынан аз қамтылған санаттағы балаларды сауықтыру шараларымен, жазғы демалыспен және бос уақыттарын пайдалы өткізумен барынша қамтуды тапсырды. Барлық ауылдық елді-мекендерде спорт алаңдарын, балаларды дамыту орталықтарын жабдықтап, ойын-сауық, мәдени іс-шаралар ұйымдастыру қажет. Екінші мәселені қарау қорытындысы бойынша Үкімет басшысы туристік әлеуеті жоғары өңірлерде инфрақұрылым мен сервисті дамыту қарқынын одан әрі күшейту қажет екенін айтты.

  • Дүйсенбі күні, 30 мамырда, ҚР Премьер-Министрі Мәскеуге жұмыс сапары барысында Ресей Федерациясы Үкіметінің Төрағасы Михаил Мишустинмен келіссөз жүргізді. Кездесу барысында өзара тиімді сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі нығайту мәселелері талқыланды.

  • 31 мамыр күні, сейсенбіде, ҚР Премьер-Министрі саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының «АЛЖИР» мемориалдық-мұражай кешеніне барып, ашаршылық құрбандарын еске алу қабырғасына гүл шоғын қойып, бір минут үнсіздікпен еске алды. Мұражай кешенін аралау кезінде Әлихан Смайылов экспозициялар мен басты залдарды көріп, танысты.

  • Сол күні ҚР Премьер-Министрінің төрағалығымен ел Экономикасын демонополизациялау жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Отырыс барысында ҚР Энергетика министрлігі жеке мұнай өңдеу зауыттары үшін салықтық жеңілдіктерді жою бойынша әзірлеген ұсыныстар талқыланды.

  • Бейсенбі күні, 2 маусымда, Әлихан Смайылов бейнеконференция байланысы режимінде Халықаралық Валюта Қоры миссиясының өкілдерімен кездесу өткізді. Кездесу барысында қатысушылар ХВҚ миссиясының қорытындыларын, макроэкономикалық саясаттың басым бағыттары мен құрылымдық реформалар бойынша ұсынымдарды, ҚР Үкіметінің көміртегіні төмендету жөніндегі жоспарларын, сондай-ақ Қазақстан мен ХВҚ-ның өзара іс-қимылының алдағы кезеңдерін талқылады.

  • 5 маусымда, жексенбі күні, ҚР Премьер-Министрі ел Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі республикалық референдумда дауыс беруге қатысты.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу