Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» №20

2022 жылғы 23-29 мамыр аралығындағы аптаның айшықты оқиғалары

  • Сейсенбі, 24 мамырда Үкімет отырысында вегетациялық кезеңде су ресурстарын пайдалану мәселесі қаралды. Премьер-Министр су дипломатиясы бойынша позицияны әзірлеуді; суару тәсілдеріне қарай су беру қызметтерін өтеу бойынша субсидияларды саралау, сондай-ақ суармалы жерлердің 1 гектарға емес, суаруға кеткен судың көлемі үшін ақы енгізу мәселесін пысықтауды тапсырды. Сонымен қатар еліміздің елді мекендерін газдандыру мәселесі қаралды. Ә. Смайылов 5 маусымға дейін Жетілдірілген модельдік келісім-шартты әзірлеу аясында газ жобалары үшін реттеушілік және фискалдық преференциялардың түпкілікті пакетін әзірлеуді тапсырды. 1 шілдеге дейін Үкіметке Өңірлерді газдандырудың 2030 жылға дейінгі бас схемасының жаңартылған жобасы енгілуі керек. Биылғы 1 қыркүйекке дейін аталған нұсқаларға кешенді бағалау жүргізіп, келісілген шешімді енгізу керек.

  • 23 мамырда Премьер-Министр Әлихан Смайылов Цифрландыру мәселелері жөніндегі комиссияның отырысын өткізді, онда мемлекеттік органдардағы бизнес-үдерістердің реинжинирингі, азаматтар мен заңды тұлғалар туралы мәліметтерді түзетудің оңайлатылған механизмін енгізу, сондай-ақ бесінші буындағы ұялы байланысты енгізу және дамыту (5G/IMT) барысы қаралды.

  • Келесі күні, 24 мамырда ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Шетелдік инвесторлар кеңесінің аралық отырысын өткізді, онда тұрақты жұмыс топтарының қызметі туралы есептер, Кеңестің 34-пленарлық отырысына дайындық барысы, сондай-ақ инвесторлардың Қазақстанда бизнес жүргізуіне қатысты өзекті мәселелер қаралды.

  • Әрі қарай, 26 мамырда ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Темекіге қарсы күрес жөніндегі негіздемелік конвенциясы (ДДҰ ТКНК) Хатшылығының басшысы Адриана Бланко Маркизомен кездесу өткізді. Тараптар қазақстандық заңнаманы ДДҰ ТКНК стандарттарына үйлестіру бағытында ынтымақтастықты дамыту, сондай-ақ Қазақстанда темекіге бақылауды күшейтудің өзекті мәселелерін талқылады.

  • Сол күні Үкімет басшысы мен «Каспий Құбыр Консорциумы» АҚ бас директоры Николай Горбань қазақстандық мұнайды экспортқа тасымалдау бойынша ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Кездесу барысында атап өтілгендей, қазіргі кезде мұнай құбырының өткізу қабілетіне қойылған шектеулер алынып тасталды және қазақстандық жүк жөнелтушілерден мұнай қабылдау толық көлемде қалпына келтірілді. Айлақтың барлық құрылғылары жұмыс істеп тұр.

  • Әлихан Смайылов жұмыс сапарымен Ақмола облысына барды, онда бірқатар өндірістік, әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандарды аралап, агроөнеркәсіптік кешеннің, денсаулық сақтау саласының даму барысымен және инвестициялар тарту жұмыстарының жай-күйімен танысты.

  • Ақмола облысына жұмыс сапары барысында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов өңірдің кешенді әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Әлихан Смайылов орталық мемлекеттік органдар мен облыс әкімдігіне тағы да бірқатар тапсырма берді: атап айтқанда, нормативтік жай-күйдегі жолдардың үлесін арттыруды қамтамасыз ету, су құбырын тарту жобасын пысықтау, Степногорск қаласының магистральдық жылу желілерін реконструкциялау жұмыстарын қаржыландыру мүмкіндігін қарастыру тапсырылды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу