Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» №141

2021 жылғы 6-12 желтоқсан аралығындағы аптаның айшықты оқиғалары

  • 7 желтоқсанда ҚР Премьер-Министрі А. Мамин Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың төрағалығымен өткен Реформалар жөніндегі жоғары кеңес отырысына қатысты.

  • Сол күні Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев «Алтын сапа» және «Парыз» сыйлықтарының иегерлерін салтанатты түрде марапаттау рәсімінде бейнебайланыс режимінде сөз сөйледі. Жеңімпаздарға сыйлықты ҚР Премьер-Министрі А. Мамин табыстады.

  • Сондай-ақ 7 желтоқсанда ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Қазақстанға жұмыс сапарымен келген Қырғыз Республикасы Министрлер кабинетінің Төрағасы – Президенті әкімшілігінің басшысы Ақылбек Жапаровпен келіссөз жүргізді. Келіссөз қорытындысы бойынша Орталық Азия өңірінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету шеңберінде Қырғызстанға өтеусіз әскери-техникалық көмек көрсету туралы үкіметаралық келісімге, Қырғызстанның Қазақстанда шығарылған автокөлік құралдарын сатып алуы туралы меморандумға, сондай-ақ екі елдің министрліктері арасында бірқатар бірлескен жоспарларға қол қойылды.

  • 9 желтоқсанда ҚР Премьер-Министрі А. Маминнің төрағалығымен Үкіметтің кезекті отырысы өтті. Онда елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай және 2021 жылғы қаңтар-қарашадағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен республикалық бюджеттің атқарылуы қаралды. Бірінші мәселе бойынша Үкімет басшысы өңірлерде халықты вакциналау және ревакцинациялаумен қамтуды ұлғайтуды, халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуді және шетелде вирустың жаңа штаммының таралуын ескере отырып, елге келетін адамдарға мемлекеттік шекарада күшейтілген бақылау жасауды тапсырды. Екінші мәселені қарау қорытындысы бойынша Премьер-Министр жыл соңына дейін өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуының жоспарланған көрсеткіштеріне қол жеткізуді қамтамасыз етуді тапсырды.

  • ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин 9 желтоқсаннан бастап Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу қарсаңында жұмыс сапарымен бірқатар өңірге барды. 9 желтоқсанда Асқар Мамин жұмыс сапарымен Ақмола облысына барды. Көкшетау қаласында Үкімет басшысы ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған салтанатты жиынға қатысып, өңір тұрғындарына мемлекеттік наградаларды табыстады, «ENKI» ЖШС керамикалық кірпіш шығару жобасының II кезеңінің ашылуына қатысты. Асқар Мамин Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Тәуелсіздіктің 30 жылы» жаңа залымен танысты, сондай-ақ «Bolashaq sarai» сарайы мен «Көкшетау» мәдениет сарайында болды.

  • Сонымен қатар 9 желтоқсанда Премьер-Министр жұмыс сапарымен Қостанай облысына барды, онда ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеуге арналған салтанатты іс-шараға қатысып, өңір тұрғындарына мемлекеттік наградаларды табыс етті. А. Мамин сондай-ақ қолданыстан шыққан ауыл шаруашылығы техникасын қайта өңдейтін «Auto Recycling» ЖШС ҚР-дағы алғашқы кешеннің ашылу рәсіміне, облыстық маңызы бар «Қостанай қаласына кірме жол» автожолы бойынша Тобыл өзені арқылы өтетін көпірдің ашылу рәсіміне қатысты. Бұған қоса, «KamLitKZ» ЖШС жетекші белдемдердің басты берілістерін шығаратын зауыт пен шойын құю зауытының құрылыс барысымен танысты. 

  • 10 желтоқсанда Үкімет басшысы жұмыс сапарымен Қарағанды облысына барды. Асқар Мамин ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған салтанатты жиынға қатысып, өңір тұрғындарына мемлекеттік наградаларды табыс етті. Сондай-ақ «Forever Flourishing (Middle Asia) Pty Ltd» ЖШС жобасының II кезеңі – болат прокаты мен швеллерлер шығару желісін іске қосу рәсіміне қатысты. Саран қаласындағы «Saran» индустриялық аймағында Премьер-Министр «Allur» және «Татнефть» тобының «KamaTyresKZ» шина зауытын салу жөніндегі бірлескен жобасының іске асырылу барысымен танысып, Қарағанды қаласындағы Оқушылар сарайында болды.

  • 11 желтоқсанда ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин жұмыс сапарымен Шығыс Қазақстан облысына барып, онда Тәуелсіздік монументінің ашылуына қатысып, өңір тұрғындарына Тәуелсіздік күніне арналған мемлекеттік наградаларды табыстады.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу