Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» №138

2021 жылғы 15-21 қараша аралығындағы аптаның айшықты оқиғалары

  • Сейсенбі күні, 16 қарашада А. Маминнің төрағалығымен Үкімет отырысы өтті. Онда елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай қаралды. Премьер-Министр халықты вакциналаумен және ревакциналаумен қажетті көлемде қамтамасыз етуді тапсырды. Екінші мәселені талқылау барысында ауылдық елді мекендерде сумен жабдықтау қызметтерін қолжетімді ету мәселесі қарастырылды. Үкімет басшысы ауыз сумен қамтамасыз етілу пайызы аз өңірлерге келесі жылы көрсеткіштерді орташа республикалық деңгейге жеткізуді тапсырды. Орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға ауылдық елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету және осы жылдың қорытындысы бойынша жоспарлы көрсеткіштерге қол жеткізу жөнінде шаралар қабылдау тапсырылды. Отырыста қаралған үшінші мәселе – жоғары білім беру сапасын арттыру мәселелері болды. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов баяндама жасады. Үкімет басшысы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне, сондай-ақ «Атамекен» ҰКП-ға мамандарды даярлау сапасы байланысты болатын жаңа кәсіби стандарттарды өзектендіру және әзірлеу жөніндегі жұмысты жандандыруды тапсырды. Білім және ғылым министрлігіне Білім беруді дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасында жоғары білім беру сапасын қамтамасыз ету бойынша нақты шаралар мен индикаторларды қарастыру, қаржы, ұлттық экономика министрліктерімен, мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, биылғы 22 қарашаға дейін жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған жол картасын пысықтау және Үкіметке енгізу тапсырылды.

  • 18 қарашада Асқар Мамин Парламент Сенатының пленарлық отырысына қатысты. Отырыста Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2022-2024 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт және 2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет мәселесі қаралды.

  • Сол күні ҚР Премьер-Министрі А. Мамин РФ Үкіметі төрағасының орынбасарлары А. Новак және А. Оверчук бастаған делегацияны қабылдады. Тараптар отын-энергетика секторындағы – жер қойнауын пайдалану, мұнай және газ, электр энергетикасы салаларындағы ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады.

  • Келесі күні А. Мамин Қазақстан бойынша миссия басшысы Н. Бланше бастаған Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) сарапшыларымен келіссөз жүргізді. Үкімет басшысына Қазақстандағы экономикалық ахуал, сондай-ақ пандемия салдарын төмендету және халық пен бизнесті қолдау бойынша ҚР-да жүргізіліп жатқан саясат бойынша ХВҚ-ның сараптамалық бағалаулары мен болжамдары таныстырылды.

  • Сол күні, 17 қарашада, А. Мамин құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысын өткізді, онда интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері қаралды.

  • 19 қарашада ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Ереванға жұмыс сапары барысында биыл Қазақстанның төрағалығымен өткен Еуразиялық үкіметаралық кеңестің (ЕҮАК) қорытынды отырысына қатысты. Асқар Мамин Ресей Үкіметінің Төрағасы Михаил Мишустинмен және Беларусь Премьер-Министрі Роман Головченкомен екіжақты келіссөз жүргізді.

  • Сенбі күні Асқар Мамин Үкіметтің Цифрлық кеңсесінде орталық мемлекеттік органдар басшыларының және өңірлер әкімдерінің қатысуымен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының және жанар-жағармай материалдарының бағаларын реттеу мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Өткен аптада Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының жалпы өсу индексі 0,0%-ды құрады. Қабылданған шаралар есебінен үшінші апта қатарынан сәбіз (-0,8%), пияз (-0,7%), макарон өнімі (рожки), күріш және картоп (-0,2%) бағасының төмендеуі байқалады. Қалған өнімдердің бағалары тұрақты.

  • Дүйсенбі күні, 15 қарашада Үкімет басшысы БАҚ өкілдерімен кездесу өткізді. Асқар Мамин журналистердің сұрақтарына жауап берді. Кездесу барысында пандемия жағдайында ұлттық экономиканы дамыту, дағдарысқа қарсы шараларды іске асыру және халықаралық ынтымақтастық секілді тақырыптар қозғалды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу