Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» №125

2021 жылғы 16-22 тамыз аралығындағы аптаның айшықты оқиғалары

  • 19 тамызда ҚР Президенті Қ. Тоқаев РФ Үкіметінің Төрағасы М. Мишустинмен кездесті. Әңгімелесу барысында Қазақстан мен Ресейдің пандемияға қарсы күрес және бірлесіп вакцина шығару сияқты өзара іс-қимылдағы басым бағыттар туралы сөз болды. Сол күні ҚР Тұңғыш Президенті-­Елбасы Н. Назарбаев Ресей Үкіметінің Төрағасымен келіссөз жүргізді. ҚР Тұңғыш Президенті екіжақты қатынастарды одан әрі нығайту және Еуразиялық экономикалық одақ аясында өңірлік кооперацияны дамыту мәселелерін қозғады.

  • 18 тамызда ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин РФ Үкіметінің Төрағасы Михаил Мишустинмен келіссөз жүргізді. Тараптар сауда-экономика, өнеркәсіптік кооперация, көлік-логистика, энергетика және басқа да салалардағы ынтымақтастықты одан әрі арттыру мәселелерін талқылады. А. Мамин мен М. Мишустин Қазақстан Үкіметінің Цифрлық кеңсесінің жұмысымен, халық пен кәсіпкерлік субъектілеріне мемлекеттік қызметтерді цифрландыру саласында іске асырылып жатқан жобалармен, сондай-ақ АХҚО қызметімен танысты.

  • Сол күні ҚР Премьер-Министрінің төрағалығымен Үкіметтің кезекті отырысы өтті. Онда санитарлық-эпидемиологиялық ахуал, жем-шөппен қамтамасыз ету және егін жинау науқанына дайындық мәселелері, сондай-ақ Ақтөбе облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары қаралды. Бірінші мәселені қарау барысында ҚР Премьер-Министрі халықтың шектеу шараларын сақтауын одан әрі бақылауды және мониторингтік топтар қызметінің тиімділігін арттыруды, вакциналау қажеттілігі туралы ақпараттық жұмысты кеңейтуді тапсырды. Екінші мәселені қарау қорытындысы бойынша А. Мамин егін жинау науқанын сапалы жүргізу, элеваторлардың астықты қабылдау мен сақтауға дайындығын қамтамасыз ету, астық қабылдау кәсіпорындарының өнімді сақтауға уақытылы қабылдауы қажет екенін атап өтті. Үшінші мәселе бойынша Үкімет басшысы Ақтөбе облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының бекітілген 2025 жылға дейінгі кешенді жоспарының іс-шараларының уақытылы және сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.

  • 19-20 тамызда Шолпан-Ата қаласында ҚР Премьер-Министрі Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысына төраға ретінде қатысып, онда ЕАЭО-ның экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз ету жөнінде бастама көтерді. Сондай-ақ А. Мамин Қырғызстан Президенті С. Жапаровпен кездесіп, Қырғызстан Премьер-Министрі Улукбек Мариповпен келіссөз жүргізді.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу