ҚР Үкіметінің отырысы, 23.11.2021

23 қарашада Үкімет үйінде Қазақстан Үкіметінің отырысы өтті. 

— Отырыста елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай, сатып алулардағы жергілікті қамтуды дамыту және тұтынушылардың құқығын қорғау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар қаралды. 

— Елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай туралы денсаулық сақтау министрі Алексей Цой баяндады. 

— Үкімет басшысы санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды, әсіресе шекара маңындағы облыстарда тұрақты бақылауда ұстауды, вакциналау қарқынын арттыруды, сондай-ақ вакциналарды сақтау және тасымалдау режимін қамтамасыз етуді тапсырды.

— Cатып алулардағы жергілікті қамтуды дамыту туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов, Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова баяндама жасады.

— А. Мамин жергілікті қамтуды бақылау жөніндегі өңірлік комиссиялардың жұмысын күшейтуді, олардың қызметіне өңірлік бизнес өкілдерін барынша тартуды, жер қойнауын пайдаланушылармен ерікті келісімдер жасасуды қамтамасыз етуді, жер қойнауын пайдаланушылардың отандық тауар өндірушілермен офтейк-келісімшарттар жасасуының барлық қажетті мәселелерін пысықтауды тапсырды.

— Тұтынушылардың құқығын қорғау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олег Смоляков, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов баяндады.

— Премьер-Министр осы жылдың соңына дейін электрондық сауда сегментінде құқықтық реттеуді жетілдіру бойынша ұсыныстар енгізуді, 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында «е-tutynushy» жүйесін азаматтардың өтініштерін жүйелеу және мемлекеттік органдар тарапынан жедел әрекет ету үшін бірқатар мемлекеттік органның ақпараттық жүйелерімен біріктіруді, қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқығын қорғау мәселелері бойынша халықты ақпараттандыруды күшейтуді және азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыруды тапсырды.

 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-ботқа жазылыңыз

Жазылу