ҚР Үкіметінің отырысы, 07.06.2022

7 маусымда Үкімет үйінде Қазақстан Үкіметінің отырысы өтті.

  • Үкімет отырысының күн тәртібінде алдымен егіс науқанын өткізу мәселелері қаралды, оның барысы туралы ҚР ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов, Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев баяндады.

  • Ә. Смайылов қолданбалы ғылыми зерттеулерді қолдау, агроғылымды дамыту, елдің климатына сай келетін, құрғақшылыққа төзімді, түсімі жоғары сорттарды жасап шығару шараларын қабылдауды; агротехнологиялық талаптардың сақталуын ерекше бақылауда ұстауды; өсімдік шаруашылығы өнімдерін жеткізуге алдын ала келісімшарттар жасауды қамтамасыз етуді; АӨК субъектілерін мемлекеттік қолдау шараларын жетілдіру үшін жоспарланып отырған өзгерістерді бизнес қоғамдастықпен егжей-тегжейлі талқылауды; «Азық-түлік келісімшарт корпорациясына» форвардтық шарттар аясында астық көлемін уақытылы жеткізу бойынша ауыл шаруашылығы өндірушілерінің міндеттемелерінің сақталуын қамтамасыз етуді тапсырды.

  • Сондай-ақ Үкімет отырысында халықты жұмыспен қамту шаралары қаралды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова, Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин және Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов, сондай-ақ «Еуразиялық топ» ЖШС басқарма төрағасы Серік Шахажанов және салынып жатқан «KamaTyresKZ» кәсіпорнының басшысы Александр Смышляев баяндама жасады.

  • Үкімет басшысы жобалар мен бағдарламаларды іске асыру есебінен тұрақты бос жұмыс орындарын көбейтуді қамтамасыз етуді; жастармен және әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтармен жұмыс істеу үшін жұмыспен қамту орталықтарында «бір терезе» тәсілін қамтамасыз етуді; цифрлық платформалар аясында жұмыс істейтін адамдарға әлеуметтік кепілдіктер беру үшін заңнаманы жетілдіру бойынша ұсыныстар енгізуді; 25 маусымға дейін әкімдерді бағалау үшін әрбір 10 мың тұрғынға шаққанда кемінде 100 жаңа жұмыс орны индикаторын белгілеп, жаңа жұмыс орындарын нақты есепке алу әдістемесін бекітуді; субсидияланатын жұмыспен қамту бағдарламаларына қатысушылардың кемінде 60%-ын тұрақты жұмысқа орналастыруды қамтамасыз етуді тапсырды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу