«Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі кеңес рұқсат етілмеген қоқыс үйінділері мәселелерін қарады

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы «Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы 10 шілдеде Үкіметтің кеңейтілген отырысында берілген стихиялық қоқыс орындарын жою және жаңаларының пайда болуына жол бермеу туралы тапсырмасын іске асыру барысы қаралды.

ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев биылғы 19 шілдедегі жағдай бойынша ғарыштық мониторинг арқылы 4763 рұқсат етілмеген қалдық тастау орны анықталғанын баяндады.

2021 жылдың І жартыжылдығының қорытындысы бойынша елімізде 2932 қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны (ҚТҚ) бар, олардың 509-ы немесе 17,36%-ы экологиялық және санитарлық нормаларға сәйкес келеді. Ел аумағында 191 қоқыс шығаратын ұйым жұмыс істейді, олардың теңгерімінде 2 мыңнан астам мамандандырылған автокөлік бар.

Биылғы 1 шілдеде күшіне енген жаңа Экологиялық кодексте бірқатар жүйелі шара көзделген, атап айтқанда, қоқыс шығаратын ұйымдардың қызметін ретке келтіру және бақылау мақсатында хабарлама жасау тәртібін енгізу, сондай-ақ қоқыс шығаратын көлікті спутниктік навигациялық жүйелермен (GPS) жарақтандыру.

Үкімет басшысы жергілікті атқарушы органдарға экологиялық және санитарлық нормаларға сәйкес келмейтін ҚТҚ полигондарын рекультивациялауды немесе оларды белгіленген талаптарға сәйкес келтіруді, сондай-ақ құрылыс қалдықтарын қайта өңдеу және көму инфрақұрылымын құруды тапсырды.

Жергілікті атқарушы органдарға ғарыштық мониторингпен анықталған барлық рұқсат етілмеген қоқыс орындарын жою, ІІМ, ЭГТРМ, АҚДМ және жұртшылықпен бірлесіп, тәртіп бұзушыларды жауапкершілікке тарта отырып, стихиялық қоқыс тастайтын жерлерді анықтау бойынша рейдтер жүргізу тапсырылды.

Премьер-Министр жосықсыз қоқыс үйінділерін тастайтын жерлерді анықтау және жою бойынша iKomek (Нұр-Сұлтан қ.) мысалында өңірлерде колл-орталықтар ашу қажеттігін атап өтті.

А. Мамин нысандар құрылысына рұқсат беру кезінде құрылыс қалдықтарын кәдеге жаратуды қарастыруды, құрылыс қалдықтарын ҚТҚ полигондарын тығыздау мен рекультивациялауда, сондай-ақ негізгі пайдалы қазбаларды өндірудің тарихи орындарын рекультивациялауда қолдануды қарауды тапсырды.

Үкімет басшысы құрылыс қалдықтарын жинау және қайта өңдеу бойынша мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде инфрақұрылым құрудың маңыздылығын атап өтті, бұл аса ірі және құрылыс қоқыстарын шығару үшін жағдай жасайды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу