Үкіметте техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерін мамандандыру мәселелері қарастырылды

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенованың төрағалығымен өткен кеңесте Қазақстанда кәсіптік-техникалық білім беруді дамыту мәселелері талқыланды.

Колледждерге қатысты қазіргі жағдай мен білім беру ұйымдарын мамандандыру аясында атқарылатын шаралар туралы оқу-ағарту министрінің бірінші орынбасары Наталья Жұмаділдаева баяндады.

Бүгінде елімізде 741 колледжде 525 мың студент білім алып жатыр. Олардың 70%-ға жуығы тегін оқуда. Салалық ведомство оқу орындарының жұмысына сараптама жүргізіп, орналасқан жері мен өңірдің еңбек нарығы сұранысына сай мамандандыру шараларын қолға алмақ. 

«Сараптама бірнеше техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында бірдей мамандықтар оқытылатынын көрсеткен. Ең көбі Алматы, Шымкент қалалары мен Түркістан облысында. Техникалық және кәсіптік білім беру бағытындағы сапаны бақылау аясында контингенті төмен колледждердің лицензиясын қайтару жұмысы қолға алынды. Былтыр 161 оқу орнының лицензиясы алынды», — деді Наталья Жұмаділдаева.

2030 жылға дейін еңбек нарығын дамыту тұжырымдамасына сай еліміз 4 макроөңірге бөлінген болатын. Яғни, аймақтар бейімділігне сай жұмысшы мамандарды дайындау мақсаты тұр. Осы орайда жергілікті сұранысқа сәйкес колледждерді мамандандыру шаралары жүргізілетін болады. Биыл бұл жұмыс 232 оқу орнына қатысты атқарылмақ. Қазірде тиісті нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу бойынша жұмыс тобы құрылып, ұсыныстар әзірлеуде.

Кеңес барысында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына қарастырылған жан басына шаққандағы қаржыландыру әдістемесін де өзгерту ұсынылды. «Қаржы орталығы» АҚ басқарма басшысы Асқар Ыбырайымовтың сөзінше, жаңа әдістеме бюджет шығынын оңтайландырып, оқу орындарын жұмыс берушілермен тығыз қарым-қатынас орнатуға ынталандырмақ.

Тамара Дүйсенова аталған шаралардың маңыздылығын атап өтіп, туындауы мүмкін мәселелерді бағамдап, алдын ала әрекет ету керектігіне баса мән берді.

«Қазіргі уақытта жұмысшы мамандықтарға сұраныс жоғары. Бұл үрдіс келешекте де сақталады. Сондықтан қажеттілікке сай кадр әзірлеу маңызды. Колледждерді мамандандыру аясында ұстаздарды қайта даярлау, материалдық-техникалық базамен жабдықтау қажеттігі туындайды. Осы мәселелерді ескеру және маман даярлауда жергілікті жұмыс берушілерді мейілінше жұмылдыру қажет», — деп атап өтті вице-премьер.

#Білім беру #Жұмысқа орналастыру #Тамара Дүйсенова

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу