Фермерлерді субсидиялау, пандемия кезіндегі мемлекеттік қолдау, азық-түлік өнімдерін өндіру — ҚР АШМ есептік кездесуі

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровтың халық алдында есеп беру кездесуі өтті. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің басшысы өз баяндамасында 2020 жылдың қорытындылары, сондай-ақ осы жылдың 4 айындағы саланың даму көрсеткіштері туралы айтып берді.

С. Омаровтың айтуынша, өткен жыл ел экономикасы үшін және нақты агроөнеркәсіптік кешен үшін оңай жыл болған жоқ.

«Соңғы жылдары мемлекет таңдаған аграрлық саясат, сондай-ақ өткен жылы қабылданған дағдарысқа қарсы шаралар коронавирус пандемиясымен байланысты күрделі жағдайларда отандық агроөнеркәсіптік кешеннің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді», — деді С. Омаров.

Өткен жылы қабылданған дағдарысқа қарсы шараларды ескере отырып, мемлекеттік қолдау көлемі 366 млрд теңгеге дейін жеткізілді, бұл 2019 жылғы деңгейден 13%-ға көп.

Бұл ретте субсидиялау барынша жеңілдетілген және толық автоматтандырылған, бұл субсидия беру процесінің ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Субсидиялауға қойылатын талаптарға өзгерістер енгізу арқылы шағын және орта фермерлерді субсидиялаумен қамту көлемі ұлғайтылды. 

Өсімдік шаруашылығындағы барлық субсидиялар бірыңғай қағидаларға біріктірілді. Өсімдіктерді қорғау құралдарын субсидиялау кеңейтілді. Енді гербицидтер ғана емес, пестицидтердің басқа да түрлері субсидияланады. Басты жаңалықтардың бірі субсидияларды күнтізбелік жыл шеңберінде емес, тұқым, тыңайтқыш, пестицидтер сатып алынған күннен бастап 12 ай ішінде алуға мүмкіндік жасалды.

Аграрлық несие корпорациясы, Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры және ҚазАгроҚаржы арқылы агроөнеркәсіптік кешенді қаржыландыру көлемі 2020 жылдың қорытындылары бойынша 446 млрд теңгені құрады. 

Бұл ретте қарыз алушылардың саны 2019 жылғы 77 мыңнан 2020 жылы 80 мыңға дейін ұлғайды. Шағын және орта бизнеске кредит беру үлесі 92%-дан 95,3%-ға дейін өсті. 57 ірі жоба іске қосылды. Ауылда 15 мыңға жуық жұмыс орны құрылды. 

Агроөнеркәсіптік кешен субъектілері үшін жеткілікті кепілдік базасы болмаған жағдайда, екінші деңгейдегі банктердің кредиттеріне кепілдік берудің жаңа тетігі қолжетімді болды. Ол Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы іске асырылады.

«Қарыздарға кепілдік беру құралы агроөнеркәсіптік кешен субъектілеріне банкке қажетті кепілмен қамтамасыз ету сомасының небәрі 15%-нан 50%-ға дейін кепіл беруіне мүмкіндік береді. Қалғанына мемлекет кепілдік береді. 2020 жылдан бастап республикада агроөнеркәсіптік кешенді ерікті сақтандырудың жаңа жүйесі іске қосылды», — деді ведомство басшысы. 

Жаңа жүйеде сақтандыру сыйақыларын 50% көлемінде субсидиялау түріндегі мемлекеттік қолдау көзделді.

Жүйеге сақтандыру жағдайлары басталған кезде төлемдердің кепілдігін қамтамасыз ететін халықаралық қайта сақтандыру компаниялары тартылды. Барлық сақтандыру процестері толығымен автоматтандырылған.

Өсімдік шаруашылығы саласында сақтандыру өнімдері және алғаш рет мал шаруашылығында ірі қара малды сақтандыру бекітілді.

С. Омаровтың айтуынша, өнім мультитәуекелді болып табылады – тәуекелдер қатарына инфекциялық және аса қауіпті аурулар, өрт, үшінші тұлғалардың қаскүнемдік әрекеттері, қауіпті табиғи немесе дүлей құбылыстар, сондай-ақ жазатайым оқиғалар – жарылыс, найзағайдың түсуі, тұншығу, жануарлардың шабуыл жасауы және басқалар кіргізілді.

Мәселен, 2020 жылғы көктемгі дала және егін жинау жұмыстарының қорытындылары бойынша астық егілетін алты өңірде 115 мың гектар дәнді және майлы дақылдар сақтандырылды. Сақтандыру жағдайларының нәтижесінде 518,2 млн теңге төленді.

Мал шаруашылығында 2 117 бас ІҚМ сақтандырылды. Сақтандыру жағдайлары тіркелген жоқ. 

Өткен жылы коронавирус пандемиясына байланысты карантиндік шектеулер жағдайында фермерлердің кедергісіз қозғалысын қамтамасыз ету, жанар-жағармай материалдарын, қосалқы бөлшектерді, тұқымдарды, тыңайтқыштар мен өсімдіктерді қорғау құралдарын жеткізуді қамтитын егіс жұмыстарын жүргізуге арналған арнайы жұмыс алгоритмі қабылданды. 

Сондай-ақ көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге 70 млрд теңге көлемінде бюджеттік кредит бөлінді, бұл әдеттегіден 10 млрд теңгеге артық. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша өткен жылдан бастап 24,5 млрд теңге сомасына дәнді және майлы дақылдарды кепілді форвардтық сатып алу тетігі енгізіліп, іске асырылды, бұл 483,8 мың тонна дәнді және майлы дақылдарды сатып алуға мүмкіндік берді.

Көрсетілетін мемлекеттік қолдау есебінен егістіктердегі элиталық тұқымдардың үлесі 2019 жылғы 6,5%-дан 2020 жылы 6,8%-ға дейін ұлғайды. Өз кезегінде сапасы төмен тұқымдардың үлесі 9,2%-дан 7,2%-ға дейін төмендеді. 

Жыл қорытындысы бойынша 533 мың тонна минералды тыңайтқыш енгізілді немесе ғылыми негізделген қажеттіліктің 20,6%. Салыстыру үшін, 2019 жылы бұл көрсеткіш 18,1%-ға тең болды. 

Машина-трактор паркін жаңарту қарқыны 4,1%-ға дейін артты. 2019 жылғы 12 мың бірлікке қарағанда 15 мыңнан астам ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды.

Техниканы жаңартуға сатып алынатын ауыл шаруашылығы техникасы құнының 25%-ын субсидиялау және кредиттер мен лизинг бойынша сыйақының жылдық мөлшерлемелерін 10%-ға арзандату, сондай-ақ инвестициялық субсидияларды техника лизингі үшін бастапқы жарна ретінде пайдалану үшін аванспен алу мүмкіндігі ықпал етті.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің басшысы атап өткендей, қабылданған шаралардың арқасында көктемгі егіс және егін жинау жұмыстары 2020 жылы сапалы және оңтайлы агромерзімдерге сай жүргізілді. Сонымен қатар егін жинау жұмыстары 2019 жылға қарағанда бір ай бұрын аяқталды.

Соның нәтижесінде 20,1 млн тонна дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар бастырылды. Лицензияланған астық қабылдау кәсіпорындарына тапсырылған бидайдың жалпы көлемінің 80%-ы 1-3 санаттарға жатқызылған, 2019 жылы бұл көрсеткіш 50%-ды құраған болатын. Тиісінше, 4 санатты бидайдың үлесі 27,7%-дан 13,4%-ға, ал 5-санатты 2019 жылғы 10,7%-ға қарағанда 5%-ға дейін төмендеді. 

Егіс алқаптарын әртараптандырудың арқасында жоғары рентабельді дақылдар өндірісі ұлғайды: көкөніс дақылдары – 4,9%-ға және 4,3 млн тоннаны құрады, бақша дақылдары – 1,8%-ға және 2,4 млн тоннаны және картоп – 2,4%-ға және 4 млн тоннаны құрады.

Есепті 2020 жылы елдің барлық аумағында тұрақты карантиндік және фитосанитариялық ахуал қамтамасыз етілді. Карантиндік және аса қауіпті зиянды организмдердің таралуының барлық ауданында – 3,7 млн га қорғау және карантиндік іс-шаралар жүргізу қамтамасыз етілді, барлық іс-шаралар оңтайлы мерзімде жүргізілді. Бұл 2018 жылмен салыстырғанда ошақтар ауданының 1,3 млн га төмендеуін қамтамасыз етті.

Дер кезінде қабылданған шаралар шегірткелердің таралу ареалын 3,3 есе азайтуға мүмкіндік берді: 2018 жылғы 1,7 млн гектардан биылғы 515 мың гектарға дейін. Ауыл шаруашылығы дақылдары егістерінің шегіртке зиянкестерімен зақымдану фактілеріне жол берілген жоқ.

Карантиндік сертификатты беру мерзімі 3 күннен 1 күнге дейін, фитосанитариялық сертификатты беру мерзімі 5 күннен 3 күнге дейін қысқартылды. Сондай-ақ 3 жұмыс сағаты ішінде тез бұзылатын өнімге карантиндік және фитосанитариялық сертификат алудың жеңілдетілген тәртібі қарастырылған.

Мал шаруашылығында қабылданған шаралар есебінен мал мен құс саны тұрақты қарқынмен өсуде.

2020 жылдың қорытындысы бойынша ірі қара мал басы 7,8 млн басты құрады, бұл 2019 жылдың деңгейінен 5,6%-ға артық, қой мен ешкі басы 4,7%-ға, жылқы басы 10,1%-ға, түйе басы 5,2%-ға артты.

Тиісінше мал шаруашылығы өнімдерін өндіру: ет 4,3%-ға және сүт 3,2%-ға ұлғайды.

Мал шаруашылығы өнімдерінің импортын алмастыру аясында өткен жылы 48 сүт-тауар фермасы іске қосылды. Бұл сүт зауыттарының жүктемесін 75%-дан 77%-ға дейін арттыруға, ал сүтті қайта өңдеу көлемін 1826 мың тоннаға жеткізуге мүмкіндік берді.

Сондай-ақ 3 ет комбинаты іске қосылды, бұл ет өңдеу көлемін 15 мың тоннаға 151 мың тоннадан 166 мың тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік берді. 

8 құс фабрикасы іске қосылды, нәтижесінде ұйымдастырылған шаруашылықтарда құс етін өндіру көлемі өткен жылы 222,7 мың тоннадан 235,3 мың тоннаға дейін ұлғайды. 

«Жедел ветеринариялық іс-шаралардың арқасында өткен жылы құс тұмауының өршуі оқшауланды және жойылды, жеке қосалқы шаруашылықтар мен құс фабрикаларында құс басын қолдау және қалпына келтіру бойынша шаралар қабылданды, жеке және заңды тұлғаларға 3 млрд теңге сомасына залал өтелді. Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасында жануарлардың аса қауіпті аурулары бойынша эпизоотиялық жағдай қолайлы және тұрақты болып қалуда», — деп толықтырды ҚР АШМ басшысы.

Министрдің айтуынша, 2020 жылдың қорытындысы бойынша үйлесімді жұмыс пен уақытылы қабылданған шаралардың арқасында АӨК саласында іс жүзінде барлық макрокөрсеткіштер бойынша оң өсу серпіні байқалады.

«Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 5,7%-ға артып, 6,3 трлн теңгені құрады. Бұл Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасындағы ең үлкен өсім. Азық-түлік өндірісі 4%-ға өсті. Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына инвестициялар ағыны 15%-ға, тамақ өнімдері өндірісіне 13,5%-ға ұлғайды. Нәтижесінде АӨК инвестицияларының жалпы көлемі жоспарлы мәннен 154,2 млрд теңгеге асып, 677,2 млрд теңгені құрады», — деді С. Омаров.

АӨК өндірісінің өсу көлемі қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімдері экспортының ұлғаюымен расталады, ол 22%-ға ұлғайды және $1,3 млрд құрады.

Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жүргізіліп жатқан саясаттың тиімділігін британдық Economist журналы өткізетін Азық-түлік қауіпсіздігінің жаһандық рейтингі де растайды, онда Қазақстан 2020 жылдың қорытындысы бойынша 16 позицияға көтеріліп, әлемнің 113 елінен 32-орынға ие болды. 

Осы жылдың 4 айында АӨК саласында оң өсу динамикасы байқалғанын атап өткен жөн.

Мәселен, ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 3%-ға (831,2 млрд тг), азық-түлік өнімдерінің өндірісі 3,9%-ға (673,6 млрд тг) өсті.

Мал шаруашылығында өндіріс көлемінің 3,2%-ға өсуі қамтамасыз етілді (776,4 млрд тг). Осылайша, тірі салмақта ет өндіру бойынша 5,3%-ға, сүт өндіру бойынша 3,4%-ға жоғары өсім байқалды.

«Өсімдік шаруашылығында 2021 жылғы көктемгі егіс жұмыстарын уақытылы жүргізуді қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шаралар қабылданды және бүгінгі күні көктемгі егіс толығымен аяқталды. Осы жылы ауыл шаруашылығы дақылдары 22,7 млн га алаңда орналасқан, бұл 2020 жылғы деңгейден 78 мың га артық», — деп атап өтті министр.

Агроөнеркәсіптік кешенді одан әрі орнықты дамыту мақсатында Министрлік 2021-2030 жылдарға арналған АӨК дамытудың ұлттық жобасын және 2021-2025 жылдарға арналған АӨК дамытудың ұлттық жобасын әзірледі. 

21 сәуірде Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы реформалар жөніндегі Жоғары Кеңестің бесінші отырысында АӨК дамытудың жалпы тәсілдері Жоғары Кеңес мүшелеріне таныстырылды және Мемлекет басшысы мақұлдады.

Президент Тұжырымдама мен Ұлттық жоба арасындағы шаралардың аражігін ажыратуды тапсырды. Тұжырымдама саланы ұзақ мерзімдік кезеңге дамытудың басымдықтары мен векторларын айқындайды, сондықтан жүйелі сипаттағы шараларды, оның ішінде заңнама мен нормативтік-құқықтық базаны өзгертуді қамтиды. Ал, Ұлттық жоба күш-жігер мен ресурстарды шоғырландыруды талап ететін нақты міндеттер мен жобаларды шешуге бағытталған.

Тұжырымдаманың негізгі міндеттері: 

- мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттыру;

- ветеринарлық және фитосанитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету;

- Жер ресурстарының қолжетімділігін қамтамасыз ету;

- қаржы құралдарын жетілдіру және жүйелі сипаттағы басқа да шаралар.

Жүйелі құжаттар аясында мемлекеттік қолдау шараларының тұрақтылығы мен сабақтастығын қамтамасыз етуді нормативті түрде бекіту жоспарлануда. Бұл аграрилерге өз қызметін ұзақ мерзімді перспективаға жоспарлауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, мемлекеттік қолдаудың тиімділігін арттыру мақсатында бизнеске міндеттемелер жүктелетін болады.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысының тапсырмасымен «мемлекеттік қолдау» бөлінерде өңірлердің ерекшеліктері ескерілетін болады. Бұл табиғи-климаттық және басқа да факторларға байланысты АӨК дамыту саласында мемлекеттік саясатты тиімді жүргізуге мүмкіндік береді.

Ұлттық жобаның негізгі новеллалары:\

- ұлттық жобаны, оның ішінде инвестициялық жобаларды іске асыру үшін жобалық тәсілді енгізу;

- импортты алмастыру мәселелерін шешудің кешенді тәсілі;

- цифрландыру арқылы ресурстарға ашық және әділ қол жеткізу;

- АӨК субъектілері үшін кредит беру арналары мен қаржыландыру құралдарын кеңейту;

- АӨК субъектілерін білімді тарату жүйесімен толық ауқымды қамту; 

- АӨК ахуалдық-талдау орталығын құру.

Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес ұлттық жобаның мынадай негізгі мақсаттары айқындалды: 

  • бірінші, еңбек өнімділігін 2,5 есе арттыру; 
  • екінші, ішкі нарықты 80% деңгейінде азық-түлік тауарларымен қанықтыру;
  • үшіншіден, қайта өңделген өнім экспортын 2 есеге ұлғайту; 
  • төртіншіден, ірі инвестициялық жобалар айналасында 7 экожүйенің қалыптасуы.

Еңбек өнімділігін 2,5 есе арттыру жөніндегі мақсатқа қол жеткізу үшін оған қол жеткізуді қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін 7 негізгі міндет айқындалды.

Бұл: 

- минералды тыңайтқыштар мен жоғары сапалы тұқымдарды қолдану көлемін арттыру;

- техникалық жарақтандыру деңгейін арттыру; 

- суармалы жерлерді айналымға енгізу;

- қарқынды мал шаруашылығы;

- АӨК цифрландыру;

- аграрлық ғылым мен агробіліктілікті дамыту.

Әрбір міндет бойынша Ұлттық жобада нақты индикаторлар, шаралар және жауапты орындаушылар анықталған. 

«АӨК өнімдерін өндіру көлемін ұлғайту мақсатында жалпы республика бойынша бес жыл ішінде 4,5 трлн теңге сомасына 845 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда бұл инвестициялық жобалар өңірлердің әкімдіктерімен және инвесторлармен пысықталды. Тиісті жол карталарына қол қойылды, олардың аясында министрлік тұрақты негізде олардың іске асырылуына мониторинг пен бақылау жүргізеді», — деп атап өтті С. Омаров.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ұлттық жобаның басымдығы ет, жемістер, көкөністер, қант, дәнді, майлы дақылдар, сүт өнімдерін өндіру мен қайта өңдеуді қоса алғанда, ірі инвестициялық жобалардың айналасында 7 экожүйені қалыптастыру болады. Бұл қосылған құны жоғары түпкі қазақстандық өнімді құруға қатыса алатын кемінде 350 мың фермерлік және үй шаруашылықтарын тартуға мүмкіндік береді.

Экожүйелер өңірлік мамандануды ескере отырып, елдің барлық өңірлерінде құрылатын болады.

Ведомство басшысының айтуынша, ішкі нарықты әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен толықтыру міндеті аясында нақты инвестициялық жобалар анықталып, жүзеге асырылуда. Бұл жұмыс Үкімет пен министрліктің ерекше бақылауында.

«Алға қойылған мақсатқа қол жеткізу үшін бірқатар мемлекеттік қолдау шаралары, оның ішінде жеңілдетілген несие беру, субсидиялау, Жер ресурстары, инфрақұрылыммен, сондай-ақ ішкі нарықты қорғау шараларымен қамтамасыз ету бойынша шаралар іске асырылатын болады. Нәтижесінде 2024 жылға қарай құс еті, шұжық өнімдері, ірімшік және сүзбе, алма және балық бойынша қамтамасыз ету 100%-ды, ал қант бойынша 80%-ды құрайды», — деп атап өтті С. Омаров.

Жалпы ұлттық жобаны іске асыру нәтижесінде бес жыл ішінде еңбек өнімділігін 2,5 есеге арттыру, өңделген өнім экспортын 2 есеге ұлғайту, сондай-ақ салаға 4,5 трлн теңге инвестиция тарту жоспарланып отыр, бұл қосымша 500 мың адамды жұмыспен қамтамасыз етіп, 1 млн адамның табысын арттырады.

С. Омаров журналистердің азық-түлік қауіпсіздігіне жоғары баға және жақын және алыс шетелдерден көкөністер мен жемістердің үлкен импортына байланысты төнетін қауіп туралы сұрақтарына толық жауап берді.

Атап айтқанда, министрдің айтуынша, бүгінде елімізде мұндай қауіп жоқ және алаңдататын ештеңе жоқ. Ал жоғары бағалар мен импорт — бұл жыл сайынғы маусымдық құбылыс, мысалы, қазақстандық картоп әлі пісіп үлгермеген және елге Өзбекстаннан картоп әкелініп жатыр.

Сандарға жүгініп, министр елдегі картопты тұтыну 3 млн 693 мың тоннаны құрайтынын, ал ел 4 млн тонна өндіретінін айтты. Картоппен қамтамасыз ету 108,5% құрайды. Қызанақ бойынша тұтыну 962 мың тоннаны, ал өндіріс 933 мың тоннаны құрайды. Қамтамасыз етілуі 96,9%-ды құрайды. Барлық позициялар бойынша да осындай жағдай. Барлық өнімдер бойынша қамтамасыз етілу 80%-дан астамды құрайды.

«ФАО мәліметтері бойынша, егер өндірісі 80%-ды құраса, ел өзін толық өніммен қамтамасыз етеді деп есептеледі», — деп сендірді С. Омаров.

Бірақ, министрдің айтуынша, елімізде 6 өнім түрі бар, олар балық, құс еті, шұжық өнімдері, алма, ірімшік, сүзбе және қант, олар бойынша қамтамасыз етілу шамамен 56% -60%-ды құрайды, ал бұл 80%-дан аз.

«Олар бойынша бізде кешенді жоспар әзірленді, оған сәйкес ел 2024 жылға қарай өнімнің осы түрлерімен 100%-ға қамтамасыз етіледі. Тек қант бойынша 80% болады», — деді С. Омаров.

Көкөніс-жемістердің жоғары бағасы туралы сұраққа министр бұл делдалдардың сауда процесіне жоғары қатысуына байланысты деп жауап берді. С. Омаровтың айтуынша, қазіргі уақытта Сауда және интеграция министрлігі өндірушілер мен сатушыларға тікелей жұмыс істеуге мүмкіндік беретін КТО (көтерме-тарату орталықтары) құрылысын жүргізуде.

Ауыл шаруашылығы өнімдерінің ықтимал тапшылығы мен бағаның өсуіне байланысты министр бұл мәселе әр өңірде құрылған тұрақтандыру қорлары арқылы бақыланатынын атап өтті.

«Үкімет тұрақтандыру қорларына өнімді сатып алу сомасы 50 млрд теңгеге дейін ұлғайтылады деп шешім қабылдады. Бұл бағаны реттеуге мүмкіндік береді», — деді С. Омаров.

Сондай-ақ журналистерді биыл экспортқа қанша астық кететіні қызықтырды.

С. Омаров осыған байланысты Қазақстан өткен астықтан шамамен 5 млн тонна астық экспорттағанын хабарлады.

«Осы маркетингтік жылы 8 млн тонна астық экспорттау жоспарланып отыр. Келесі жылы шамамен осындай экспорт болады», — деп жауап берді С. Омаров.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу