14 Ақпан 2024, 20:00
Сәрсенбі, 14 ақпан күні, Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім министрліктерінің бірлескен кеңейтілген алқа мәжілісі өтті. Оның жұмысына ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова, Парламент депутаттары, салалық ведомстволар, білім басқармаларының басшылары, ұстаздар, сарапшылар мен саланың өзге де мамандары қатысты.
Алдымен өткен жылдың қорытындылары мен жаңа жылда атқарылатын шаралардың жоспарын оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев баяндады.
Еліміздің бас ұстазы мемлекет тарапынан білім саласына барынша қолдау көрсетіліп отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, өткен жылы білім саласына қарастырылған бюджет 1,4 есеге ұлғайып, 5 трлн теңгені құраған. Саладағы инфрақұрылымды дамыту бағытында да жұмыстар атқарылуда.
2023 жылы мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде 67 мың жаңа орын ашылып, 2-6 жастағы балаларды қамту 91%-ға дейін артты. Апатты және үш ауысымды мектеп мәселесін шешуге бағытталған 137 мың орындық жаңа 165 мектеп іске қосылып, 12 аптатты 29 үш ауысымды білім ошағының мәселесі шешімін тапты.
Сондай ақ еліміздегі 230 мектеп күрделі жөндеуден өтіп, 2100 мектеп жаңғыртылды. Оның 1008-і ауыл мектебі.
«Министрлік "Жайлы мектеп" ұлттық жобасын сапалы және уақтылы іске асыру мақсатында мектептерде эргономикалық, қауіпсіз орта құруды көздейтін барлық қажетті нормативтік құқықтық базаны әзірледі. Бұл мәселе біздің тұрақты бақылауымызда», — деді министр.
Елімізде қала мен ауыл арасындағы алшақтықты жою мақсатында былтырғы жылдан бастап «Ауыл мектебі – сапа алаңы» жобасы іске қосылды.
Жоба «Қазақстан халқына» қорының қолдауы және Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының ғылыми сүйемелдеуімен Ақтөбе облысында пилоттық режимде бастау алды. Нәтижесінде ауыл мектептерінің инфоқұрылымы жаңғыртылып, педагог кадрлар сапасы артуда. Биылдан бастап жоба барлық аймақтарға таратылатын болады.
Жоба аясында республикалық «Дарын» орталығы алғаш рет ауыл мектептерінің оқушылары арасында республикалық пән олимпиадасын ұйымдастырды. Бұл бастаманың арқасында жүлделі орын иеленген оқушылардың саны шамамен 8 есеге артты.
Министрдің сөзінше, техникалық және кәсіптік білім беруде студенттердің оқу шеберханаларынан нақты өндіріске «үздіксіз ауысуы» басым міндеттердің бірі.
«Бизнестің тікелей қолдауының арқасында 75 колледждің материалдық-техникалық базасы заманауи жабдықтармен жаңартылды. Жыл сайын мемлекеттік тапсырыс артып келеді. 2023 жылы техникалық мамандықтар бойынша қабылданған студенттердің үлесі 60%-ды құрады», — деді Ғани Бектайұлы.
Қауіпсіздік және балалардың құқықтарын қорғау – министрліктің ерекше бақылауында. 2023 жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік білім беру ұйымдарын ЖБО-ға қосылған бейнекамералармен, лицензияланған күзетпен, турникеттермен және дабыл түймелерімен жарақтандыру толығымен аяқталды. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасатын болады.
«Мектептегі тамақтануды ұйымдастыруға қойылатын талаптар заңнамалық түрде бекітілген. Бракераждық комиссиялар мен ведомствоаралық сараптамалық топтар қоғамдық бақылаудың рөлін күшейтті. Енді тамақтану рационы ғана емес, «жеткізушіден сақтауға дейінгі» технологиялық процесс бақылауда болады. Тамақтану сапасын одан әрі арттыру үшін отандық кәсіпкерлердің әлеуметтік жауапкершілігі маңызды», — деді Ғани Бейсембаев.
Оқу-ағарту министрі әрбір адам мектепке дейінгі тәрбиеден бастап 18 жыл бойы оқу-ағарту жүйесінде болатынын, сондықтан әр білім беру деңгейінде баланың бойында сұранысқа ие тиісті құзыреттіліктерді қалыптастыру басты міндет екенін атап өтті. Осы мақсатта кәсіби қауымдастық сарапшыларымен бірге «Баршаға қолжетімді сапалы білім» ұлттық баяндамасының жобасы әзірленді.
Атап айтқанда, мектепке дейінгі білім беруде «Балабақша – жайлылық пен даму аумағы» негізгі тәсіл болмақ.
Балабақшаға келмейтін балаларға ерекше көңіл бөлінеді. 3,5 мың мектепке дейінгі ұйымның базасында ата-аналарға арналған консультациялық пункттер құрылды. Бұл жұмыс балаларды мектепке дейінгі дайындықпен толық қамтуға дейін жалғасады.
«Ата-аналарға арналған мобильді қосымшаларды әзірлеу басталды. Барлық балабақшада мектепке дейінгі және бастауыш білім мазмұнын үйлестірудің жаңа тәсілдері қолданылатын болады. Бұл балаларды мектепке сапалы даярлауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Баланың жеке даму картасының негізінде оның жеке оқу траекториясы анықталып, бастауыш мектепке беріледі», — деді министр.
Сондай-ақ ол үздік балабақшалардың базасында құрылған 79 құзыреттілік орталығы білім беру округтерінің тірек ұйымдарына айналатынын жеткізді. Бұл тәжірибе барлық мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту жүйесіне таратылатын болады.
Бұдан бөлек алдағы уақытта өзін-өзі оқытудан бастап қажеттілік бойынша біліктілікті арттыру курстарына дейінгі педагогтерді даярлау және олардың әлеуетін арттыру бағытындағы бірлескен жұмыстар жоспарланып отыр.
Ғани Бейсембаев балабақша мен бастауыш мектептің қызметіндегі өзара сабақтастық пен үндестік орта білім беру сапасын арттыруда маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Оның айтуынша, халықаралық және ұлттық зерттеулердің нәтижелері ұтымды әрі пайдалы шешімдер қабылдауға мүмкіндік ашады.
Оқу-ағарту министрі баяндамасында орта білім беру сапасын арттырудағы 5 негізгі басымдықты атап өтті:
«Мектепте кез келген азамат өмірінің 11 жылын өткізеді. Бұл өмірлік дағдыларды қалыптастырудағы негізгі орта», — деді ол.
Ал техникалық және кәсіптік білім беруде ең алдымен түгендеу және колледждерді бейіндеу жұмыстары жүргізіледі.
Бейіндеу салалық кластерге сәйкес жүргізілетін болады (Оңтүстік - өнеркәсіп, HOREGA қызметтері; Оңтүстік және Шығыс - құрылыс, машина жасау; Солтүстік - ауыл шаруашылығы; Батыс - мұнай өндіру, қызмет көрсету және өңдеу).
«Бұл академиялық және өндірістік қуаттарды салалық колледждерге топтастыруға мүмкіндік береді. Жетекші колледждермен шағын контингенті бар ауылдық колледждерді біріктіру жалғастырылатын болады. Өңірлік экономиканың қажеттіліктерін ескере отырып, салалық құзыреттілік орталықтарының желісі кеңейтіледі. Олар студенттердің өндірістік практикасының, мамандарды қайта даярлаудың, микроквалификация алудың базасына айналады», — деп атап өтті министр.
Ғани Бейсембаев студенттердің кәсіпкерлік дағдыларын қолдау үшін – «идеядан» бастап өз ісін ашуға дейін және одан кейін жыл бойы сүйемелдейтін «Бизнес-стартап» орталықтарын құру бойынша жұмыс жалғасатынын жеткізді.
Мәселен, бұған дейін коледждер өздерінің тапқан табыстарын мүлдем пайдалана алмайтын. Бүгінгі таңда Парламент мемлекеттік колледждердің өз өндірісінің өнімін сатудан түскен кірістерді өз бетінше пайдалануы бойынша нормаларды қолдады.
«Аталған заңнамалық түзетулердің кәсіпкерлікті дамытуға серпін беруі күтілуде. Енді колледждердің шағын бизнес құруы және қосымша табыс табуы бойынша оң тәжірибелер көрініс бере бастайды», — деп сендірді министр.
Оқу ағарту министрі Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру мақсатында техникалық және кәсіптік білім жүйесін қаржыландырудың икемді моделі әзірленіп жатқанына, Ұлттық біліктілік жүйесінің цифрлық платформасымен интеграциялана отырып, Білім беру бағдарламаларының ұлттық портфелі әзірленетініне тоқталып өтті.
Министр баяндамасының соңында жүргізіліп жатқан жұмыстарды стратегиялық құжаттармен үндестіру мақсатында мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған Тұжырымдамасына енгізуді ұсынды.
Келесі боп сөз алған ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек 2023 жылдың жетістіктері мен биылғы жылы атқарылатын жұмыстардың негізгі бағыттары туралы баяндады.
2023 жылдың қорытындысы бойынша:
Саясат Нұрбектің сөзінше, халықтың демографиялық өсуі бюджеттің білім беруге жұмсалатын шығыстарын еселей түседі. Ол жоғары білімге қолжетімділікті сақтап, сапаны жақсарту үшін қаржыландырудың жаңа тетіктерін енгізу қажет деп санайды. Сондықтан екі бағыт қарастырылып отыр:
Деректерге сүйенсек, 2029 жылға қарай мектеп бітірушілердің саны екі есеге артады деп күтілуде. Бұл жоғары оқу орындарында оқу кабинеттері мен жатақхана тапшылығына әкеп соқтырады. Бүгінде заманауи инфрақұрылымды құру және зертханалық құралдарды жаңарту өзектілігі де артып келеді.
«Мәселені шешу мақсатында 20 жоғары оқу орнының базасында академиялық шеберлік орталықтарын құру, ҚазҰУ-град, ЕҰУ-град кампустарын салу, Қонаев қаласында академиялық қалашық құру жобалары жүзеге асырылуда. Жыл ішінде мүдделі мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп, жобаларды қаржылық қамтамасыз ету және жер телімдерін бөлу мәселесі пысықталатын болады», — деді Саясат Нұрбек.
Жылдық жоспар аясында биыл жатақханалар салынып, 10 мыңнан астам орын енгізу жоспарлануда.
«Жатақханалар құрылысына инвесторларды тартудың жаңа механизмі (30% мемлекет және 70% инвестор) ретінде бағдарламалық мемлекеттік жекеменшік әріптестік енгізу жұмыстары жүргізілуде. Мемлекеттік тапсырыс көлемін ұлғайтумен нақты көрсеткіштер мен талаптарды әзірлей отырып, жаңа тәсілдер ұлттық экономика министрлігімен келісілуде», — деді ол.
Ал, педагогикалық кадрларды даярлаудың сапасын арттыру үш бағыт бойынша жүзеге асырылады:
Мамандардың пікірінше, бүгінгі таңда инженерлік кадрларды теңгерімді дайындау керек. 2030 жылға қарай елде инженерлік-техникалық салада 460 мыңнан астам кадр қажет болады.
Ғылым және жоғары білім министрі баяндамасында инженерлік білім берудің жаңа моделіне көзқарас әзірленгенін жеткізді. Ол 4 бағытты көздейді.
«Кадрларды оқытудың бұл моделі түлектерге компаниялар мен кәсіпорындарда табысты жұмысқа орналасуға мүмкіндік береді», — деді министр.
Саясат Нұрбек Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру үшін ғалымдардың мәртебесін көтеру, кадрлық әлеуетті нығайту жұмыстары жүргізілгенін атап өтті.
2023-2025 жылдарға арналған ғылыми-технологиялық инфрақұрылымды – жоғары оқу орындарының жанындағы инженерлік орталықтар мен технопарктерді қалыптастыруға 16 млрд теңге бөлінді.
Қазіргі заманғы ғылыми жабдықтың 850 түрі сатып алынды, биыл күрделі шығындарға 2 млрд теңге қарастырылды, ғылыми жабдықтардың 14,3 пайызы жаңартылды, ғылыми ұйымдарды тікелей қаржыландыру енгізілді.
Сонымен қатар, ғылыми кадрларды (5 мың PhD докторына дейін) даярлау үшін жағдай жасауға, ғылыми қызметкерлерді әлеуметтік қамсыздандыру кепілдіктерін іске асыруға және әлеуметтік қолдау пакетін кеңейтуге – еңбекақыны арттыруға және ғылыми дәрежелер мен ғылыми атақтар үшін қосымша төлемдер (50 АЕК-ке дейін), жас ғалымдарды тұрғын үймен қамтамасыз ету («Отбасы Банкімен» пилоттық бағдарлама) және т.б. мәселелерге ерекше көңіл бөлінеді.
Жас ғалымдар мен постдокторанттарға 727 грант бөлінді. Жобалардың 27 пайызы коммерцияландырылған. Жеке қосалқы қаржыландыру үлесі 25 пайызды құрады.
2023-2025 жылдары аралығында ғылымға арналған жалпы бюджет 3,3 есеге өсіп, 643 млрд теңгені құрады. Ал, 2024-2026 жылдары 729,5 млрд теңге қарастырылып, тағы 13%-ға өсті.
«Бүгінгі күннің басты міндеті – ғылыми қызмет нәтижелерін іске асыруға және бизнесті белсенді тарта отырып, оларды коммерцияландыруға жеткізу. 2023-2025 жылдарға арналған коммерцияландыру жобалары үшін 62 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді», — деді Саясат Нұрбек.
Қос министрдің баяндамасын тыңдап болған соң, Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова сөз алды.
«"Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында биыл 461 мың орындық 217 мектеп салынбақ. Екі министрлік пен әкімдіктер құрылыстың аяқталғанын күтпей, алдағы қыркүйекке дейін осы мектептерде жұмыс істейтін сапалы мамандар даярлауға тиіс. Бұл – өте маңызды міндет. Жұмыс бүгіннен басталуы қажет», — деді Тамара Дүйсенова.
Вице-премьер жұмысқа шақырылатын педагогикалық жоғары оқу орындары түлектерінің әрқайсысы міндетті түрде мамандығы бойынша қызметке кірісу курсынан өтуі қажеттігін айтты.
Тамара Босымбекқызы білім беру сапасын арттыру үшін салалық министрліктер сарапшылар қауымымен бірге ауқымды жұмыс атқарып, Ұлттық баяндаманың жобасын әзірлегенін атап өтті. Ол білім беру саласындағы қызметкерлер және сарапшылармен талқыланып, қарастырылды.
«Баяндама сапалы білім беруге қатысты нақты шараларды ұсынумен шектелмейді. Онда әр мекеменің жұмысынан талап етілетін нақты нәтижелер мен KPI-лар белгіленді. Осыны негізге ала отырып, екі министрліктің Білім беруді дамыту тұжырымдамасына өзгеріс енгізу қажет деп санаймын. Баяндама білім беруді өз алдына дербес мекемелер жиынтығы емес, бірін-бірі толықтыратын көп деңгейлі жүйе ретінде қарастырады. Сондықтан қарастырылған жаңашылдықтар бірізді болып, балабақшадан бастап жоғары оқу орындарына дейінгі кезеңдерді қамтиды», — деп атап өтті Тамара Дүйсенова.
Кеңейтілген алқа мәжілісінде вице-премьер мұғалім тапшылығы мәселесіне де ерекше тоқталып өтті.
«Әрине, білім сапасы бірінші кезекте мұғалімге байланысты. Сондықтан кадрларды даярлау және оларды кәсіби тұрғыда дамыту мәселелері де маңызды. Екі министрлік бірлесіп, педагогтарды даярлау жүйесін жетілдіру жағын ойластыруға және оларды даярлайтын білім беру бағдарламаларының сапасын бірге бағалауға тиіс. Білім беру бағдарламалары пәнді оқытуды ғана емес 21 ғасырдың талабына сай балалардың бойында сындарлы, жүйелі ойлау дағдыларын қалыптастыру әдістемесін де қарастыруы қажет. Болашақ мұғалімдердің негізгі кәсіби білімі және олардың әдістемесі уақыт талабына сай болуы керек» , — деп атап өтті Тамара Дүйсенова.
Сондай-ақ білім беру саласын цифрландыру мәселесі де назарға алынды.
#Білім беру #Тамара Дүйсенова #ҚР Оқу-ағарту министрлігі #ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі«Білім беруді цифрландыру жұмысын жеделдету керек. Сапалы интерактивті оқыту контенті бар цифрлық платформалар барлық білім алушыларға тұрақты қолжетімді болуын қамтамасыз етуге тиіспіз. «Ғылым және технология саясаты туралы» Заң жобасы аясында ғылымды басқарудың жаңа моделінің негізгі элементтерін енгізу жұмысын жалғастыру маңызды. Қазір ғалымдарды әлеуметтік қолдауға, олардың тұрғын үй мәселесін шешуге, үстемеақы белгілеуге және жалақыны көбейтуге қатысты жұмыс жүргізілуде. Қорыта айтқанда, министрліктердің басты міндеті – ел экономикасын өсіретін негізгі қозғаушы күш – сапалы адам капиталын қалыптастырып, дамыту», — деп қорытындылады Премьер-Министрдің орынбасары.
Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу