Үкімет отырысына шолу: әлеуметтік маңызды мәселелер қалай түсіндірілді

Министрлер кабинетінің кезекті отырысы Елбасының «қарапайым заттар экономикасын дамытуды ынталандыру», қаржылай және қаржылық емес қолдау көрсету шаралары арқылы бизнесті дамыту және бизнес қауымдастықпен бірлескен әлеуметтік жобалар арқылы «Әлеуметтік қамқорлық» бастамасын орындау жөніндегі тапсырмаларын іске асыруға арналды.

Үкімет кулуарында халық қызығушылық танытатын мәселелерді түсіндіру жұмыстары жалғастырылды. Сондай-ақ, баспасөз орталығында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б. Сапарбаев БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.

Кәсіпкерлікті дамыту Үкімет жұмысының маңызды басымдықтарының бірі — А. Мамин

«Бизнестің жол картасы–2020» іске асыру барысы туралы ұлттық экономика министрі Р. Дәленов, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Р. Скляр, ауыл шаруашылығы министрі С. Омаров, сондай-ақ «Атамекен» ҰКП төрағасы А. Мырзахметов баяндады.

ШОБ дамыту қарқыны бойынша артта қалушылық себептері туралы Батыс Қазақстан облысының әкімі А. Көлгінов және Павлодар облысының әкімі Б. Бақауов баяндады.

Мәселені талқылау қорытындысы бойынша ҚР Премьер-Министрі А. Мамин «кәсіпкерлікті дамыту – Үкімет жұмысының аса маңызды басымдықтарының бірі» екенін айтты. Шағын және орта бизнестің рөлін күшейтіп, оның ел экономикасындағы үлесін 2025 жылға қарай 35%-ға дейін жеткізу міндеті тұр.

«Бағдарламаны іске асыруға 2019 жылы 71,8 млрд теңге бөлінді», — деді Асқар Мамин.

Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуда Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының, Атырау және Қостанай облыстарының жақсы нәтижелерге қол жеткізгені айтылды. Үкімет басшысы артта қалып қойған өңірлерге, соның ішінде, Үкімет отырысында баяндама жасаған облыстарға осы бағыттардағы жұмысты жандандыруды тапсырды.

 

«Қарапайым заттар экономикасы» жобалары — ШОБ дамыту құралдары

Премьер-Министр бірқатар нақты міндеттер қойды: Елбасының тапсырмасы бойынша «қарапайым заттар экономикасының» басым жобаларын несиелендіруге бөлінген 600 млрд теңге қаражаттың игерілу қарқынын өсіру және қатаң бақылау, ШОБ жобаларына субсидия беру мен кепілдендіруге қосымша қаражат бөлу, бизнес мектепте оқыту тиімділігін арттыру.

«Жоғарыда аталған барлық мәселелер бойынша бағдарламаны іске асыру үшін шұғыл шаралар қабылдау қажет», — деп ҚР Премьер-Министрі А. Мамин, Бизнестің жол картасы бағдарламасының 2020 жылдан 2025 жылға дейінгі келесі кезеңін әзірлеп, бекітуді тапсырды.

 

Үкімет пен бизнестің ортақ міндеті — күрделі өмір жағдайларына тап болған азаматтарды қолдау

Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» бастамасын іске асыру аясындағы әлеуметтік жобалар туралы ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б. Сапарбаев баяндады.

Азаматтардың әлеуметтік осал топтарын қолдау, соның ішінде бизнес қауымдастықпен бірлескен жобалар аясында атқарылып жатқан қолдау шаралары туралы «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы А. Есімов, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы А. Мырзахметов, Қызылорда облысының әкімі Қ. Көшербаев, Қостанай облысының әкімі А. Мұхамбетов баяндады.

Қызылорда облысында «Баламекен» жобасының іске асырылуы туралы Болат Өтемұратов қорының директоры М. Айтмағамбетов, Маңғыстау облысында «Үш күн ішінде бизнес ашу» жобасы туралы бастамашысы А. Нұрланова жан-жақты баяндап берді.

Үкімет отырысының қорытындысы бойынша, ҚР Премьер-Министрі ірі бизнесмендердің әлеуметтік жобаларға өз қаражаты есебінен қатысуын атап өтіп, бизнес-бастамаларды дамыту, өзінің жеке ісін ашу тәжірибесін көпшілікке тарату керек екенін айтты.

«Азаматтар мұқтаж жандарға көмек тек мемлекеттен ғана емес, бизнес қоғамдастығынан да келіп жатқанын білуі керек. Біздің ортақ міндетіміз – азаматтарға өмірде өздері тап болған қиын жағдайдан шығуға көмек көрсету», — деді ҚР Премьер-Министрі.

Әлеуметтік мәселелер бойынша бизнестің қызықты идеялары мен ұсыныстары бар, олар Үкіметпен бірігіп іске асырылуы қажет. Сондықтан, өңірлердің әкімдеріне осындай бастамаларды белсенді түрде қолдау тапсырылды.

Министрлер кабинетінің басшысы кәсіпорындардың басшыларын өз жұмыскерлерінің проблемаларына, соның ішінде тұрғын үй проблемаларына назар аударуға шақырды.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне атаулы әлеуметтік көмек алатын еңбек жасындағы адамдарды жұмысқа орналастыру, оқыту және қайта оқыту мәселесін ерекше бақылауға алу тапсырылды.

«Оларды барынша жұмыспен қамту қажет», — деп ҚР Премьер-Министрі, бұл жұмысқа «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы да атсалысуы қажет екенін айтты.

Отырыс аяқталғаннан кейін Үкімет кулуарында журналистердің Түркістан және Ақтөбе облыстарында балықтардың өлу себептері туралы сұрақтарына ҚР АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төраға орынбасарының м.а. Н. Жүнісов жауап берді.

Оның айтуынша, қазіргі таңда Түркістан облысындағы Қошқар ата өзенінің балықтарының өлу себептері анықталуда. Аймақтық бөлімшелерден, экологтардан және басқа мүдделі органдардан құрлаған комиссия жұмыс істеп жатыр.

«Тиісті орындардағы судың, өлі балықтардың, топырақтың және ауаның сынамалары алынған. Балықтардың өлу себептері туралы зерттеу жұмыстары аяқталғаннан кейін қорытындылары хабарланады», — деді ол.

Ұлттық экономика министрі Р. Дәленов бұқаралық ақпарат құралдарының азық-түлік бағаларының ағымдағы жағдайына қатысты сұрақтарға жауап берді.

«Қырыққабатқа қатысты жағдай жалпы әлемдік үрдіс. Егер сайтты ашсаңыз келесі жаңалықтарды көресіз: «Ыстамбұл сауда биржасының ең қымбат өнімі – қырыққабат». Бүкіл әлемде күтпеген жерден қырыққабаттың бағасы көтерілді. Шынында да, кіру бағасы қымбаттады», — деді Р. Дәленов.

Министр баға өсіру туралы келісім болмағанын айтты.

«Мерекелерге орай бағаны көтеру туралы ешқандай да келісім болған жоқ. Бұл әлемдік үрдіс және маусымдық тапшылық болды», — деді Р. Дәленов.  

Сонымен қатар, ұлттық экономика министрі кезектен тыс президенттік сайлауды қаржыландыру мәселесіне тоқталды.

«Бюджет, әрине, қаражат қарастырылмаған. Бюджетте барлық жоспарланған шараларға қаражат қарастырылған. Биыл сайлау өткізу жоспарланбағандықтан, қаражат қарастырылмады. Алайда шұғыл шығыстар қаржыландырылатын Үкімет қоры бар. Қажет болған жағдайда біз қаржыландырамыз», — деп түсіндірді Р. Дәленов.

Энергетика министрі Қ. Бозымбаев ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мәскеуге сапары барысында айтылған «атом электр станциясы құрылысы туралы» ақпаратқа түсініктеме берді.

«Соңғы 7-8 жылда Қазақстанда станцияның ықтимал құрылысы бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Бүгінде біз ТЭН бөлігі (техникалық-экономикалық негіздеме) әзірленген кезеңде тұрмыз. Осыған сәйкес, бес елдегі компанияларға технологиялық және коммерциялық, экономикалық параметрлер бойынша техникалық-экономикалық ұсыныстар беру үшін хаттар жіберілді. Бұл – АҚШ, Франция, Корея, Қытай және Ресей елдері», — деп түсіндірді Қ. Бозымбаев.

Министр Қазақстанда АЭС құрылысы туралы ешқандай шешім қабылданған жоқ екенін нақтылады. Сұрақ зерделену сатысында тұр.

Қ. Бозымбаев Шымкентте ірі бу-газ қондырғысын салу, Алматы қаласындағы ЖЭО-2-ні модернизациялау күтілуде деп атап өтті. Сонымен қатар бірқатар гидроэлектр станцияларының құрылысы жоспарлануда.

Бұдан өзге, Энергетика министрлігінің басшысы электр қуаты болжамына сәйкес 2030 жылға қарай жаңа жобалар енгізілмеген жағдайда Қазақстанда электр қуатының тапшылығы орын алуы ықтимал екенін айтты.

«Сондықтан да 2030 жылға қарай қандай да бір қуаттылықты салу қажет болады. Егер Үкімет АЭС салу туралы шешім қабылдаса, онда ол халықпен қоғамдық тыңдаулар жүргізу арқылы тиісті консультациялардан кейін ғана жариялы, айқын түрде қабылданады», — деді министр.

Баспасөз-конференциясында журналистер алдында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б. Сапарбаев сөз сөйлеп, атаулы әлеуметтік көмек тағайындау туралы өзекті мәселелерді түсіндірді.

«ТДК 42» және «Алматы» телеарналарының тілшілері министрге атаулы әлеуметтік көмекті белгілеудің негізгі шарттарының бірі ретінде тұрғылықты жері бойынша тұрақты немесе уақытша тіркеуінің болуы қажеттігі туралы сұрақ қойды.

«АӘК белгілеу үшін тұрақты тіркеуінің болуы тиіс. Егер азамат соңғы бес жылда мысалы, Нұр-Сұлтан қаласында тұрып жатса, және оның тіркеуі болмаса, онда бұл азаматты жұмыспен қамту орталықтары арқылы уақытша тіркеуге болады. Нұр-Сұлтан қаласында әлеуметтік бейімдеу орталықтары бар. Әкімдік оларды сол жерде уақытша тіркеу туралы шешім қабылдады. Тек содан кейін жұмыспен қамту орталықтары АӘК белгілеу үшін олардың құжаттарын қабылдап алады және табыстарына орай оларға АӘК тағайындалады», — деп нақтылады Б. Сапарбаев.

Б. Сапарбаев Tengrinews.kz ақпараттық агенттігінің тілшісінің АӘК белгілеуге құжаттарды қабылдау басталғалы бері жұмыспен қамту орталықтарындағы үлкен кезектерге қатысты қойған сұрағына түсініктеме беріп өтті.

«Нұр-Сұлтан қаласындағы жұмыспен қамту орталықтарына мен өзім бардым. Өкінішке орай, алғашқы күндері, әсіресе, бірінші онкүндікте кезек болды. Біз барлығына бірден бару қажет еместігін бірнеше рет түсіндірген едік. Көмекті белгілеу мен құжаттарды қабылдау ай бойы жүргізіледі, ол құжаттардың қай күні тапсырылғанына байланысты болмайды», — деді Б. Сапарбаев.

Ол Халықты жұмыспен қамту орталықтарының қызметкерлері арасында да АӘК белгілеудің жаңа ережелерін түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты.

«Өкінішке орай, ондай мамандар бар (еск. – қажетсіз құжаттарды талап ететін). Біз оларға бірнеше рет тек жеке куәлік қана қажет екенін айттық. Аралау кезінде біз осындай сәттерді байқап, жұмыспен қамту орталықтарының басшыларына, әкімдіктерге қажетсіз құжаттарды талап етпеуілері үшін тапсырмалар бердік», — деп қосты министр.

«Интерфакс-Қазақстан» тілшісі министрге көп балалы отбасы мәртебесі туралы заңнамалық актілер әзірлеуге қатысты сауал қойды. 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап 5 бала тәрбиелеп отырған отбасы көп балалы деп саналды, енді 4 немесе одан көп бала тәрбиелеп отырған отбасы көп балалы деп танылатын норма қайта қалпына келтірілді.

Сонымен қатар, Б. Сапарбаев биылғы 1 сәуірден бастап Қазақстанда жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмекті (АӘК) алуға көп балалы ғана емес, аз қамтылған отбасылар да үміткер бола алатынын айтты, яғни, отбасының әрбір мүшесіне шаққанда табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ынан аспауы тиіс.

«Время» газетінің тілшісі Б. Сапарбаевтан көп балалы отбасыларды оларға қажетті көмекті анықтау үшін аралайтын әлеуметтік қызметтерге қатысты мәселеге түсініктеме беруді сұрады. Журналистің пікірінше, аталған қызметтердің жұмысшылары атаулы әлеуметтік көмекті бермеудің себебін іздейтін секілді.

Б. Сапарбаев АӘК алу үшін азаматтарға қосымша ешқандай шектеулер қойылмайтынын атап айтты.

«АӘК белгілеуге рұқсат бермеудің түрлі себептері туралы хабарламаларға келер болсақ, осындай отбасылар өздеріне тиістісін алады. Кірістер мен шығыстардың белгілі бір нормалары бар, жергілікті атқарушы органдар жеке қосалқы шаруашылықтан түсетін кірістердің бар-жоғын ескереді. Комиссия отбасының табысы бар-жоқтығын немесе оны есепке алу-алмау туралы шешім қабылдайды. Бұдан өзге, АӘК есептеу, сонымен бірге басқа да әлеуметтік мәселелерге байланысты әртүрлі туындайтын мәселелерді шешу үшін біз өз қызметкерлерімізді халықты жұмыспен қамту орталықтарына отырғыздық, олар азаматтарға қажетті кеңестер мен түсініктемелер береді», — деді министр.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу