Alibaba, Amazon, Mundus Agri — Қазақстанның электрондық саудасы кеңеюде

COVID-19 вирусынан туындаған пандемияға дейін Қазақстанда отандық сауданың ішкі және шетелдік интернет-алаңдарға шығу жолдары пысықталды. Елдегі электронды сауданың өзі 2000 жылдары алғашқы интернет-дүкендердің ашылуынан бастау алады. Соған қарамастан, ол соңғы бірнеше жыл ішінде жаппай кеңінен қолданыла бастады.

Пандемия мен карантиндік шаралар қазақстандық, сонымен қатар әлемдік экономиканы да сауда қатынастарының басым бөлігінің электрондық түрге көшуіне итермеледі. Қазақстандық сауданың электрондық алаңдарға көшуі қалай өтті және 2020 жылы негізгі сауда интернет-алаңдарын нығайту және кеңейту кезеңі қалай аяқталды, бұдан әрі PrimeMinister.kz шолу материалынан оқыңыздар.

Сандармен айтар болсақ, 2020 жылы бөлшек сауданың жалпы көлеміндегі электрондық сауданың үлесі 1,1 трлн тг белгісінен асып түсті (1 019 млрд тг – ішкі интернет-алаңдар, 144 млрд тг – шетелдік интернет-алаңдар) және жалпы бөлшек тауар айналымының 9,7%-ын құрады (11,6 трлн тг).

Интернеттегі сатып алушылар саны 20%-ға жуық өсіп, 2019 жылғы 3,2 млн сатып алушымен салыстырғанда 3,8 млн белсенді сатып алушыны құрады. Бүгінде нарықта 650-ге жуық интернет-дүкен жұмыс істейді.

Салыстырып қарасақ, 2018 жылы электрондық сауда нарығының көлемі 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2 есеге ұлғайды (2017 жылы 174 млрд теңге) және халықаралық электрондық алаңдарды ескере отырып, 269 млрд теңгені құрады. 2018 жылы бөлшек тауар айналымының жалпы көлемінде электрондық сауданың үлесі 2,9%-ды құрады.

Alibaba.com және отандық тауар өндірушілердің халықаралық сауда алаңдарына шығуы

Қазақстанда отандық тауар өндірушілерді халықаралық сауда алаңдарына шығару бойынша жоспарлы жұмыс жүргізілуде, атап айтсақ көбіне Alibaba.com-ға шығып жатыр. 2020 жылдың қорытындысы бойынша 100 компания осы платформада «Алтын жеткізуші» аккаунтын алды, оның ішінде 71 компанияда әрекет етіп тұрған аккаунт қалды. Кәсіпорындарға берілген көмектің арқасында $18,1 млн сомасына отандық өнім сатылды, 4 000-нан астам қазақстандық тауар сауда алаңында орналастырылды.

«Қазіргі таңда 50 компания (іріктеу 2020 жылдың қараша айында өткізілді) «жетілу» сатысында тұр, өнімді әлеуетті сатып алушылармен келіссөздер жүргізілуде, өнімнің сынамалы партиялары жіберілуде. Оң тәжірибеге сүйене отырып, биыл іске асыру жоспарланып отырған 3-кезеңді және платформаға қосымша 50 компанияны шығаруды ескере отырып, экспорттық жеткізілімдердің жиынтық көлемін 2022 жылдың ортасында $50-дан 100 млн-ға дейін ұлғайтуға болады деп болжануда», — деді «QazTrade» қазақстандық сауданы дамыту орталығы» АҚ бас директоры Азамат Асқарұлы.

Amazon қолжетімді болды

Осы жылдың мамыр айынан бастап Қазақстан әлемдегі ең ірі Amazon электрондық коммерция платформаларының бірінде «рұқсат етілген» тізіміне енгізілді.

«Біздің кәсіпкерлер үшін Amazon-ға кірудің басты проблемасы рұқсат етілген елдердің қатарында болу қажеттілігі болды: яғни осы елдерде алаңда барлық операцияларды жүргізу үшін заңды тұлға мен банктік шот ашу. Қазіргі таңда бұл кедергілер жойылды. Қазақстандық кәсіпкерлер төлемді тікелей қазақстандық банктер арқылы ала алады және сауда жасай алады – Қазақстанды енді сатушы елдердің тізімінен табуға болады. Бұл Электрондық коммерция мен қазақстандық тауарларды экспорттау көкжиегін кеңейтудің кезекті сәтті қадамы, себебі Amazon – ең танымал алаңдардың бірі. Amazon-ның шағын және орта бизнеске жол ашатыны өте маңызды – барлық бөлшек сауда орындарының 60%-ын 1,9 млн шағын және орта бизнес құрайды», — деді «QazTrade» қазақстандық сауданы дамыту орталығы» АҚ бас директоры Азамат Асқарұлы. 

Әлемнің 200-ден астам елінде және аумағында жүздеген миллион белсенді клиенттері бар. Оның үстіне, тек 188 елдің сатушылары тіркелген. Өткен жылы Amazon-ның таза сатылымы $386,1 млрд құрады.

Ресейлік Ozon алаңында

Ресейлік e-commerce алыбы – бұл тұрақты сатып алушылардың 16 млн-дық базасы және 80 млн астам ай сайынғы пайдаланушылар. Маркетплейсте киім мен азық-түліктен бастап балалар тауарлары мен косметикаға дейін 20 түрлі санаттағы тауарлар ұсынылған, бұл қазақстандық кәсіпкерлер үшін үлкен әлеуеттің барын білдіреді.

Енді кез келген қазақстандық өндіруші осы әмбебап алаңда өз тауарын ұсына алады. Қазақстандық тауарлар: аяқ киім, зергерлік бұйымдар және ауыл шаруашылығы өнімдері бұған дейін де Ozon-да ұсынылған болатын. Алайда, біздің компаниялар Ресей Федерациясының аумағында филиалдар ашуға мәжбүр болды, бұл бизнес үшін өте ыңғайсыз және қымбатқа түсетін.

«Логистиканы жетілдіру жергілікті бизнестің Ozon-ға шығуына ықпал етті: енді қазақстандық кәсіпкерлер Ресейге тауарларды тікелей клиентке өздері немесе сырттан тасымалдаушылардың көмегімен жеткізе алады. Жақын арада Ozon сондай-ақ қазақстандық бизнестің тауарларын Ресейге тасымалдайтын серіктес-логистердің тізімін ұсынады. Сондай-ақ, қазір Ресей мен басқа да өңірлерге жеткізу үшін отандық тауарларды қоймалау мүмкіндігі пысықталуда», — деді деді «QazTrade» қазақстандық сауданы дамыту орталығы» АҚ бас директоры Азамат Асқарұлы.

ҚР сауда және интеграция министрлігі басқа да маркетплейстермен келіссөздерді жалғастыруда. Міндет – қазақстандық өндірушілер үшін түрлі сауда алаңдарына қолжетімділікті барынша жеңілдету.

Олардың арасында ауыл шаруашылығы өнімдерінің электрондық саудасы, әлемдік аграрлық азық-түлік және ауыл шаруашылығы нарығындағы бірегей ақпараттық-сауда платформасы болып табылатын Mundus Agri алаңына шығу мәселесі де бар.

 

Электрондық саудада ақпараттық алаң өте маңызды

2020 жылғы тәжірибе көрсеткендей, компаниялар үшін үлкен қиындықтардың бірі – олардың сыртқы экономикалық қызметті жүргізудің қолда бар мүмкіндіктері туралы білмеуі. Компаниялардың шамамен 20%-ы уақытылы ақпарат алу қажеттілігін атап өтті. Осыған байланысты, Үкімет халықаралық электрондық коммерцияның әлеуетті қатысушыларын ақпараттық сүйемелдеу бойынша проактивті жұмыс жүргізіп жатыр.

Ақпараттандыру ресми арналар (портал, телеграмм-арналар, салалық чаттар) арқылы жүргізіледі.

«Бизнес-құрылымдарды ақпараттық қолдау аясында Амазон, Ракутен, ТрейдКи, ГлобалСорс және бірқатар ресейлік маркетплейстерді қоса алғанда, ірі халықаралық электрондық сауда алаңдарына 6 егжей-тегжейлі шолу жасалды. Сатып алушылар мен сатушыларды біріктіретін News Community сауда платформасы қатысушыларға нарықтың негізгі жаңалықтарын, баспасөз хабарламаларын және негізделген шешімдер қабылдау үшін анықтамалық ақпаратты ұсынады. Бұдан өзге Халықаралық сауда орталығы мен ЕО-мен бірлесіп, бүгінде елде Орталық Азиядағы ішкі – өңірлік және халықаралық сауданы қолдау жөніндегі «Ready4Trade Central Asia» ұзақ мерзімді жобасы іске асырылуда», — деді деді «QazTrade» қазақстандық сауданы дамыту орталығы» АҚ бас директоры Азамат Асқарұлы.

Аталған жобаның бірінші модулі аясында онлайн-сауданы жүргізу бойынша ШОБ оқыту мәселелерімен айналысатын 9 ұлттық бизнес-тренер оқытылды. Тоқыма, тігін ісі, қолөнер және агробизнес саласында жұмыс істейтін шағын және орта бизнестің 45 өкілі іріктеліп алынды. Сондай-ақ қазіргі уақытта екінші модульге дайындық жұмыстары жүргізілуде, ол 2022 жылғы мамырға дейін жалғасады.

Осы жобаны іске асырудың арқасында өз бизнесін онлайн-ортада белсенді жүргізетін отандық кәсіпорындар пулын қалыптастыру көзделіп отыр.

Көптеген студенттерді электрондық коммерция негіздеріне оқыту мақсатында ҚР Сауда және интеграция министрлігі биыл онлайн-бизнестің түрлі табысты кәсіпкерлерімен материалдар, бейне-сабақтар, сұхбаттардан тұратын оқыту модулін іске қосуды жоспарлап отыр.

ШОБ субъектілерін онлайн режимге көшуге ынталандыру үшін әлемнің дамыған елдерінде, мысалы, Сингапурда табысты қолданылатын әлемдік тәжірибеге сәйкес келетін онлайн-дүкен құруға ШОБ шығындарын өтеу шарасы ұсынылады. Сондай-ақ Қазақстанда тауарлармен электрондық сауда субъектілерінің табыс салығынан босату түрінде салық жеңілдігін алу үшін салық заңнамасының талаптарын жеңілдету мәселесі көтерілуде.

Бүгінгі таңда ҚР сауда министрлігі инвесторлар тарапынан фулфилмент-орталықтар құру бойынша бірқатар ұсыныстар алуда. «Қазпошта» АҚ-мен бірлесіп, 2025 жылға қарай еліміздің барлық өңірінде тағы 16 фулфилмент-орталықтың жұмысын іске қосу көзделген. Осы іс-шараны орындау үшін «Қазпошта» АҚ 2020 жылы Қазақстан Республикасында электрондық коммерцияны дамыту шеңберінде семинарлар өткізу жоспарын бекітті. Аталған іс-шара отандық кәсіпкерлерді электрондық саудаға тартуға бағытталған. 2020 жылы «Интернет-дүкен: қалай құру керек және қандай құралдармен ілгерілету керек. Экспорт, цифрлық сауда мектебі» тақырыбында Алматы (екі рет), Атырау, Тараз, Қызылорда және Орал қалаларында 706 адам оқытылған іс-шара өткізілді.

2020 жылдың наурызынан бастап елімізде карантин режимінің енгізілуіне байланысты Қазақстан Республикасының өңірлерінде семинарлар өткізу тоқтатылды. Осыған байланысты, бекітілген кестеге сәйкес жоспарланған 30 семинардың орнына 2020 жылғы наурыз-желтоқсан аралығында 4 вебинар өткізілді, онда 2 916 тыңдаушы оқытылды. Барлығы 3 622 тыңдаушы оқытылды, жоспарланғаны – 3 600.

 

Made in Kazakhstan бренді деген не?

Немесе аздап экспорт мәселесіне тоқталсақ

Сыншылар мен скептиктер Қазақстан нені саудалай алады деген сұрақ қоюы мүмкін. Тек импорт, ал экспортқа тек мұнайды ғана шығара аламыз дейді.  

Сандарға тоқталайық: өткен жылы қазақстандық өндірушілердің шетелге сатқан тауарларының тізімі 4,6 мыңнан асты.

ҚР сауда және интеграция министрі Б. Сұлтановтың айтуынша, елімізде өндірілген өнімнің 4600-ден астам түрін Ресей, Қытай, Араб Әмірліктері, Бразилия, Австралия, Канада, Сингапур, ОАР сатып алушылары алған... Біздің экспортымыздың географиясы бүкіл әлемді қамтиды. Біз тек мұнайды ғана емес, өңделген тауарларды да сатамыз. Кейбіреулерінде өңдеу дәрежесі терең, ал басқаларында – көп емес. Бірақ олардың барлығы шикізат емес, әлемде made in KZ брендімен белгілі дайын тауарлар.

Мысалы, біздің кәсіпкерлер Канадаға гидравликалық жүк крандарын, балық филесін жібереді. Иә, мұхиттармен қоршалған Канадаға қазақстандық өзен балығы филесі, сондай-ақ мұнай өнеркәсібінде қолданылатын құбырлар жіберіледі. Францияға Қазақстан авиация өнеркәсібіне арналған тікұшақтардың бөлшектері мен өлшеу құралдарын экспорттайды.

Нидерландыға теңізде қолданылатын жер снарядтары, Грецияға қадаларды қағуға және алуға арналған жабдық, ал Швейцарияға дәрілік заттар экспортталады. Алжир Қазақстаннан қуат сорғыларын, мойынтіректер мен гайка кілттеріне арналған бастиектерді сатып алады. Аргентина Қазақстаннан арматура, Ирландия бұрғылау жабдықтары мен гидравликалық қондырғылардың бөлшектерін импорттайды.

Сонымен қатар қоспаланбаған алюминий, металл прокаты, мыс, ферросилиций, қорғасын, феррохром, фосфор, күкірт жөнелтіледі. Сұйытылған бутан мен пропан ондаған елде үлкен сұранысқа ие. Өткен жылдың өзінде ел сұйытылған газды шамамен $600 млн экспорттады. Аминқышқылдары, нуклеин қышқылдары мен тұздары, глюконий қышқылы – осының бәрін Қазақстан сатады.

Сигареттер, газдалған сусындар, аккумуляторлар, локомотивтер, автомобильдер, тұрмыстық химия, тамақ өнеркәсібінің өнімдері, кондитерлік өнімдер, киім, автохимия…

Министрдің айтуынша, Нұр-Сұлтанда шағын компания бар, онда 10-ға жуық адам жұмыс істейді, бірақ олар Өзбекстан мен Вьетнамға парашют экспорттаумен айналысады. Кішкентай қораптарға салынған біздің жылыжайларымыздағы қара өрік пен таңқурай Араб Әмірліктерінің дүкендерінде сатылады.

Сантехника тек қана импортталады, ал Қазақстан бұл ретте раковиналарды, унитаздарды, себезгі кабиналарын экспорттайды деген стереотипті түсінік бар. Барлығы – отандық өндіріс тауарлары — зауыт Қарағанды облысында орналасқан және Орталық Азиядағы жалғыз зауыт. Оның барлық өнімдері еуропалық технологиялар бойынша жасалған. Айтпақшы, Coca-Cola бөтелкелеріне арналған қақпақ Қазақстанда өндіріліп, экспортқа жіберіледі.

Alibaba-да қазақстандық тауарлардың 4000 түрі сатылады. Онда тіпті Алматыда өндірілетін, мысықтар мен иттерге арналған дәрумендерді де сатып алуға болады. Диета сақтайтындарға арналған жержаңғақ батончигі, жібек орамалдар, мақта футболкалары, курткалар және көзілдірікті тазартатын майлықтар да шығарылады.

Қазақстанда өнімнің көптеген түрлері өндіріледі және экспортталады. Еліміз біртіндеп жаһандық өндірістік және сауда тізбектеріне кірігуде. Біздің тауарлардың басқа континенттерде сұранысқа ие болуы таңдалған саясаттың дұрыстығын көрсетеді.

Еліміздің барлық құрылыстарында отандық өндірістің цементі пайдаланылады, дүкендерде отандық өндірістің жеңіл өнеркәсібінің өнімдері, қазақстандықтардың үйлері мен пәтерлерінде – жергілікті өндірістің жиһаздары, азық-түлік тауарлары туралы айтпағанда, тұрмыстық және автохимия сатылуда. 

«Басқа елдердің өнімдерімен жоғары бәсекелестіктің бары рас. Бірақ ол тек қазақстандық тауарларды одан әрі жақсартуға және жергілікті, сондай-ақ шетелдік тұтынушылардың сұранысына ие болуға ынталандырады. Сауда және интеграция министрлігі отандық тауарлардың сапасын арттыруға күш салуда – біздің бизнесіміз ішкі және сыртқы нарықтарда өзін жайлы сезінуі қажет», — деді деді «QazTrade» қазақстандық сауданы дамыту орталығы» АҚ бас директоры Азамат Асқарұлы.

Электрондық сауда идеясын ілгерілетуде «Атамекен» ҰКП белсенді позицияға ие

«Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында (бұдан әрі – «Еңбек» МБ) «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытуға бағытталған «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағыты бар екені белгілі.

«Бастау Бизнес» жобасының оқыту бағдарламасы 12 модульден тұрады. 11 «Бизнеске арналған электрондық қызметтер» модулі «Электрондық коммерция» бөлімін (satu.kz, olx.kz), сондай-ақ www.mp.kz, www.skс.kz электрондық алаңдарЫНдағы тендерлермен жұмысты қамтиды. Қазіргі уақытта «Бастау Бизнес» жобасының операторы – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі. «Атамекен» ҚР ҰКП – оқыту операторы.

Карантин жағдайында бизнесті дамыту үшін бағдарламада электрондық сауда алаңдарында, интернет-дүкендерде және www.ebay.com, www.etsy.com, www.amazon.com және т. б. маркет плейстерде жұмыс істеу туралы білім алу қарастырылған. Мақсаты – жаңа бастаған кәсіпкерлерді қазіргі эпидемиологиялық жағдайда өз бизнесін бейімдеуге және www.ebay.com және www.etsy.com секілді әртүрлі онлайн алаңдарда тауар сатуға үйрету. 

2020 жылы 33 183 адам оқудан өтті, 14 397 қазақстандық өз бизнесін ашты. Жалпы, жүргізіліп жатқан жұмыстың нәтижесі электрондық сауда үлесін 15%-ға дейін арттыру, белсенді онлайн сатып алушылар санын 7,7 млн адамға дейін ұлғайту болады деп болжануда.

Қазақстандық өңделген тауарларды экспорттаушыларға 2021 жылы 3,5 млрд теңгеден астам қаражат өтелді

Жыл басынан Ведомствоаралық комиссияның (ВАК) он төрт отырысы өткізіліп, 89 субъектіден жалпы сомасы 3 500 766 523 теңгеге 164 өтінім мақұлданды, оның ішінде:

1) отандық өңделген тауарларды ілгерілетуге (жарнама, қойманы жалға алу, сертификаттау, көрме) субъектілерден жалпы сомасы 48 070 176 теңгеге 5 өтінім.

2) 86 субъектіден жалпы сомасы 3 452 696 347 теңгеге 159 өтінім, атап айтқанда:

  • теміржолмен жеткізу – 3 067 927 342 тг;
  • автомобильмен жеткізу – 355 036 349 тг;
  • әуемен  жеткізу – 19 894 519 тг;
  • теңіз арқылы жеткізу – 9 838 137 тг.

Барлық мақұлданған өтініштердің 54-і шағын кәсіпкерлік субъектілерінен, 19-ы орта және 16-сы ірі бизнес өкілдерінен түскен. Мақұлданған өтінімдер арасында 844 646 980 тг жоғарғы бөліністегі тауарларды жеткізу шығындарын,  2 271 603 226 тг орта бөліністегі тауарларды жеткізу шығындарын және 384 516 317 тг төменгі бөліністегі тауарларды жеткізу шығындарын құрайды.

Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша игеру бөлінген қаражаттың 60% құрады. Өтініштерді қарау өтінімнің алғашқы тіркелген күніне сәйкес кезек тәртібімен жүзеге асырылады. Шығындардың бір бөлігін өтеуге төмендегідей түрлері жатады:

  1. шетелде тауарларды жарнамалауға қатысты шығындар;
  2. шетелдік көрмелерге, форумдарға, жәрмеңкелерге, конкурстарға, конгрестерге тікелей қатысуға арналған шығындар;
  3. шетелде тарату үшін мамандандырылған каталогты әзірлеуге, шет тілдеріне аударуға және басып шығаруға байланысты шығындар;
  4. шетелде филиалдарды, өкілдіктерді, сауда алаңдарын, қойманы және сауда сөрелерін ұстауға арналған шығындар;
  5. электрондық сауда алаңдарында, шетелде тауар белгілерін тіркеуге байланысты рәсімдерді жүргізуге арналған шығындар;
  6. тауарлардың ұйым стандарттарын қоса алғанда, техникалық регламенттерде, стандарттарда белгіленген талаптарға немесе шарттардың талаптарына сәйкестігін растау рәсімдеріне немесе тауарларды шетелде өткізу жөніндегі қызметті жүзеге асыру құқығын растауға байланысты іс-шараларды жүргізуге арналған шығындар (сертификаттар, рұқсаттар, тіркеу куәліктері және басқа да құжаттар), сондай-ақ сертификаттау рәсімінен өту үшін өнімнің сынама үлгілерін сынау пунктіне дейін жеткізу кезінде және кері қарай келтірілген шығындар (сертификат не өзге);
  7. шетелде айрықша құқықтар объектілерін (франчайзинг) пайдалануға рұқсат алу рәсімдерін жүргізуге байланысты шығындар;
  8. шет елде сертификаттаудан, аккредиттеуден, индустриялық-инновациялық қызмет субъектілерін тексеруден өтуге байланысты шығындар (сертификаттау, аккредиттеу, тексеру рәсімдері оң өткен жағдайда және сертификат немесе басқа растайтын құжат болған жағдайда);
  9. тауарларды жеткізуге және автомобиль, темір жол, әуе, теңіз көлігімен тасымалдау және тасымалдарды ұйымдастыру жөніндегі қызметтерге ақы төлеуге байланысты шығындар


 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу