ҚР Үкіметі мұнайлы емес тапшылықты біртіндеп төмендету жұмысын жоспарлады — Ә. Смайылов

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін 2020 жылға арналған бюджетті нақтылау аясында эпидемияға қарсы шараларға қосымша 125 млрд теңге қарастырылған. Бұл туралы ҚР Үкіметінде өткен онлайн-брифингте Премьер-Министрдің Бірінші орынбасары ‒ қаржы министрі Әлихан Смайылов мәлімдеді.

2020 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау кезінде мұнайлы емес тапшылық ЖІӨ-ге 7%-дан ЖІӨ-ге 10,8%-ға дейін ұлғайды. Бұл өсімнің факторы Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферттің артуы болды.

«Бұл бір жолғы акция, біз Ұлттық қорда қаражат сақтау қажеттігі тұжырымдамасын ұстанамыз. Үкімет Ұлттық қордан кепілдендірілген трансфертті төмендету шараларын қабылдайды», — деді Ә. Смайылов.

Сонымен қатар ол биыл Ұлттық қор қаражатын пайдалану қажет болғанын атап өтті.

«Қазіргі уақытта Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде орын алған дағдарыс біздің тәуелсіздік жылдарында болған барлық дағдарыстарға қарағанда ауқымды әрі үлкен. Біз қазіргі уақытта алдағы үш жылда бюджеттің кірістерін ұлғайту, бюджет шығындарын оңтайландыру әрі қысқарту үшін жұмыс істеп жатырмыз. Мұнайлы емес тапшылықты азайту үшін біз 2023 жылға қарай оның деңгейін екі есе ‒ ЖІӨ 5,3%-ға дейін азайтуды жоспарлап отырмыз», — деп атап өтті министр.

Үкімет мұнайлы емес тапшылықты біртіндеп төмендету бойынша жұмысты жоспарлады.

«Біз жыл соңына дейін мұнай бағасын барреліне 20 доллар деңгейінде жоспарладық. Бұл дегеніміз, біз мұнай секторынан түсетін түсімдерді жоспарламаймыз. Келесі жылы мұнай бағасы осы мөлшерден аса жоғары болмайды. Бұл Үкімет өз жұмысында мұнай табысына сүйенбейтінін, шикізаттық емес сектордағы салық базасын ұлғайту бойынша жұмыс істейтіндігін көрсетеді», — деп атап өтті Ә. Смайылов.

Айта кету керек, бюджетті нақтылау аясында эпидемияға қарсы шараларға қосымша 125 млрд теңге қарастырылған, олардығ ішінде:

  • карантин шараларын өткізуге тартылған денсаулық сақтау жүйесінің қызметкерлерін ынталандыруға — 40,6 млрд теңге.

  • коронавирус инфекциясын жұқтырған адамдарды және оны жұқтыру белгілері бар емдеуге жатқызылған адамдарды емдеу үшін, сондай-ақ COVID-19 жаңа коронавирус инфекциясын жұқтырған науқастармен қарым-қатынас орнатуы ықтимал адамдарды оқшаулау мақсатында медициналық ұйымдарға медициналық қызметтер үшін ақы төлеуге — 19,5 млрд теңге;

  • Нұр-Сұлтан, Шымкент және Алматы қалаларында карантиндік үлгідегі жалпы 680 орынға арналған 3 медициналық модульдік кешен құрылысына — 14,8 млрд теңге;

  • төтенше жағдай кезінде халықтың жекелеген санаттарына (АӘК алушылар, соның ішінде 6-18 жас аралығындағы балалар, 1-3 топтағы мүгедектер, мүгедек балалар, мүгедек бала күтімімен айналысатын тұлғалар, ресми түрде тіркелген жұмыссыздар) азық-түлік және тұрмыстық жиынтық беруге — 30,8 млрд теңге;

  • ішкі істер органдары мен медицина қызметкерлеріне, Ұлттық ұланның және Қарулы Күштердің әскери қызметкерлеріне 1 лауазымдық жалақы мөлшерінде сыйақы төлеуге (66,3 мың адам қамтылатын болады) — 8,1 млрд теңге;

  • байланыс қызметімен қамтамасыз етуге және ведомствоаралық ақпараттық жүйелердің жұмыс істеуіне — 4 млрд теңге;

  • азық-түлік және арнайы мүлік, сондай-ақ шатыр қалашығын жабдықтау және жайластыру үшін мүлік сатып алуға, блок бекеттерде қауіпсіздікті қамтамасыз етуге — 1,3 млрд теңге;

  • тепловизор сатып алуға — 225 млн тг;

  • коронавирус инфекциясымен күрес аясында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуге — 200 млн теңге.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу