Қазақстанда ШОБ қолдау бойынша жаңа шаралар топтамасы әзірленді — Ә. Ерғалиев

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында бизнесті қолдау бойынша дағдарысқа қарсы шараларды іске асыру барысы қаралды.

ҚР ұлттық экономика министрі Ә. Ерғалиев, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олег Смоляков, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев, Алматы облысының әкімі Амандық Баталов баяндама жасады.

Ұлттық экономика министрі өз баяндамасында атап өткендей, пандемия және кәсіпкерлердің қызметіне енгізілген шектеулер жағдайында шағын және орта бизнесті қолдау ерекше өзектілікке ие болып отыр.

Осыған байланысты, биыл Ұлттық банктің айналым капиталын толықтыруға жеңілдікпен кредит беру бағдарламалары, сондай-ақ, «Бизнестің жол картасы 2025», «Қарапайым заттар экономикасы», «Еңбек» және «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламалары шеңберінде шағын және орта бизнесті жеңілдікпен кредиттеу бойынша жұмыс жалғасуда.

Кредиттер бойынша жылдық мөлшерлеме 6 пайызды құрады. Айналым капиталын толықтыруды қаржыландыру едәуір кеңейтіліп, кредиттер сомасы ұлғайтылды. Микро және шағын кәсіпкерлік субъектілеріне қолжетімді микрокредит беру іске қосылды.

Осы жылдың бірінші жартыжылдығында 1 трлн теңгеден астам сомаға 31 мыңнан астам жоба жеңілдікпен қаржыландыруға қол жеткізді.

Оның айтуынша, экономиканың зардап шеккен секторларындағы кәсіпкерлерді қолдау үшін шағын және орта кәсіпкерлік кредиттерін қайта қаржыландыру жүзеге асырылады. Экономикалық қызмет түрлерінің тізбесі кеңейтіліп, субсидиялау мерзімі 3 айға ұзартылды. Осы іс-шараға бюджеттен 18,4 млрд теңге бөлінді.

Осы жылдың шілде айында «Бизнестің жол картасы» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары шеңберінде жаңа бизнес жобаларын субсидиялау үшін бюджеттен қосымша 13,2 млрд теңге бөлінді. Екі бағдарламаны қаржыландырудың жалпы көлемі 186,3 млрд теңгені құрап отыр.

«Биылғы жылдың шілде айында “Жұмыспен қамтудың жол картасы” бағдарламасы аясында “Бастау-Бизнес” жобасының түлектеріне шағын несие беру басталды. Оған 22,5 млрд теңге бөлінді. Ауылдағы өз кәсібін жаңадан бастайтын кәсіпкерлердің 5 мыңдай жобасын қаржыландыру жоспарлануда», — деді Ә. Ерғалиев.

Осы жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша «Бизнестің жол картасы 2025» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары шеңберінде жалпы сомасы 441 млрд теңгеге 12 447 жоба субсидияланды. 187 млрд теңге болатын несие сомасына 10 788 жобаға кепілдік берілді. Аграрлық несие корпорациясы шеңберінде 5,9 млрд теңге несие сомасына 134 жобаға қолдау көрсетілді.

«Осы жылдың бірінші жарты жылдығында несиелерді субсидиялау құралы бойынша қолдау көрсетілген жобалардың ең көп саны Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында және Жамбыл облысында. Кепілдік беру құралы бойынша жобалардың басым бөлігі Жамбыл, Түркістан облыстарында және Нұр-Сұлтан қаласында қолдау тапты», — деді Ә. Ерғалиев.

Оның айтуынша, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы 50 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектілеріне жүргізген сауалнама негізінде шағын және орта бизнесті қолдау бойынша жаңа шаралар пакеті әзірленді.

Атап айтқанда, 2021 жылға арналған экономикалық өсуді қалпына келтіру бойынша өзектендірілген кешенді жоспар іске асырылуда. Осы кешенді жоспарда 60 астам қолдау шараларын, оның ішінде бизнеске жүктемені азайту, сұраныс нарықтарына қолжетімділікті қамтамасыз ету, жаңа реттеушілік саясатты енгізу салаларында іске асыруды көздейді.

Министрдің айтуынша, осы жылдың 1 қаңтарынан бастап зардап шеккен салаларда түскен табыстың 3 пайыз мөлшерлемесімен бөлшек салықтың жаңа арнайы режимі енгізілді.

Осы жылдың 1 сәуірінен бастап, 1 шілдесіне дейін еңбекақы төлеу қорынан зардап шеккен салаларда салықтарды төлеуді кейінге қалдыру ұсынылды.

Биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап жаңадан құрылған өндірістік компаниялар үшін 70 пайыз мөлшерінде қосылған құн салығы бойынша қосымша есепке алу құқығы берілді. Ұсынылған қорғау құралдарының құны арқылы кәсіпкерлік субъектілерінің қызметкерлері жеке табыс салығынан босатылды.

«Келесі жылдан бастап бизнесті жаңа негізгі қорларға қайта инвестициялауға пайдаланылатын табысқа корпоративтік табыс салығынан босату жөніндегі шаралар көзделген», — деді Ә. Ерғалиев.

Сондай-ақ министрдің айтуынша, бизнеске жүктемені түбегейлі төмендету, оңтайлы және тиімді реттегіш эко жүйені қалыптастыру мақсатында кәсіпкерлік қызметті «таза парақтан» реттеудің жаңа тәсілдері жасалуда.

Олар мемлекет пен кәсіпкерліктің өзара іс-қимылының базалық қағидаттарын жетілдіруді, талаптарды белгілеу шарттарын, реттеушілік апелляция институтын, эксперименттік құқықтық режимді; міндетті талаптар тізілімін, есептілікті автоматтандыруды, мемлекеттік бақылауды жетілдіруді, бизнес үшін НҚА-ның кері күшін қолдануды болдырмауды көздейді.

Министрдің айтуынша, қазіргі таңда тиісті Заң жобасы Парламентте қаралуда.

«Шағын және орта бизнеске қолдау көрсету бойынша «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы, бизнес-омбудсмен және бизнес-қоғамдастықтармен өзара тығыз жұмыс жасалуда», — деді Ә. Ерғалиев.

Кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі Жобалық кеңсе шеңберінде бизнес мәселелері тұрақты негізде талқылануда.

Министр күрделі эпидемиологиялық жағдай кезінде бизнестің толыққанды жұмыс істеу мүмкіндігін сақтау үшін негізгі тәсілдердің бірі – бұл Ashyq қосымшасын кеңінен пайдалану екенін атап өтті.

«Қазіргі таңда бұл бизнестің кәсіпкерлік қызметтен табыс табу және азаматтардың денсаулығын сақтау мақсатында бизнес-процестерді қайта құрудың жалғыз тәсілі», — деді Ә. Ерғалиев.

Бұл тұста осы мәселе бойынша кәсіпкерлер түсіністік танытуы қажет. Аshyq қосымшасын қолдану кезінде Бизнес осы тұрғыда жауапкершілікпен қарауы керек.

Осыған байланысты жергілікті атқарушы органдар мен өңірлік кәсіпкерлер палаталары кәсіпкерлердің Аshyq қосымшасын енгізу және дұрыс пайдалану жұмыстарын белсенді жүргізуі қажет.

«Ұлттық экономика министрлігі шағын және орта бизнес ахуалының мониторингі бойынша жұмысты жалғастыратын болады», — деп түйіндеді Ә. Ерғалиев.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олег Смоляков өз кезегінде несиелендіру туралы ақпаратты сандармен ұсынды.

Оның айтуынша, Үкіметтің, Ұлттық банктің және Агенттіктің экономикаға, бизнеске және халыққа қолдау көрсету жөніндегі дағдарысқа қарсы шаралар кешенінің арқасында экономикаға кредиттер 2020 жылы 5,5%-ға 14,6 трлн теңгеге дейін өсті, оның ішінде ШОБ-ға кредиттер 7,2%-ға 4,2 трлн теңгеге дейін өсті. 

«Биыл экономиканың қалыпқа келуі аясында банктердің кредиттеуінің өсуі байқалады. 6 айда экономикаға кредиттер 7,5%-ға 15,7 трлн теңгеге дейін өсті. ШОБ субъектілеріне кредиттер 1,8%-ға 4,3 трлн теңгеге дейін өсті», — деді О. Смоляков.

2020 жылы пандемияның кесірінен төтенше жағдайдың және карантиндік шектеулердің енгізілуіне байланысты халыққа және ШОБ субъектілеріне қолдау көрсету үшін 16 наурыз және 1 қазан аралығындағы кезеңде алғаш рет банктік қарыз және микрокредит шарттары бойынша төлемдерді кейінге қалдыру шарасы іске асырылды. 

Халық пен бизнес үшін пандемия салдарының кеңінен етек алуына, сондай-ақ бұрын-соңды болмаған карантиндік шектеулердің енгізілуіне байланысты төлемді кейінге қалдыру мүмкіндігі экономиканың зардап шеккен салаларындағы барлық ШОБ субъектілеріне, сондай-ақ төтенше жағдай мен карантиннің енгізілуі салдарынан қаржылық жағдайы нашарлаған басқа қарыз алушыларға автоматты түрде берілді.

Осы қолдау шарасының нәтижесінде экономиканың 12 саласы және экономикалық қызметтің 346 түрі қамтылды, ал 2020 жылғы 16 наурыз – 1 қазан аралығында кредиттер бойынша 3 айдан 6,5 айға дейінгі мерзімге кейінге қалдыру құқығын 209 млрд теңге сомаға 12,5 мың ШОБ субъектісі пайдаланды. 

Биылғы 1 сәуірде Мемлекет басшысы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне және Ұлттық Банкке экономиканың зардап шеккен секторларында ШОБ кредиттері бойынша төлемдерді кейінге қалдыру мүмкіндігін пысықтауды тапсырды.

Мемлекет басшысының 2021 жылғы 1 сәуірдегі тапсырмасын іске асыру үшін «Шағын және орта бизнес субъектілерінің қарыздары бойынша төлемдерді кейінге қалдыру тәртібін бекіту туралы» Агенттік Төрағасының 2021 жылғы 9 сәуірдегі № 127 бұйрығы шығарылды.

О. Смоляковтың айтуынша, қарыздар бойынша төлемдердің төлеу мерзімін кейінге қалдыру тәртібін банктерге және микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдарға ШОБ субъектілеріне, оның ішінде ДК-ге 2021 жылғы 1 сәуірге дейін берілген кредиттер бойынша 2021 жылғы 1 сәуір – 30 маусым аралығындағы кезеңде төлем мерзімін кейінге қалдыру мүмкіндігін беруді көздейді.

Төлеу мерзімін кейінге қалдырудың сараланған тәртібі кәсіпкерлік субъектілерінің санатына байланысты көзделген. 

Төлеу мерзімін кейінге қалдыруды алу үшін микро және шағын кәсіпкерлік субъектілері қаржылық жағдайының нашарлауы туралы растайтын құжаттарсыз өтінішпен кредиторға жүгінуге тиіс. Аталған субъектілерге төлеу мерзімін кейінге қалдыру автоматты түрде беріледі.

Орта кәсіпкерлік субъектілері өтініш берген кезде карантиндік шаралардың қолданылуы салдарынан ұйымның қаржылық жай-күйінің нашарлағанын растайтын құжаттарды қоса беруге міндетті болды. 

Кейінге қалдыру мерзімі ШОБ субъектісінің қалауы бойынша 30 күннен 90 күнге дейінгі мерзімді құрады.

О. Смоляковтың айтуынша, ШОБ субъектісінің қалауына қарыз бойынша төлемдердің 3 баламалы кестесі ұсынылды: (1) кейінге қалдырылған төлемдерді қарыз мерзімінің соңына дейін біркелкі бөлу түрінде, (2) қарыз мерзімін кейінге қалдыру кезеңіне ұлғайту не (3) қарыз алушының таңдауы бойынша төлемдердің өзге кестесі. 

Төлем мерзімін кейінге қалдыру кезеңінде қарыз алушыға қатысты талап-арыз жұмысы, мерзімі өткен берешекті өтеу қажеттігі туралы хабарлау, сондай-ақ кредитордың комиссиялар мен өзге де төлемдерді алуы тоқтатыла тұрды.

Қызметі карантиндік шектеулердің салдарынан зардап шеккен қарыз алушыларды төлем мерзімін кейінге қалдыру тетігімен барынша көбірек қамту үшін Агенттік БАҚ-та ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізді. Банктер мен МҚҰ-ның зардап шеккен салалардан қарыз алушылар-ШОБ субъектілерін кредиттер бойынша төлемдердің мерзімін ұзарту мүмкіндігі туралы хабардар етуі жөнінде шаралар қабылданды. 

Осы жылдың бірінші жартысында бизнес субъектілерінің экономикасы мен іскерлік белсенділігінің қалпына келуі 2020 жылғы шаралармен салыстырғанда неғұрлым жеңілдетілген карантиндік шектеулер жағдайында болды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген экономиканың зардап шеккен секторларында (29 ЭҚЖЖ) ШОБ субъектілерінің қолданыстағы барлық кредиттері бойынша жылдық 6%-ға дейін пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау тетігі шеңберінде 4 мың ШОБ субъектісіне 21,2 млрд теңгеге көмек көрсетілді. 

О. Смоляковтың айтуынша, бұдан басқа, банктер бизнес субъектілерімен бірлесіп, 2021 жылдың басынан бері 114 ШОБ субъектісіне 4 млрд теңге сомасында берілген қарыздар бойынша мерзімі өткен берешекті қайта құрылымдау бойынша іс-шаралар жүргізді. Сондай-ақ жеңілдікпен кредит беру бағдарламалары (Айналым қаражатын толықтыруға жеңілдікпен кредит беру бағдарламасы, «Қарапайым заттар экономикасы», «Бизнестің жол картасы – 2025») жұмыс істейді.

«Бұл шаралардың барлығы көптеген ШОБ субъектілеріне борыш жүктемесін қолайлы деңгейге дейін төмендетуге, босаған қаражатты ағымдағы жұмыс үшін пайдалануға, сол арқылы қалыпты қызметке оралуға мүмкіндік берді», — деді О. Смоляков.

Осыған байланысты 2021 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша екінші деңгейдегі банктерге қарыздар бойынша төлемді кейінге қалдыруға 592 қарыз алушы-ШОБ субъектісінің өтінімі келіп түсті, оның ішінде 547 ШОБ субъектісі 9,3 млрд теңгеге төлемді кейінге қалдыру мүмкіндігін алды. МҚҰ-ға 129 ШОБ субъектісі төлемді кейінге қалдыруға өтінім берді, оның 95 субъектісіне 102,1 млн теңге сомаға төлемді кейінге қалдыру мүмкіндігі берілді. 

Сонымен қатарТүркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев баяндама жасады. Оның айтуынша, кәсіпкерлікті қолдау бойынша қабылданған антикризистік шаралар іскерлік белсенділікті қалпына келтіріп, өңірдің бизнес ахуалын тұрақтандырды.

Антикризистік мақсат қойылған «Қарапайым заттар экономикасы» және «Бизнестің жол картасы 2025» бағдарламалары өңір кәсіпкерлері үшін барынша қолжетімді.

«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша қазіргі таңда 41,2 млрд теңгені құрайтын 305 жоба мақұлданды. Сондай-ақ, 8,5 млрд теңгені құрайтын 4 жоба қаржы институттарының қарауында.

Бағдарлама арқылы қолдау алған жобалар тамақ өнімдері, ауыл шаруашылығы, жеңіл өнеркәсіп, туризм және қызмет көрсету, білім және денсаулық сақтау сынды экономиканың түрлі салаларын қамтиды.

«Бизнестің жол картасы 2025» бойынша ағымдағы жылда Бағдарлама бюджеті 7,7 млрд. теңгені құрап (РБ – 4,7 млрд. теңге; ЖБ – 3 млрд. теңге), өткен жылмен салыстырғанда 3 есеге артты», — деді Өмірзақ Шөкеев.

2021 жылдың 6 айында 24,7 млрд теңгені құрайтын 723 несие бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау келісімдері жасалынды.

Несиелерді кепілдендіру инструменті (несиенің 85%-ына Даму қоры кепілдік болады) бойынша 9,5 млрд теңгені құрайтын 926 несие кепілдендірілді.

Жеңілдетілген қаржыландырудан бөлек, салықтық жеңілдіктер және несиелік ынталандыру шаралары көптеген кәсіпкерлер үшін борыштық жүктеменің өсуіне жол бермеуге мүмкіндік берді.

Салықтық жеңілдіктерді 45 мың бизнес субъектілері пайдаланып, үнемделген 7,4 млрд теңгені өз бизнесін жалғастыруға бағыттады.

Кәсіпкерлердің 14 млрд теңгені құрайтын кредиттері бойынша төлемдері уақытша тоқтатылып, банкроттықтан сақтап қалуға ықпал етті.

Сонымен қатар, мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік секторға тиесілі жылжымайтын мүлік нысандарын жалға алып отырған шағын және орта бизнес субъектілері 114 млн теңгеге жалдау ақысын төлеуден босатылды.

Бұдан бөлек, әкімнің айтуынша, жергілікті деңгейде өңірлік Атамекенмен бірлесе ірі кәсіпкерлердің инвестициялары көмегімен микробизнесті, стартаперлерді және «Бастау Бизнес» түлектерін қолдау мақсатында «Кәсіпкерлік Қырандары» жобасы іске қосылды.

Сондай-ақ, мәдени-рухани орталығында орналасқан сауда кешендеріндегі жұмыс жасайтын кәсіпкерлерді қолдау мақсатында Даму қорымен бірлесе «Yassy Business» бағдарламасы іске қосылуда.

Бағдарлама бойынша кәсіпкерлерге 4%-бен 5 жылға несие беріледі. Бағдарламаның жалпы бюджеті 1 млрд теңгені құрайды .

Жалпы, кәсіпкерлер үшін мемлекеттік қолдау құралдарын және дағдарысқа қарсы шараларды қолжетімді ету тұрақты бақылауда.

Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табатын болады.

Алматы облысының әкімі А. Баталовтың айтуынша, облыста 124,8 мың шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді, оның ішінде биыл 1 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектілері ашылды. Бұл салада 262 мың адам жұмыспен қамтылған.

Пандемия жағдайындағы жұмысқа қарамастан, жалпы өңірлік өнім құрылымындағы шағын және орта бизнестің үлесі ұлғаюда. 2020 жылы өсім 1,4 процентті құрап, 34 процентке жетті, биыл 34,3 процентке жеткізу жоспарланған.

«Үкімет қабылдаған дағдарысқа қарсы шаралар кәсіпкерлерге елеулі қолдау болды. Бизнестің 928 субъектісі 2,5 млрд теңгеге салық жеңілдігін алды, 418 субъектінің 3,2 млрд теңге сомасына кредиттері кейінге шегерілді», — деді А. Баталов. 

Мемлекеттік меншік объектілерінде жалдау ақысын есептеу тоқтатылды. 

Бұл жеңілдікті 219 шағын және орта бизнес субъектісі 50,8 млн теңге сомасына пайдаланды.

Мемлекеттік қолдау кәсіпкерлікті дамытуға қажетті жағдай туғызады.

«Бизнестің жол картасы-2025», «Еңбек» және «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2021-2022» бағдарламалары бойынша биыл 24 млрд теңгеге жуық қаржы қарастырылды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,5 есе көп. 

«Бизнестің жол картасы 2025» бағдарламасы аясында қосымша 11,8 млрд теңге бөлінді.

«Соның есебінен 2,5 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектілеріне қолдау көрсетуді, 5 мың жұмыс орнын құруды, 7 мың жұмыс орнын сақтап қалуды жоспарлап отырмыз», — деді А. Баталов.

Қазіргі уақытта, әкімнің айтуынша, 12,3 млрд теңгеге 1,4 мың жоба қаржыландырылды, 3 мыңнан астам жұмыс орны құрылды.

Сонымен қатар «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында 87,5 млрд теңгеге 267 жоба қаралуда.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу