Қазақстан Ауғанстанға «электрондық үкіметті» дамытуға көмектеседі

Вице-премьер Серік Жұманғарин бастаған қазақстандық делегацияның Ауғанстанға ресми сапары аясында «электрондық үкімет» бойынша отандық әзірлемелердің ең үздік шешімдері таныстырылды.

«Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ өкілдері Data Lake, Smart Bridge және Gov.kz сияқты үздік қазақстандық шешімдерді енгізудің мүмкіндіктері мен экономикалық тиімділігін көрсетті. 

«Бүгінде Қазақстан мемлекеттік қызметтерді онлайн форматқа көшіру бойынша әлемде алғашқылардың қатарында. Біз тәжірибемізбен бөлісуге және ауған серіктестерімізге үздік тәжірибелерді беруге дайынбыз. Біз үшін тағы бір басым бағыт - мектептерге интернет қосу болып табылады. Біз барлық оқушылардың білім алуға қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін қажетті қолдауды көрсетуге дайынбыз», — деп мәлімдеді вице-премьер Серік Жұманғарин.

Сондай-ақ қазақстандық делегацияның ресми сапары барысында тараптар «Қазақтелеком» АҚ мен «Ауғантелекомның» коммерциялық ынтымақтастығы аясында Ауғанстанға интернет трафигін 60-тан 100 Гбит/с-қа дейін кеңейту мүмкіндіктерін талқылады.

Анықтама: Бүгінде Қазақстан онлайн қызметтерді дамыту деңгейі бойынша БҰҰ рейтингінде 8-орында, ал жалпы рейтингте - «электрондық үкіметті» дамыту индексі бойынша 28-орында. Мемлекеттік қызметтердің 94% автоматтандырылған және электрондық форматқа көшірілген. 2023 жылы ІТ-өнімдер мен қызметтер экспорты 5 есеге артып, $500 млн-ға жетті.

#Серік Жұманғарин #Халықаралық ынтымақтастық

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу