Қанат Бозымбаев БҚО-дағы су тасқынына қарсы шаралар бойынша бірқатар тапсырма берді

Вице-премьер Қанат Бозымбаев Батыс Қазақстан облысы аумағын әуеден қарау барысында ТЖМ-ге су тасқынының шарықтау шегінен өткен аудандардан жеке құрам мен техниканы Атырау облысының шекарасына дейінгі Жайық өзенінің төменгі ағысындағы елді мекендерге көшіруді тапсырды. 

Қазіргі уақытта Орынбордан Жайық өзеніне келіп жатқан су деңгейінің біртіндеп төмендеуі байқалады. Батыс Қазақстан облысында Бәйтерек ауданының Озерное, Рубежинское және Январцево ауылдарында судың келуі төмендеп келеді.

Мамандар БҚО-да су тасқынының шарықтау шегі кезінде су деңгейі күрт көтерілмейді деп болжап отыр. 

Десе де Оралдағы жағдай әлі де күрделі. Қауіп сейілгенше қалада ТЖМ мен Қорғаныс министрлігіне қарасты 6 мыңнан астам адам болады, оның ішінде еліміздің өзге өңірлерінен келгендер де бар. Тағы 200 әскери қызметкер келеді деп күтілуде. Қазіргі уақытта Қорғаныс министрлігінің маңғыстаулық 100 қызметкері үш ауысымда Шаған өзенінің бойындағы Мичурино ауылының айналасын нығайтып жатыр. Ақтөбе, Астана, Алматы қалаларынан келген ондаған сарбаздар мен құтқарушылар басқа ықшам аудандарда бөгет салуда.

Вице-премьер Қанат Бозымбаев су тасқынына қарсы шараларға атсалысқандардың барлығына алғысын білдіріп, көмекке келгендерге барлық қажетті жағдайды жасауды тапсырды.

#Су тасқыны #Қанат Бозымбаев

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу