Халықтың ақылы жүйеге ауысып жатқан жолдардың жағдайына қатысты шағымы бар — Әлихан Смайылов

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кезекті отырысында автожол саласын дамыту мәселелері қаралды. ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев, Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев, Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов, Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов баяндама жасады.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің деректеріне сәйкес, еліміздің автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 96 мың шақырымды құрайды, оның ішінде 25 мың км – республикалық маңызы бар жолдар, 71 мың км — облыстық және аудандық маңызы бар жолдар. 2025 жылға дейін нормативтік талаптарға сәйкес республикалық маңызы бар жолдардың үлесін 100%-ға, жергілікті жолдардың осындай үлесін 95%-ға дейін жеткізу көзделген.

«Көлік-транзит әлеуетін арттыру міндетін іске асыру сегіз автомобиль транзиттік дәлізін жаңғырту арқылы қамтамасыз етіледі. Жалпы, барлық дәліздер толық қуатында жұмыс істейді. Жекелеген учаскелерде өткізу қабілетін арттыру арқылы реконструкциялау жұмыстары жүргізіліп жатыр», — деді Қ. Өскенбаев.

Баяндамашыларды тыңдаған Әлихан Смайылов еліміздің жол көлік қатынасын дамыту үшін соңғы жылдары ауқымды жұмыс жүргізілгенін атап өтті. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізінің құрылысы бойынша жоба іске асырылды. Екі мың шақырымнан астам жол ақылы жүйеге көшті. Бұл – жол инфрақұрылымын өзін-өзі қамтамасыз ету бойынша халықаралық озық тәжірибе. 

Дегенмен, Премьер-Министрдің айтуынша, ақылы жүйеге ауысып жатқан жолдардың жағдайына қатысты халықтың шағымы да бар. Осыған орай «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ға жолдарды күтіп-ұстау сапасы мен қауіпсіздігі бойынша жұмысты күшейту тапсырылды.

«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасына сәйкес биыл республикалық маңызы бар жолдардың 91%-ын және жергілікті жолдардың 85%-ын нормативтік жағдайға келтіру жоспарланған. Ол үшін жалпы ұзындығы 4,3 мың км автожолды қайта жаңғырту және жаңа жолдар салу бойынша ірі жобалар іске асады. Сонымен қатар жол бойындағы 1 110 қызмет көрсету нысаны тиісті стандарттарға сәйкестендіріледі.

Үкімет басшысы қабылданып жатқан шараларға қарамастан, бірқатар проблемалық мәселелер бар екенін атап өтті. Олардың ең негізгісі – жолдардың, әсіресе, жергілікті жердегі жолдардың нашарлығы. Дүниежүзілік экономикалық форумның деректеріне сәйкес, Қазақстан жол сапасы жағынан әлемде 93-орында.

«Мемлекет басшысы жолдардың нашар жағдайын бірнеше рет айтты. Әрбір әкім өңірдегі жолдардың жай-күйіне тікелей жауапты екенін атап өткім келеді», — деді Әлихан Смайылов.

Сондай-ақ жолдардың сапасына, оларды жөндеу және салу мерзімдеріне білікті кадрлардың тапшылығы, жаңа құрылыс материалдары мен заманауи технологиялардың аз қолданылуы әсер етеді. Жауапты ведомствоға осы мәселелерді пысықтау тапсырылды.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі әкімдіктермен және «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-мен бірлесіп, жоспарланған жобаларды уақытында пайдалануға беруді және бөлінген қаражатты толық игеруді қамтамасыз етуі қажет.

Құрылыс жұмыстарын үзіліссіз жүргізу үшін Энергетика министрлігі мен «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ға құрылыс компанияларын қажетті мөлшерде битуммен және инертті материалдарды жеткізу үшін теміржол вагондарымен қамтамасыз ету тапсырылды.

Әкімдіктер «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-мен бірлесіп, қызмет көрсету нысандарын салу үшін автомобиль жолдары бойында жер бере отырып, осы бағытты дамыту жұмыстарын жандандыруы тиіс.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу