Е. Тоғжанов Халықаралық нейрохирургиялық форумның ашылуына қатысты 

Нұр-Сұлтан қаласында Халықаралық нейрохирургиялық форум және «Нейрохирургия: тарих, заманауилық, тұлғалар» кинофестивалі өтті. Аталған іс-шара нейрохирургия саласындағы өзекті мәселелерді талқылауға және тәжірибе алмасуға арналған алаң ғана емес, сонымен қатар тарихқа шолу, нейрохирургияның даму кезеңдерімен және медицинадағы жетістіктермен танысуға мүмкіндік береді, бұл шараның ерекшелігі де осы. Айта кетейік, халықаралық деңгейдегі нейрохирургия бойынша деректі фильмдер кинофестивалі Қазақстанда алғаш рет өткізіліп отыр.

Форумның және кинофестивальдің салтанатты ашылуына Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың өкілдері және Ұлыбритания, АҚШ, Израиль, Ресей, Жапония, Италия, Швейцарияның белгілі ғалымдары қатысты.

Вице-премьер Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын оқып берді. Ел Президенті Қазақстанда тәжірибе алмасу және нейрохирургиядағы озық технологияларды дамыту үшін барлық жағдай жасалғанын атап өтті. Денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру – 2025 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарындағы басты басымдықтардың бірі. Е. Тоғжанов ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, бүгінгі форум Қазақстанның ғана емес, әлемдік ғылыми қоғамдастықтың да ғылыми-практикалық саласындағы маңызды оқиға екенін атап өтті. Сондай-ақ ғалымдар мен практиктердің тығыз ынтымақтастығының, тәжірибе алмасуының арқасында форум нейрохирургия мен жалпы денсаулық сақтаудың дамуына жаңа серпін беретініне сенім білдірді.

Форум және кинофестиваль аясында Жапония, Израиль, Италия, Швейцария, АҚШ, Ұлыбритания, Австрия, Германия, Ресей, Өзбекстан мен Қырғызстан елдерінің жетекші нейрохирургтарының баяндамалары ұсынылды, сондай-ақ олардың қызметі туралы деректі фильмдер көрсетілді. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу