Әлихан Смайылов қазақстандықтарды Жеңіс күнімен құттықтады

Құрметті ардагерлер мен тыл еңбеккерлері, отандастар! 

70 миллионнан аса адамның өмірін қиған адамзат тарихындағы ең қасіретті соғыс аяқталғалы 77 жыл. Күн өткен сайын бұл қанды майданға қатысып, сұрапыл жылдардың куәсі болғандар қатары сиреп барады. Бүгінде Ұлы Отан соғысының 376 ардагері арамызда жүр. Мен өткен жұмада Петропавл қаласында болдым. Мұнда арамызда қалған аз ғана ардагердің бірі Валентина Волкодав тұрады. Жақында 100-ге толды. Жеңіс деген сөзді ең көп күткен буынның өкілі. Валентина Архиповнаға арнайы сәлем беріп, Жеңіс мерекесімен құттықтап шықтым. 

Валентина Архиповнаның өз замандастарынан алабөтен тағдыры жоқ. Қазақстаннан майданға аттанған миллиондаған сарбазбен бірге ол да қолға қару алды, сапқа тұрды, жауға ұмтылды. От пен оқтың ортасында жүріп, сан сұрапылдан аман шықты, Жеңіс күнін Берлинде қарсы алды. Қатары сиреген қаруластарымен бірге елге оралып, еңбекке араласты, тағдырластары қатарлы отау құрды, бала сүйді. 

Алайда мұндай бақыт барлық майдангерге бұйырған жоқ. Қаншама боздақ майдан даласында қалды. Қаншама үй қара қағаз алып, қара жамылды. Орындалмаған армандар, бұзылған жоспарлар, талқандалған тағдырлар, көтерілмей қалған шаңырақтар, баласынан айырылған ата-аналар, жетім қалған балалар... Соғыстың анықтамасы өте көп.

Ғасыр жасаған Валентина Архиповна соғыстың ғана емес, талай ұлы өзгерістердің куәсі болды. Соғыстан соңғы ауыр кезеңдерде бел шешпей, тізе бүкпей еңбек етті, Қазақстанның Тәуелсіздік алғанын көріп, егемен елмен бірге жаңа өмірге ұмтылды. Қазір бейбіт заманда, адам танығысыз өзгерген әлемде бала-шағасының ортасында күн кешіп жатқан бақытты ана оңашада: «Біздің балаларымыз енді бір ғасырдан кейін қандай әлемде өмір сүрер екен? Қандай ұлы жетістіктерге қол жеткізер екен?» деп ойламайды дейсіз бе?!

Келер ұрпақтың көрер жақсылығы мен тартар азабы бүгінгі біз қабылдайтын шешімдерге, дәріптейтін құндылықтарға байланысты болмақ. Сондықтан 9 мамыр – Ұлы Отан соғысының адамзатқа әкелген зардабын еске алып, боздақтарымыздың майданда төгілген қаны мен ата-әжелеріміздің тылда төгілген маңдай терінің алдында бас иетін қадірлі күн!

Тәуелсіздігіміз баянды, еліміз тыныш болсын! Ең басты жеңіс – сол!

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу