Ә. Смайылов кәсіпкерлерге келтірілген залалды өтеу жұмыстарын тездетуді тапсырды

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Үкіметтің Цифрлық кеңсесінде орталық мемлекеттік органдардың басшыларының және өңірлер әкімдерінің қатысуымен  ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың осы жылдың басынан бері берген тапсырмаларын іске асыру жөнінде кеңес өткізді.

Елде орын алған тәртіпсіздіктер кезінде 351 жылжымайтын мүлік нысаны зардап шекті, оларды жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу қажет. Оның ішінде 8 өңірдегі 45 мемлекеттік орган ғимараты және 306 коммерциялық нысан бар. Олар Алматы, Шымкент қалаларында, Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Атырау, Ақтөбе және Шығыс Қазақстан облыстарында.

Бизнеске алдын ала келтірілген шығын мөлшері 98,1 млрд теңгені құрайды, оның 97%-ы Алматы қаласына тиесілі.

Ә. Смайылов Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, белгіленген мерзімде бүлінген ғимараттарды техникалық-сараптамалық тексеруден өткізу және жөндеу құнын бағалау жұмыстарын аяқтап, қажетті құжаттаманы Қаржы министрлігіне енгізуді тапсырды.

Тәртіпсіздіктерден келтірілген залалды бағалау жөніндегі үкіметтік комиссияға жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, залалды бағалауды жедел аяқтау және зардап шеккен бизнес субъектілерінің тізімі мен оларға келтірілген залал көлемін Ұлттық экономика министрлігіне жіберу тапсырылды.

«Үкімет апта сайын зардап шеккен кәсіпкерлерге жедел көмек көрсету үшін қаражат бөлу бойынша қажетті шараларды жүргізуге дайын», —  деді Ә. Смайылов. 

Үкімет басшысы көмір бағасының өсуіне жол бермеудің маңыздылығын атап өтіп, бұл мәселені көмір өндіруші компаниялармен пысықтауды, сондай-ақ көмір тасымалдау тарифтерінің негізсіз өсуіне жол бермеу үшін талдау жүргізуді тапсырды. 

«Кейбір компаниялардың кірме жолдар мен тұйық жолдардағы қызмет көрсету тарифі жоғары, оларды қайта қарастыру қажет», —  деді Ә. Смайылов. 

 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу