А. Маминнің Маңғыстау облысына жұмыс сапары: туристік, көліктік және инженерлік инфрақұрылым, АӨК, цифрландыру   

Өңірге жұмыс сапары барысында А. Мамин облыс әкімі С. Трұмовтың өңірде мал шаруашылығы саласында қалыптасқан жағдай және құрғақшылықтан зардап шеккен аудандарды жем-шөппен қамтамасыз ету бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндамасын тыңдады. Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Қостанай секілді көршілес облыстардан шөп жеткізу және өткізу жолға қойылған. 1200 тоннадан астам арпа әкелінді, олар фермерлерге нарықтық бағадан төмен бағамен сатылды. ҚР Үкіметі Маңғыстау облысында малдың аналық басына арналған азыққа жұмсалған шығындарды ішінара өтеуге 1,9 млрд теңге бөлді.

Премьер-Министрдің тапсырмасы бойынша фермерлік шаруашылықтарға қолжетімді бағамен көлемі 114,7 мың тонна дайындалған шөпті сатып алу және жеткізу үшін тұрақтандыру қорын қалыптастыруға, сондай-ақ «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ арқылы 56,3 мың тонна жем-шөп (кебек) сатып алуға қосымша қажетті қаражат бөлінеді.

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Қазақстандағы алғашқы TETYSBLU тақырыптық паркінің ашылу рәсіміне қатысты. Объект Ақтау қаласының туристік аймағында орналасқан, онда Орталық Азияда теңдесі жоқ аттракциондар – BluPower, Watermania, Snorri, сондай-ақ 30-дан астам бірегей аттракцион бар.

Үкімет басшысы Ақтау қаласының туристік аймағын дамыту жобаларының іске асырылуын тексерді, атап айтсақ, гольф клубы, сауда қатарлары, виллалары мен апартаменттері бар Hilton және Fairmont брендтерінің қонақ үйлері, Aqualina Resort.

Қыркүйек айында гольф клубының, сауда қатарларының, виллалар мен «Fairmont» қонақ үйінің құрылысы аяқталады деп жоспарланған.

А. Мамин аяқталуы осы жылдың қазан айына жоспарланған, туристік аймақтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз етуге арналған ұзындығы 49 км қосымша су таратқыштың және ұзындығы 33 км КТҚ-1-ден КТҚ-2-ге дейінгі қысымды канализациялық коллектордың құрылыс барысымен танысты. Премьер-Министр жоспарланған нысандардың, сондай-ақ көлік және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымның құрылысын уақытылы аяқтауды қамтамасыз етуді тапсырды.

Премьер-Министрге өңірдегі балық шаруашылығын дамыту, оның ішінде бекіре тұқымдас балық түрлерін өсіру зауыты құрылысының перспективалық жобалары, Каспий теңізінде балық аулауды ұйымдастыру туралы баяндалды. Сонымен қатар А. Мамин балық жемін өндіру және отырғызу материалын өндіруге арналған инкубациялық цехты құруды қоса алғанда, жылына 30 мың тоннаға дейін балық өсіру және қайта өңдеу бойынша заманауи технологияларды енгізе отырып, «Інжу Маржан» шығанағында балық өсіру кешенін құру жобасымен танысты. 

«Ақтау теңіз порты» АЭА-да Үкімет басшысына жұмсақ қаптама ыдыс, полимерлік қаптама, сорғы штангалары мен муфталар, каустикалық сода және құрамында хлоры бар өнімдер және т. б. өндіру жөніндегі инвестициялық жобалар таныстырылды.

Премьер-Министрдің «Құрық» паром кешенін және «Ақтау» теңіз портын аралауы кезінде Қазақстанның транзиттік-көлік әлеуетін дамыту мәселелері қаралды. Жүктерді ауыстырып тиеу қуаты жылына 6 млн тоннаны құрайды. 

Үкімет басшысы ұзындығы 24 шақырым болатын Ақтау-Әуежай бірінші санаттағы автомобиль жолының салыну барысын, сондай-ақ ұзындығы 4,5 шақырым болатын «Хонда» орталығынан Өмірзақ ауылының Т-тәрізді қиылысына дейінгі қалалық автомобиль жолын реконструкциялау барысын тексерді. Аталған учаскелердегі барлық жұмыс түрлерін толық аяқтау биылғы жылдың бірінші қыркүйегіне жоспарланған.

А. Мамин «Транстелеком» АҚ Деректерді өңдеу орталығының жұмысымен танысты. Жоба құны – 6,8 млрд теңге. Орталық Tier III деңгейінің қауіпсіздік және сенімділік стандарттарына сәйкес келеді. Осындай орталықтар Қазақстанның 9 қаласында: Ақтау, Атырау, Ақтөбе, Орал, Қарағанды, Жезқазған, Қызылорда, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында салынған. Деректерді өңдеу орталықтары клиенттік серверлердің үздіксіз қызметін қамтамасыз етуге, елде цифрландыру үшін технологиялық негіз болуға арналған.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу