«Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени мұражай-қорығы» РМҚК қызметі туралы депутаттық сауал

Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің депутаттары С. Сейдумановтың, Ф. Қаратаевтың «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени мұражай-қорығы» РМҚК қызметі туралы сауалына жауап
Премьер-Министр — Асқар Мамин

 

Сіздердің «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени мұражай-қорығы» РМҚК (бұдан әрі – Музей-қорық) қызметі туралы депутаттық сауалдарыңызға келесіні хабарлаймын.

Ағымдағы жылы Музей-қорықтың қызметін қамтамасыз етуге республикалық бюджеттен 52,2 млн теңге қарастырылған, сондай-ақ Музей-қорық көрсетілетін ақылы қызметтен түскен табыстарды белгіленген тәртіппен қызметті дамытуға пайдаланады.

Сарайшық қалашығын консервациялау мен қалпына келтіруді қамтамасыз ету үшін 2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасында 58,0 млн.теңге және Музей-қорықтың қызметін қамтамасыз етуге 163,1 млн. теңге қарастырылды. 

Сонымен қатар Мәдениет және спорт министрлігіне 2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджетті нақтылау кезінде Музей-қорықтың материалдық техникалық базасының мәселелерін қосымша қарау тапсырылды. 

Музей-қорықты дамыту туралы Меморандум аясында Сапар орталығын ашу жоспарлануда. Бүгінгі күні жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде және жұмыстар аяқталған соң қолданыстағы заңнамаға сәйкес оның мемлекеттік сараптамасы жүргізілетін болады. Бұл ретте қалпына келтіру кезінде пайдаланылатын материалдардың сапасына, оның ішінде осы жердің саз балшығын пайдалануға назар аударылады. 

Қалпына келтіру жұмыстарын дербес жүргізу мәселесі бойынша Музей-қорықтың негізгі жарғылық қызметі мұражай ісін ілгерілету, мәдениет саласында ғылыми-зерттеу, мәдени-білім беру және танымдық-туристік қызметті жүзеге асыру, тарихи-мәдени мұраны сақтау және оны танымал ету болып табылатынын атап өткен жөн.  

Осыған байланысты Музей-қорық қызметкерлерінің ғылыми-реставрациялау жұмыстарын дербес жүргізуі оның белгіленген қызметіне сәйкес келмейді. 

Сонымен қатар заңнамаға сәйкес ғылыми-реставрациялау жұмыстарын тиісті лицензиясы мен материалдық-техникалық базасы бар ұйымдар жүргізе алады. Бүгінгі таңда «Қазреставрация» РМК мамандандырылған кәсіпорнымен Сарайшық қалашығының аумағында консервациялау жұмыстары жүргізілді және кейінгі жылдары қалпына келтіру жұмыстары жалғасады. 

Музей-қорықтың мұрағаттық материалдарын анықтау бойынша ү.ж. 3 қазанында Ресей Федерациясының (Астрахань, Волгоград) қалаларына экспедиция ұйымдастырылды. Қазіргі уақытта жүргізілген экспедиция барысында Сарайшық қалашығының тарихына қатысты алынған материалдар зерттелуде. 

Ағымдағы жылдың соңына дейін 2020-2022 жылдарға қарастырылған бюджет шеңберінде ғылыми жобаларға конкурс жарияланып, онда Музей-қорық өз жобаларымен Сарайшық қалашығына қатысты археологиялық жұмыстарды жүргізу және шетелдік көздерден алынған мұрағаттық материалдарды анықтау үшін қатысады.

Сонымен қатар 2020 жылы республикалық деңгейде Алтын Орданың 750 жылдығын мерекелеу жоспарланып отыр. 

Осыған байланысты 2020 жылға арналған тиісті жоспар жобасы әзірленді. 

2019 жылғы 10-11 қазанда Музей-қорықта Түркия, Ресей, Қытай, Германия елдерінің отандық және шетелдік ғалымдарының қатысуымен «Жошы ұлысы және Сарайшық-Қазақ мемлекеттілігінің бастауында» атты халықаралық ғылымитәжірибелік конференция өтті. 

Осы іс-шара аясында Музей-қорықтың виртуалды нұсқасы таныстырылды. 

Келесі жылы Музей-қорықта Керуен сарайдың, ортағасырлық Сарайшық қалашығы цитаделінің қақпасын қалпына келтіру және Сарайшық қалашығының маңында Қасым ханға монументалды ескерткіш орнату сияқты іс-шаралар өткізу жоспарлануда. 

Қазіргі уақытта ғылыми-реставрациялау жұмыстарын жүргізуге ғылыми-жобалау құжаттамасы әзірленуде. 

Сондай-ақ 2020 жылы ортағасырлық Сарайшық қалашығының қорғау аймақтарын анықтау бойынша жұмыстар жүргізілетін болады. 

Бұдан басқа, 2020 жылы республикалық және өңірлік БАҚ-тарда атаулы күнді міндетті түрде ақпараттық сүйемелдеу жоспарланып отыр. 

Аталған іс-шаралар Музей-қорықтың қызметін жандандыруға бағытталған. Осыған байланысты Сарайшық Музей-қорығын дамытуға арналған Үкіметтің жекелеген кешенді шешімін әзірлеу және қабылдау орынсыз.  

Баяндалғанның негізінде, осы бағыттағы жұмыс жалғасатын болады және Үкіметтің бақылауында тұр. 

 


 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу