Ауыл тұрғындарын әлеуметтік қорғау және зейнетақымен қамтамасыз етуге қатысты депутаттық сауал

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Ә. Бектаевтың 2020 жылғы 13 қарашадағы №16-13-244 депутаттық сауалына жауап.

Премьер-Министр — Асқар Мамин

Ауылдық жерлерде тұратын азаматтарды зейнетақымен және әлеуметтік қамсыздандыруға қатысты Сіздің депутаттық сауалыңызға мынаны хабарлаймыз.

«Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңға (бұдан әрі – Заң) сәйкес зейнетақы төлемдері базалық, ынтымақты және жинақтаушы құрамдас бөліктен тұрады.

Ынтымақты зейнетақы төлемі 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін кемінде алты ай еңбек өтілі бар азаматтарға төленеді. Еңбек өтілін есептеуде еңбек кітапшасы және жекелеген әлеуметтік маңызы бар кезеңдер, яғни әскери қызмет, жоғары және орта арнаулы оқу орындарындағы оқу мерзімі, үш жасқа толғанға дейін жалпы жиынтығы он екі жыл шегінен аспайтын жас балаларды, 16 жасқа дейінгі мүгедек баланы бағып-күткен уақыт ескеріледі. Дегенмен жылдан-жылға еңбек өтілінің қысқаруына байланысты ынтымақты зейнетақының көлемі азайып, базалық және жинақтаушы зейнетақы төлемдерінің үлесі артады.

Заң Қазақстан Республикасының барлық азаматтарына тең құқық беру қағидатына негізделгендіктен, зейнетақы мөлшері зейнеткердің ауылда немесе қалада тұратынына байланысты болмайды.

Бүгінгі таңда жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысушылардың саны 11,2 млн адамды құрайды, оның ішінде ауыл азаматтары – 4,7 млн адам. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы зейнетақы жинақтарының сомасы 12,2 тлрн теңгені құрайды, оның 3,6 трлн теңгесі ауылдық жерлерде тұратын азаматтарға тиесілі. Зейнетақы төлемінің орташа мөлшері республика бойынша 121 282 теңгені (базалық – 29 520 теңге, ынтымақты – 64 538 теңге, жинақтаушы – 27 224 теңге), ал ауыл тұрғындарының зейнетақы төлемдерінің орташа мөлшері 108 858 теңгені құрайды.

Заңға сәйкес азаматтарға зейнетақы төлемін тағайындау кезінде еңбек өтілі еңбек кітапшасындағы, ақпараттық жүйедегі мәліметтер немесе архив деректері негізінде есепке алынады. Мұндай мәліметтер болмаған жағдайда еңбек өтілін сот шешімі негізінде растауға мүмкіндік бар екенін атап өткен жөн.

Қазіргі таңда, Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 18 маусымдағы № 841 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғыртудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасының екінші кезеңі іске асырылуда. Оның аясында базалық зейнетақыны 2030 жылдан бастап ең төменгі кепілдік берілген зейнетақыға айналдыру қарастырылған.

Атап айтқанда, базалық зейнетақының ең төменгі мөлшерін ең төменгі күнкөріс деңгейі көлемінің 54 пайызынан 70 пайызына дейін арттыру, зейнетақы жүйесіне қатысу өтілінің 5 жылдан кейінгі әрбір жылы үшін төлем мөлшерін 2 пайызға ұлғайту (бұл қазіргі кездегіден тағы 10 пайызға артық), сондай-ақ мөлшердің ең жоғары шектеуін алып тастау көзделеді (қазіргі уақытта еңбек өтілі 33 жыл және одан көп болған кезде бір ең төменгі күнкөріс деңгейі шегінде төлем мөлшерін шектеу көзделген).

Бұл шара зейнетақымен қамсыздандыру, оның ішінде табысы төмен азаматтардың өмір сүру деңгейін көтеруге мүмкіндік береді.

Халықты жұмыспен қамту мақсатында Үкімет кешенді шаралар қабылдап жатыр. Осы жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларымен 488,1 мың адам қамтылды, оның ішінде 261,7 мың қатысушы – ауыл тұрғындары. Жалпы 202,5 мың ауыл азаматтары жұмысқа орналасты, 59,2 мың адам – микрокредиттер мен гранттар алу арқылы кәсіпкерлікке және тағы басқа шараларға тартылды.

2020-2021 жылдарға арналған жұмыспен қамту жол картасы шеңберінде 6,7 мың инфрақұрылымдық жоба іске асырылса, оның 60 %-ы ауылдық жерлерге тиесілі. Жалпы 217 мың жұмыспен қамтылғандардың ішінде 130 мыңы – ауыл тұрғындары.

Сонымен қатар өзге де салалық мемлекеттік бағдарламалардың аясында жұмыспен қамту шаралары жалғасуда.

Балалы отбасыларды әлеуметтік қорғау мәселесіне келетін болсақ, республикалық деңгейде ана мен баланы қолдау мақсатында 10 түрлі жағдай бойынша әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақылар қарастырылған.

2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап аз қамтылған және көп балалы отбасыларды әлеуметтік қолдаудың жаңа тәсілдері енгізілді.

Жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызынан төмен отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек пен балалардың жас ерекшелігіне қарай азық-түлік, тұрмыстық химия жиынтығы, мектепте тегін тамақ, мектеп формасы және қалалық қоғамдық көлікте жеңілдікпен жол жүруді қамтитын әлеуметтік пакет беріледі. Бүгінгі таңда 170,1 мың отбасы атаулы әлеуметтік көмек, 211,1 мың бала әлеуметтік пакет алды.

Бұл ретте еңбекке қабілетті атаулы әлеуметтік көмек алушыларға 37,0 мың жұмыспен қамту шаралары көрсетілді (25,8 мыңға жуық адам тұрақты жұмыс орындарымен, 9,7 мың адам уақытша жұмыспен қамтылды, 938 адам өз ісін ашты, 610 адам оқуға жіберілді, аталған кезеңде 2,7 мың отбасы атаулы әлеуметтік көмектің біржолғы төлемін алды, оның 96 % бұл қаражатты жеке қожалықтарын дамытуға жұмсады).

2018 жылғы 1 қаңтардан бастап атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау өлшемі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 40 пайызынан 50 пайызына дейін, 2019 жылғы 1 сәуірден бастап 50 пайызынан 70 пайызға дейін арттырылды.

Қазақстан Республикасы Президентінің 2018 жылғы 15 ақпандағы № 636 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарына сәйкес атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау өлшемін ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасына дейін арттыру жоспарлануда.

Төрт және одан көп балалы отбасыларға табысына қарамай ай сайын мемлекеттік жәрдемақы тағайындалады. Жалпы 389,4 мың отбасы балалар санына байланысты ай сайын 44,5 мың теңгеден (4 бала) 177,7 мың теңгеге (16 бала) дейін мемлекеттік жәрдемақы алады.

Соңғы үш жылда аз қамтылған және көп балалы отбасыларға берілетін төлемдер сомасы 5 есе артты (2018 жылғы 60 млрд теңге, 2020 жылы 304 млрд теңге).

Балалы отбасыларды қолдау шараларын одан әрі жетілдіру мәселесі Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әзірленіп жатқан Әлеуметтік кодекс аясында республикалық бюджеттің мүмкіндіктеріне қарай жүзеге асырылатын болады.

Қазіргі таңда Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2030 жылға дейінгі зейнетақы жүйесін жаңғыртудың қолданыстағы тұжырымдамасын жетілдіру бойынша жаңа бастамалар әзірленуде.

Сонымен қатар, бюджеттен тыс әлеуметтік қорларды кезең-кезеңімен шоғырландыру мәселесі пысықталуда. Ең алдымен, қорлардың ақпараттық жүйелерін біріктіру жолымен бірыңғай ақпараттық жүйе құру мүмкіндігі қарастырылады.

Сіздің ұсыныстарыңыз аталған жұмыстың аясында ескеріліп, арнайы құрылған жұмыс тобының отырыстарында қаралатын болады. 

Жалпы халықты әлеуметтік қолдау және зейнетақымен қамсыздандыру мәселелері Үкіметтің тұрақты бақылауында.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу