Түркістан облысы Мақтаарал ауданында қызыл су салдарынан орын алған техногенді төтенше жағдай туралы депутаттық сауал

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Қ. Ержан, Е. Бектұрғанов, М. Ерман, З. Балиева, Д. Мыңбай, Ф. Қаратаев, З. Аманжолова, Ш. Өтемісов, А. Перуашев, К. Абсатиров, Е. Барлыбаев, Б. Дүйсембинов, Д. Еспаева, М. Қазбекова, Е. Никитинская, В. Косарев, А. Қоңыровтың 2020 жылғы 6 мамырдағы №ДС-90 Түркістан облысының Мақтаарал ауданындағы су тасқыны салдарынан орын алған техногендік сипаттағы төтенше жағдайдың салдарларына қатысты депутаттық сауалына жауап.

Премьер-Министр — Асқар Мамин

 

Сіздердің Түркістан облысының Мақтаарал ауданындағы су тасқыны салдарынан орын алған техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарларына қатысты сауалыңызды қарап, келесіні хабарлаймыз. 

Өзбекстан Республикасының аумағындағы Сардоба су қоймасы бөгетінің бұзылуына байланысты Түркістан облысы әкімінің биылғы 2 мамырдағы №3 шешімімен жергілікті ауқымдағы техногендік сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. 

«Қазақстан Республикасы Үкіметінің төтенше резервінен қаражат бөлу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің биылғы 13 мамырдағы №291 қаулысымен Түркістан облысының әкімдігіне төтенше жағдайдың зардаптарын жоюға аудару үшін, оның ішінде: 

  • Мақтаарал ауданының су астында қалған Достық, Жеңіс, Жаңа Тұрмыс, Өргебас және Фирдоуси елді мекендерінің тұрғындарына өтемақы түрінде келтірілген зиянды (залалды) 100 000 теңгеден өтеу үшін 650 млн теңге; 
  • тұрғын үйлерді салу үшін 4 млрд теңге;
  • Мырзакент елді мекеніндегі инженерлік инфрақұрылым құрылысын жүргізу үшін 3,738 млрд теңге; 
  • Өргебас және Фирдоуси елді мекендеріндегі сумен жабдықтау жүйесін қайта жаңарту және қалпына келтіру үшін 562 млн теңге; 
  • көлік инфрақұрылымын қалпына келтіру үшін 1,05 млрд теңге бөлінді.

Техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарынан бес елді мекенде (Жеңіс, Жаңа Тұрмыс, Достық, Өргебас және Фирдауси) 1 030 тұрғын үй зардап шекті. 

Жүргізілген техникалық зерттеп-қараудың нәтижелері бойынша 437 үй жаңа құрылысқа жатады (соның ішінде 235 үй Үкіметтің төтенше резервінің қаражаты есебінен). 

Су тасқынынан зардап шеккен залалды алдын ала бағалау қорытындысы бойынша Үкіметтік комиссия Достық, Жаңа Тұрмыс және Жеңіс кенттерінің тұрғындарын көшіру және Мырзакент кенті аумағында орналасқан жаңа шағын ауданда оларға арналған үйлер салу туралы шешім қабылдады. 

Осы мақсатта елді мекеннің шетіне 70 га алаңымен жер учаскесі бөлінді. 

Әзірленген үлгілік жобаларға сәйкес әрбір үйдің жалпы алаңы 100 шаршы метрді құрайды, бөлме саны 4 болады. 

Құрылыс алаңдарында 32 құрылыс компаниясы, 900 жұмысшы және 60 бірлік арнайы техника жұмыс істеп жатыр. 

Тұрғын үй құрылысын биылғы 1 тамызға дейін аяқтау жоспарланған. 

Сонымен қатар, Жетісай және Мақтаарал аудандарында әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында Түркістан облысы әкімдігінің ұсынысы бойынша заңнамада белгіленген тәртіпте Өзбекстан Республикасының аумағындағы Сардоба су қоймасы бөгетінің бұзылуы салдарынан су тасқынынан зардап шеккен Түркістан облысының Мақтаарал және Жетісай аудандарының агроөнеркәсіптік кешен субъектілеріне өтемақы төлеу үшін 2020 жылға арналған республикалық бюджетте шұғыл шығындарға Қазақстан Республикасы Үкіметінің резервінен 3490,8 млн теңге сомасында қаражат бөлу бойынша жұмыстар жүргізілетін болады. 

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Оңтүстік Қазақстан гидрогеологиялық-мелиоративтік экспедициясы» РММ (бұдан әрі – ГГМЭ) күн сайын жер асты суларының деңгейін өлшеу жүргізілуде. 

ГГМЭ-ның көпжылдық бақылауының деректері бойынша шаю кезеңінен бастап (ақпан-наурыз) және суару кезеңі аяқталғанға дейін (қыркүйек-қазан) барлық су басқан ауылдық округтерде жер асты суларының орналасу деңгейі сыни белгіге (1-2 метр) дейін көтеріледі. Бұл жағдай қолданыстағы коллекторлық-дренаждық желілердің техникалық жай-күйінің нашарлауына байланысты болып отыр. 

Осыны ескере отырып, аталған ашық көлденең коллекторлық-дренаждық желілер «Ирригациялық және дренаждық жүйелерді жетілдіру. 2-кезек» жобасына енгізілді, оларды іске асыру 2019 жылдан бастап басталды және 2021 жылы аяқталатын болады. Бұдан басқа, аталған жобаның шеңберінде суармалы жерлердің мелиоративтік жағдайын жақсарту мақсатында жер асты суларының деңгейін төмендету үшін 149 бірлік тік дренаж ұңғымасын салу көзделуде. 

Сонымен бірге, су басқан ауданда эпидемиологиялық жағдайдың шиеленісуіне жол бермеу мақсатында Денсаулық сақтау министрлігінің Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрағасымен Түркістан облысының Мақтаарал ауданында су тасқыны салдарын жою бойынша санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шаралар жоспары (бұдан әрі – Жоспар) бекітілді. 

Жеңіс, Өргебас, Достық, Фирдоуси, Жаңатұрмыс елді мекендерін су басқаннан кейінгі өткен уақытта аурушаңдық деңгейінің артуы, оның ішінде инфекциялық аурушаңдық тіркелген жоқ. СОVID-19 коронавирус инфекциясымен ауырған 7 адамның 5-уі жазылды, 2-уі инфекциялық ауруханада ем алуда. Елді мекендерді су басу оқиғасымен және адамдардың эвакопунктерде болуымен аурудың байланысы жоқ. 

Аурушаңдықтың мониторингі Мақтаарал ауданының санитариялықэпидемиологиялық қызметі мен аудандық аурухананың мамандарымен Жоспарға сәйкес жүргізіледі, эвакуацияланғандарды медициналық қамтуға Сарыағаш, Келес, Шардара, Жетісай, Асықата, Мырзакент, Атакент аудандық ауруханалардың мамандары жұмылдырылған. 

Сумен жабдықтау көздері мен су құбыры жүйелерін және эпидемиологиялық тәуекелді объектілерді дезинфекциялау бойынша ісшаралардың орындалуына бақылау ұйымдастырылған. Фирдоуси елді мекенінде 2 ұңғымаға дезинфекция жасалынды. 

Түркістан облысындағы төтенше жағдайды және оның салдарын жою мәселелері Үкіметтің ерекше бақылауында тұр.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу