«Жайылымдар туралы» заңды орындауда атқарушы органдардың міндеттерін белгілеу туралы депутаттық сауал

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Ә. Нұралиевтің, М. Жолдасбаевтың ет өндірісін, оның экспорттық әлеуетін дамытуда «Жайылымдар туралы» заңды орындау мақсатында жауапты атқарушы органдардың тиісті міндеттерін белгілеуге қатысты депутаттық сауалына жауап.

Премьер-Министр — Асқар Мамин

Бүгінгі күні жергілікті атқарушы органдардың (бұдан әрі – ЖАО) және жер теңгерімінің деректері бойынша республикада 184,5 млн га жайылым алқаптары бар, оның 75,1 млн га босалқы жерлерде орналасқан.

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі (бұдан әрі – Министрлік) халықтың және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің иелігіндегі ауыл шаруашылығы жануарларының ауылдық округтер бөлінісінде жайылымдық алқаптармен қамтамасыз етілуіне талдау жүргізді.

Мәселен, елді мекендердегі жайылымдық алқаптардың көлемі 20,9 млн. га құрайды. Жеке аулаларда 6,7 млн. шартты ауыл шаруашылығы жануарлары болған жағдайда, жайылым алаңдарына арналған жүктеме нормалары бойынша қосымша 32,4 млн. га қажет етіледі. Елді мекендер үшін жайылымдық алқаптардың тапшылығы Ақтөбе мен Батыс Қазақстан облыстарынан басқа барлық облыстарда байқалады.

Жайылымдық алқаптармен қамтамасыз етілуге жүргізілген талдауға сүйенсек, республикадағы жекелеген ауылдық округтер жайылымдық жерлерге зәру, әсіресе бұл оңтүстік өңірлерде байқалады.

Ауылдық округтер үшін жайылымдардың қажеттігін «Жайылымдар туралы» ҚР Заңына (бұдан әрі – Заң) сәйкес Жайылымдарды басқару және пайдалану жөніндегі жоспарлар (бұдан әрі – Жоспарлар) шеңберінде жайылымдық жерлерді қайта бөлу есебінен толықтыру жоспарлануда.

Ұйымдастырылған ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге 73,4 млн. га жайылым бекітіп берілген. Ауыл шаруашылығы жануарларының 3,1 млн. шартты басы болған жағдайда, жүктеме нормалары бойынша 26,3 млн. га жайылым қажет етіледі, резерв – 47,1 млн. га.

Заң нормаларын іске асыру мақсатында Министрлік жергілікті атқарушы органдардың (АШБ, ЖҚБ) қатысуымен Заңның негізгі нормаларын түсіндіру жөнінде селекторлық және көшпелі кеңестер өткізді.

Атап айтқанда, Жоспарларды барлық облыстардың аудандары бөлінісінде әзірлеген, ал Заңға сәйкес оларды ауылдық округтер бөлінісінде әзірлеу және бекіту қажет. Жоспарларды әзірлеу кезіндегі кемшіліктерді жою үшін Министрлік Парламент Мәжілісінің Аграрлық мәселелер комитетімен бірлесіп, Ақмола облысы Шортанды ауданының Дамса ауылдық округі бойынша жоспардың пилоттық жобасын әзірлеп, үлгі ретінде барлық облыстар әкімдіктеріне жіберді.

Қазіргі уақытта ЖАО Дамса ауылдық округі бойынша жоспардың пилоттық жобасына сәйкес 2020-2021 жылдарға арналған жоспарларды әзірлеуде.

Бұдан басқа, 2020 жылы Министрлік Заңның негізгі нормаларын түсіндіру жұмысын одан әрі жалғастыру және ауылдық округ әкімдерін тарта отырып, Заңды практика жүзінде іске асыру тәжірибесімен алмасу семинарларын өткізу үшін өңірлерге шығуды жүзеге асыратын болады.

Бұдан басқа, Министрлік шаруа және фермер қожалықтарының, ауыл шаруашылығы өндірушілерінің жайылымдарды нақты пайдалануына немесе пайдаланбауына объективті және дұрыс мониторинг жүргізу үшін Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 92-бабына негізделген іс-қимылдар тәртібін әзірлеп, облыстардың әкімдіктеріне жіберді.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысының 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық жоспардың 43-тармағына сәйкес пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлерін алып қою жөніндегі тиісті тетіктерді күшейте отырып, өндірістік қызметке тарту бөлігінде Министрлік тексеру кезеңдерін және пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін алып қою мерзімдерін қысқарту (2 жылдан 1 жылға дейін), сондай-ақ пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлеріне салынатын салықты 50 есе ұлғайту бөлігінде жер, кәсіпкерлік және салық кодекстеріне түзетулер әзірледі.

Жалпы жер заңнамасының сақталуын мемлекеттік бақылау бойынша жұмыстар шеңберінде 2016-2019 жылдар аралығында сот арқылы мемлекеттік меншікке 4,1 млн. га пайдаланылмай жатқан жайылымдық жерлер қайтарылды. Сонымен қатар жыл сайын ауыл шаруашылығы айналымына шамамен 2 млн. га жайылым алқаптары, оның ішінде босалқы жерлер тартылады. Мысалы, бұл көрсеткіш 2017 жылы 71 млн. га болса, 2018 жылы 72 млн. га, 2019 жылы 73,4 млн. га болды.

Сонымен қатар осы аралықта пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге жер салығының базалық мөлшерлемелерін 10 (он) есеге жоғарылату бойынша 2602 нұсқама берілген.

Заңның 9-тармағына сәйкес жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне жайылымдарды басқару және пайдалану жөніндегі жоспардың іске асырылуын қамтамасыз ету, оны іске асыру қорытындылары туралы жыл сайын ауданның,

облыстық маңызы бар қаланың жергілікті өкілді органына есеп беру, жайылымдарды геоботаникалық зерттеп-қарау негізінде жайылым айналымдарының схемасын әзірлеу және бекіту жайылымдарды ұтымды пайдалану жөніндегі іс-шараларды жүргізу туралы жайылым пайдаланушылар арасында түсіндіру жұмыстарын жүзеге асыру жатады.

Сондай-ақ, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес жер қатынастарын реттеуді жергілікті атқарушы органдар жүзеге асырады.

Жоғарыда айтылғандардың негізінде, Заңды орындау мақсатында жауапты атқарушы органдардың құзыреттерін айқындау мәселесі «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының Заңы мен Заң шеңберінде қарастырылғанын және реттелетіндігін атап өтеміз.

 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу