Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 31 желтоқсандағы №979 Қаулысы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Қолжетімді кредит беру міндетін шешу үшін ұзақ мерзімді теңгелік өтімділікті қамтамасыз етудің кейбір мәселелері туралы» 2018 жылғы 11 желтоқсандағы № 820 және «Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдаудың кейбір шаралары туралы» 2019 жылғы 31 желтоқсандағы № 1060 қаулыларына өзгерістер енгізу туралы
 

Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

1. Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне мынадай өзгерістер енгізілсін:

1) «Қолжетімді кредит беру міндетін шешу үшін ұзақ мерзімді теңгелік өтімділікті қамтамасыз етудің кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 11 желтоқсандағы № 820 қаулысында:

         көрсетілген қаулымен бекітілген Басым жобаларға кредит беру және қаржылық лизинг тетігінде:

         1-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

     «1. Қызметін өңдеу өнеркәсібінде және агроөнеркәсіптік кешенде жүзеге асыратын жеке кәсіпкерлік субъектілерін (бұдан әрі – ЖКС) қолдау үшін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі мен «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның (бұдан әрі – АНК) 2018 – 2022 жылдары екінші деңгейдегі банктерді (бұдан әрі – ЕДБ) қаржыландыруының жалпы көлемі 1 трлн теңгеге дейін.»;

         3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«3. Нысаналы индикаторлар

Нысаналы индикаторлар:

1) қарапайым заттар экономикасының тауарлары бойынша импорт үлесін 2023 жылға қарай 2018 жылғы деңгейден 20 %-ға төмендету;

2) қарапайым заттар экономикасы өнімдерін шығаруды 2023 жылға қарай 2018 жылғы деңгейден 20 %-ға өсіру.»;

7-тармақтың төртінші бөлігінің 4) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

«4) «Банктік және сақтандыру қызметінің, бағалы қағаздар рыногының кәсіби қатысушылары қызметінің және бағалы қағаздар рыногында лицензияланатын басқа да қызмет түрлерінің, акционерлік инвестициялық қорлар және микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдар қызметінің мақсаттары үшін офшорлық аймақтардың тізбесін белгілеу туралы» Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі басқармасының 2020 жылғы 24 ақпандағы № 8 қаулысында (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №20095 болып тіркелген) көрсетілген офшорлық аймақтарда тіркелген, сондай-ақ қатысушылары және (немесе) акционерлері офшорлық аймақтарда тіркелген ЖКС жобалары қаржыландырылмайды;»;

10-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«10. ЖКС жобаларына кепілдік беру шарттары:

Номиналды сыйақы мөлшерлемесі жылдық 15 %-дан аспайтын ЕДБ кредиттеріне/ЛК қаржылық лизингіне кепілдік берілуге тиіс. Қарыз алушының бір жобасы шеңберінде кепілдік көлемі 1 млрд теңгені қоса алғанға дейінгі кредит/қаржылық лизинг сомасының 50 %-ынан аспайды.

Кепілдік мерзімі кредит мерзімінен аспайды.

Бұл ретте кредит бойынша қамтамасыз етудегі айырманы (кепіл құнын) кәсіпкер жабады.

Қаржылық лизинг бойынша ЖКС лизинг нысанасы құнының кемінде 20%-ы мөлшерінде меншікті қаражатымен (ақшасымен) қатысуды қамтамасыз етеді.

Қаржылық лизинг бойынша жылжымайтын және/немесе жылжымалы мүлікті, сондай-ақ құрылтайшылардың/қатысушылардың/акционерлердің және/немесе үшінші тұлғалардың кепілдіктерін қосымша қамтамасыз ету ретінде қабылдауға жол беріледі.

Бұл ретте ҚДБ-нің орта және ірі бизнестің жобаларына мынадай шарттарда кепілдік беруіне жол беріледі:

қарыз алушының бір кредиті шеңберіндегі кепілдік мөлшері – 3,5 млрд теңгеден 10 млрд теңгеге дейін;

ҚДБ кепілдігі бойынша комиссия мөлшері 3,5 %-дан аспайды;

кепілдік мерзімі 10 жылдан аспайды.

Осы тетік шеңберінде іске асырылатын жобаларға кепілдік беру шарттары, тәртібі және тетігі, сондай-ақ олардың мониторингі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 31 желтоқсандағы № 1060 қаулысымен бекітілген «Бизнестің жол картасы-2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде Кредиттер бойынша кепілдік беру қағидаларымен регламенттеледі.

Агроөнеркәсіптік кешендегі өндіріс және қайта өңдеу бойынша іске асырылатын жобаларға кепілдік беру шарттары, тәртібі мен тетігі, сондай-ақ олардың мониторингі агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның бұйрығымен регламенттеледі.       »;

2) «Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдаудың кейбір шаралары туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 31 желтоқсандағы №1060 қаулысында:

көрсетілген қаулымен бекітілген «Бизнестің жол картасы-2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау қағидаларында:

1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«1. Осы «Бизнестің жол картасы-2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау қағидалары (бұдан әрі – Субсидиялау қағидалары) Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес әзірленді және кәсіпкерлік субъектілеріне екінші деңгейдегі банктердің кредиттері/лизингтік компаниялардың қаржылық лизинг шарттары бойынша сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау шарттарын, тетігін және тәртібін айқындайды.»;

7-тармақта:

    1. тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

«1-1) арнайы қаржы компаниясы – жобалық қаржыландыру және секьюритилендіру мәмілелерін жүзеге асыру үшін «Жобалық қаржыландыру және секьюритилендiру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес құрылатын, пайдасына талап ету құқығы берілетін заңды тұлға;»;

18) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

«18) мемлекеттік-жекешелік әріптестік – мемлекеттік және жекеше әріптес арасындағы «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы» Қазақстан Республикасының Заңында айқындалған белгілерге сәйкес келетін ынтымақтастық нысаны;»;

көрсетілген қаулымен бекітілген «Бизнестің жол картасы-2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде кредиттер бойынша кепілдіктер беру қағидаларында:

1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«1. Осы «Бизнестің жол картасы-2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде кредиттер бойынша кепілдіктер беру қағидалары (бұдан әрі – Кепілдік беру қағидалары) Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне (бұдан әрі – Кодекс) сәйкес әзірленді және кәсіпкерлердің кредиттері бойынша міндеттемелердің орындалуын ішінара қамтамасыз ету ретінде кепілдіктер беру тетігі мен шарттарын айқындайды.».

2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

 

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі        А. Мамин

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу