Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 04 наурыздағы №175 Қаулысы

Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі техникалық реттеу және метрология саласында көрсететін мемлекеттік қызмет стандарттарын бекіту және Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп тану туралы

 

«Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» 2013 жылғы 15 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңы 6-бабының 3) тармақшасына және 9-бабының 11) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

1. Қоса беріліп отырған:

1) «Өлшем құралдарының типін бекіту туралы сертификат беру» мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарты;

2) «Метрологиялық аттестаттау туралы сертификат беру» мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарты;

3) «Сәйкестікті растау, аккредиттеу, тауардың шығарылған елін, Кеден одағы тауарының немесе шетел тауарының мәртебесін айқындау жөніндегі сарапшы-аудиторды аттестаттау»мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарты;

4) «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасын дайындау үшін лицензия беру, қайта ресімдеу, лицензияның телнұсқаларын беру» мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарты;

5) «Қазақстан Республикасының аумағында қолданылатын халықаралық, өңiрлiк стандарттарды және шетел мемлекеттері стандарттарын, шетел мемлекеттері ұйымдарының стандарттарын, техникалық-экономикалық ақпарат жiктеуiштерін, стандарттау, сәйкестiктi растау және аккредиттеу жөніндегі қағидаларын, нормалары мен ұсынымдарын есепке алу» мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарты;

6) «Мемлекеттік басқару органдарының, жеке және заңды тұлғалардың метрологиялық қызметтер жұмысын жүзеге асыруы жөніндегі нормативтік құжаттарды келісу» мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарты бекітілсін.

2. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:

1) «Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі техникалық реттеу және метрология саласында көрсететін мемлекеттік қызмет стандарттарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 31 тамыздағы № 1129 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2012 ж., № 68, 991-құжат);

2) Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Жеке және заңды тұлғаларға көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің тізілімін бекіту туралы» 2010 жылғы   20 шілдедегі № 745 және «Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі техникалық реттеу және метрология саласында көрсететін мемлекеттік қызмет стандарттарын бекіту туралы» 2012 жылғы     31 тамыздағы № 1129 қаулыларына өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 7 маусымдағы № 587 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2010 ж., № 44, 401-құжат).

3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

 

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі                            С. Ахметов

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу