А. Мамин РФ Үкіметі Төрағасының орынбасары М. Хуснуллинмен кездесу өткізді

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин РФ Үкіметі Төрағасының орынбасары Марат Хуснуллинмен кездесу өткізді.

Тараптар сауда-экономика, өнеркәсіптік кооперация, транзиттік-көлік, құрылыс салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту, сондай-ақ ҚР мен РФ аймақаралық ынтымақтастығының XVII форумы аясында қол жеткізілген жоғары деңгейдегі уағдаластықтарды іске асыру мәселелерін талқылады.

Келіссөз барысында көлік инфрақұрылымының озық дамуы, екі елдің транзиттік әлеуетін күшейту және «Батыс Еуропа – Батыс Қытай», «Солтүстік – Оңтүстік» дәліздері және ЕАЭО кеңістігіндегі басқа бағыттар аясындағы аймақтық көліктік өзара байланыс мәселелеріне ерекше назар аударылды. 

ҚР Премьер-Министрі инфрақұрылымды дамыту жұмыстарын үйлестіру, сондай-ақ Қазақстан-Ресей шекарасы арқылы өткізу пункттерін реконструкциялау арқылы көлік әлеуетінің тиімділігін арттыру қажет екенін атап өтті.

Ресей – Қазақстанның негізгі сауда-экономикалық серіктесі. Биыл елдер арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық серпіні біртіндеп қалпына келтіріліп жатыр. Осы жылғы қаңтар-шілде айларында екіжақты тауар айналымы $12,7 млрд құрады, бұл 2020 жылғы сәйкес кезеңінің көрсеткішінен 26,7%-ға жоғары. Қазіргі динамика сақталған жағдайда, екі ел арасындағы сауда көлемі биыл $20 млрд-тан асуы мүмкін.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-ботқа жазылыңыз

Жазылу