2020 жылғы 2-8 қараша аралығындағы аптаның айшықты оқиғалары
Сейсенбі күні ҚР Премьер-Министрі А. Маминнің төрағалығымен кезекті Үкімет отырысы өтті, онда жылыту маусымы кезіндегі өрт қауіпсіздігі мәселесі және Түркістан қаласының бас жоспарының жобасы қаралды.
2 қарашада Премьер-Министр коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ВАК-тың селекторлық отырысына қатысты. ВАК шетел азаматтарының мемлекеттік шекараны кесіп өту тәртібіне, визасыз режимге, сондай-ақ Түркиямен әуе рейстеріне өзгерістер енгізу бойынша бірқатар шешім қабылдады.
Сәрсенбі күні, 4 қарашада ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин «Татнефть» ЖАҚ бас директоры Наиль Магановты қабылдады. Тараптар Қарағанды облысының Саран қаласында автомобиль шиналарын өндіру жобасын іске асыру жөніндегі дайындық жұмыстарының барысын талқылады.
6 қараша күні Асқар Мамин бейнеконференция байланысы режимінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Үкімет басшылары кеңесінің отырысына қатысты. ТМД-ға қатысушы елдердің бірлескен туристік жобаларды іске асыру бастамасын көтеріп, ТМД аясында «жасыл» технологияларды дамыту және енгізу бойынша бірлескен іс-қимыл жоспарын әзірлеуді ұсынды. Отырыс қорытындысы бойынша ынтымақтастықтың басым бағыттары туралы бірқатар келісімдер қабылданды.
Сенбіде, 7 қараша күні ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Маңғыстау облысына жұмыс сапарымен барды. Ақтау қаласында Асқар Мамин өңірдегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуал мәселелері жөнінде кеңес өткізді, 200 төсек-орындық жаңа модульді жұқпалы аурулар ауруханасын, жедел жәрдем машиналары мен жылжымалы медициналық кешендерді аралап көрді.
Дәл осы күні Ақтау курорттық аймағының инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізіп, жаңа қонақ үй-туристік кешендердің құрылысын бастап берді. Кеңестен соң туристік нысандар құрылысының жобалары таныстырылды.
Асқар Мамин отандық және шетелдік инвесторлармен бірлесіп қонақ үйлер, гольф-клуб және тақырыптық ойын-сауық саябағының құрылысының тасын салу рәсіміне қатысты.
8 қарашада Премьер-Министр жұмыс сапарымен Шығыс Қазақстан облысына барды. Өскемен қаласында Асқар Мамин өңірдегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуал мәселелері жөнінде селекторлық кеңес өткізді. Үкімет басшысы облыс әкімдігіне коронавирус инфекциясының одан әрі таралуына жол бермеу бойынша жұмысты күшейтуді тапсырды.
Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз