Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» №21

2019 жылғы 15-20 шілде аралығындағы аптаның айшықты оқиғалары

  • Өткен аптаның басты оқиғасы Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың төрағалығымен өткен ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысы болды. Отырыс барысында 2019 жылдың І жарты жылдығындағы еліміздің экономикалық даму қорытындылары қаралды. 

  • 15 шілде күні ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин КАМАЗ ЖАҚ-пен экспортқа бағытталған жобаларды іске асыру бойынша ниеттестік туралы Келісімге қол қоюға қатысты. Құжатқа индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Р. Скляр, «КАМАЗ» ЖАҚ бас директоры С. Когогин, Қостанай облысының әкімі А. Мұхамбетов және «БРК - Лизинг» АҚ басқарма төрағасы Н. Байбазаров қол қойды. 

  • 16 шілде күні Асқар Мамин Қазақстан бойынша ХВҚ миссиясының басшысы М. Хортонмен кездесті. Кездесуде ХВҚ-мен қаржылық, салық-бюджет, инвестициялық саясатты жетілдіру саласындағы ынтымақтастық әлеуетін одан әрі дамыту мәселелері талқыланды.

  • 16-17 шілде күндері ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Маңғыстау облысына жұмыс сапарымен барды, онда ӨР Премьер-Министрі А. Ариповпен бірге «Бейнеу – Ақжігіт – Өзбекстан шекарасы» бағытындағы автокөлік жолын ашты. Өңірде ҚР Үкіметінің басшысы бірқатар инновациялық өнеркәсіптік кәсіпорындарға барды, «жасыл экономиканың» дамуымен және инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылуымен, жаңа мәдени және туристік нысандардың салыну барысымен танысты.

  • 17-18 шілдеде Асқар Мамин Атырау облысына жұмыс сапарымен барды, онда Теңізде салынып жатқан үшінші буын зауытына барды, Қашаған кен орны мен Д жасанды аралын ұшумен аралады. Өңірде ҚР Үкіметінің басшысы жергілікті қамтуды дамыту, мұнай-газ машинасын жасау, ҚР еңбек заңнамасын сақтау мәселелері бойынша кеңес өткізді. Сонымен қатар ҚР Премьер-Министрі «АМӨЗ» ЖШС мұнайды терең өңдеу кешенін, «АтырауМұнайМаш», «Ұлттық индустриялық мұнайхимия технопаркі» АЭА, «Полимер Продакшн», «Kazakhstan Petrochemical IndustriesInc», «Karabatan Utility Solutions», «Болашақ» мұнай және газ өңдеу зауытын, «Шеврон Мұнайгаз Инк.», түрлі маркалы оптикалық кабель шығаратын зауытты аралады.

  • 18-19 шілдеде Асқар Мамин жұмыс сапарымен Түркістан облысына барды, онда Арыс қаласындағы зардап шеккен үйлерді, әлеуметтік нысандар мен инженерлік желілерді қалпына келтіру жұмыстарының барысын тексерді. Түркістан қаласына жұмыс сапары барысында Асқар Мамин әкімшілік, әлеуметтік, мәдени-тарихи мақсатта салынып жатқан нысандарды көрді.

  • 20 шілдеде ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Қоянды су қоймасын тазарту бойынша «Бірге – Таза Қазақстан» экологиялық акциясына қатысты.

 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу