ҚР Үкіметінің отырысы, 20.02.2024

20 ақпанда Үкімет үйінде Қазақстан Үкіметінің отырысы өтті.

  • Қазақстан Үкіметінің отырысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру барысы қаралды. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың айтуынша, жаңа құрылыс тетігі әзірленген. Ол объектілердің қымбаттауы тәуекелдерін нивелирлеуді және бюджетке түсетін жүктемені азайтуды көздейді. Ведомство ұлттық жобаны іске асырудың барлық кезеңіне бақылау жүргізеді. Оның орындалу барысы өңірлердің қатысуымен апта сайын Үкіметтегі жедел кеңестерде және жобалық кеңсе отырыстарында қаралады. Бұдан басқа нақты уақыт режимінде мектеп құрылысына, орындалған және қалған жұмыстардың көлеміне күнделікті мониторинг жүргізіледі. «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов өз баяндамасында 2022 жылғы 30 қарашада Үкімет қаулысымен ұлттық жобаны іске асырудың негізгі тәсілдері айқындалғанын және мектептердің 7 түрі бойынша жобалауға тапсырмалар бекітілгенін еске салды.

  • Премьер-Министрдің айтуынша, Мемлекет басшысының бастамасы бойынша іске асырылып жатқан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының ел үшін маңызы зор, оның арқасында үш ауысыммен оқытатын және апатты мектептер проблемалары шешілуі тиіс. Жалпы салынып жатқан мектептердің саны әр өңірдің қажеттілігін және оның демографиялық ахуалын ескере отырып анықталады. Олжас Бектенов «Самұрық-Қазына» қорына 1 қыркүйекке дейін 98 мектепті, ал қалған 119 мектепті жыл соңына дейін пайдалануға беруді тапсырды. Өңірлер әкімдеріне 15 наурызға дейін мектеп құрылысына арналған жер учаскелерін рәсімдеуге қатысты барлық проблемаларды шешу тапсырылды. Оған қоса Үкімет басшысы объектілер ашылғаннан кейін бірден нақты жоспарлы оқу процесін ұйымдастыру үшін салынып жатқан мектептерді алдын ала педагог кадрлармен қамтамасыз ету керектігін айтты.

  • Үкімет отырысында су тасқыны бойынша қазіргі ахуал, сондай-ақ көктемгі маусымға дайындық және ықтимал ТЖ шаралары талқыланды. Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов бүгінгі таңда республикадағы су тасқыны бойынша ахуал тұрақты екенін айтты. Содай-ақ ведомство өңірлер әкімдіктерімен бірлесіп, су тасқыны кезеңіне дайындық бойынша қажетті іс-шаралар кешенін өткізді. Мәселен, «Көктем» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу аясында басқару органдарының күштері мен құралдарының нақты дайындығы тексерілді. Халықты хабардар ету пысықталды, азаматтарды жинау пунктілері дайындалды. Оған қоса ел аумағындағы су тасқыны алдындағы гидрометеорологиялық ахуал туралы экология және табиғи ресурстар министрі Нысанбаев баяндады. Биыл су тасқыны кезеңі басталғанға дейін негізгі су қоймаларында су жинау үшін бос сыйымдылықтар құрылды. Бұл туралы ведомство басшысы Нұржан Нұржігітов мәлімдеді. Көлік министрі Марат Қарабаев су тасқыны кезеңіне автомобиль және теміржолдарды дайындау аясында қабылданып жатқан шаралар туралы айтып берді.

  • Премьер-Министр Төтенше жағдайлар министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, арнайы және инженерлік техниканы шоғырландыруы, бизнеспен олардың техникасын резерв ретінде пайдалану туралы келісімге келуді, аса қауіпті учаскелердің маңында қажетті материалдар қорын қамтамасыз етуді міндеттеді. Сонымен қатар Олжас Бектенов халықты су тасқыны қаупі, су басу және эвакуациялау кезіндегі іс-қимыл ережелері туралы кеңінен хабардар ету жұмыстарын бастауды және халықпен нақты кері байланыс орнатып, олардың көмек көрсету туралы өтініштерін бірден қарауды, сондай-ақ жолдар мен көпірлердің жағдайына тәулік бойы мониторинг жүргізуді тапсырды. 

  • Үкімет отырысында Қазақстан Премьер-Министрі Олжас Бектеновтың 9 ақпанда өткен кеңесте берген тапсырмаларын орындау барысы қаралды. Премьер-Министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров бюджет шығыстарын оңтайландыру мақсатында өнімсіз позицияларды анықтау үшін қосымша тексеріс жүргізілгенін баяндады. Осының негізінде мемлекеттік органдардың әкімшілік шығыстарын қысқарту (форумдар мен зерттеулер, іссапарлар), аса маңызды емес жобалар мен іс-шараларды қайта қарау (әкімшілік ғимараттар салу, жөндеу жұмыстары) және т.б. ұсынылады. Нәтижесінде оңтайландыруға 300 млрд теңгеден астам қаражат ұсынылады, ол Мемлекет басшысының тапсырмаларын және экономиканың негізгі секторларын қаржыландыруға бағытталатын болады. Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр 14 ақпанда 50 ірі өнеркәсіп, кәсіпорын мен ұлттық компания басшыларымен кездесу өткізілгенін айтты. Олардың алдына алдағы жылдары жаңа өндірістерді құру, сондай-ақ жергілікті тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алуды айтарлықтай арттыру бойынша нақты міндеттер қойылды. Сонымен қатар Роман Скляр барлық кәсіпорын 16 наурызға дейін келесі кезеңге жаңа өндірістерді құру бойынша орта мерзімді даму жоспарларын және отандық тауар өндірушілердің өнімдерін сатып алуды арттыру жөнінде жаңа бағдарламалар ұсынатынын айтты.

  • Премьер-Министрдің айтуынша, ұлттық экономиканы жедел дамыту үшін бұл бағыт өте маңызды. «Бізде қазақстандық өнімге сұранысты арттыру есебінен айтарлықтай өсу резервтері бар. Кәсіпорындармен жоспарлы және белсенді жұмыстың нәтижесінде отандық өндірушілерді тапсырыстармен барынша жүктеп отыруға тиіспіз», — деп түйіндеді Олжас Бектенов.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу