10 Қараша 2021, 12:16
— Үкімет отырысында санитарлық-эпидемиологиялық жағдай, 2021 жылғы қаңтар-қазан айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы және республикалық бюджеттің атқарылуы, Үкіметтің заң жобалау жұмыстарының 2022 жылға арналған жоспарының жобасы және 2021 жылғы ұлттық халық санағының аяқталуы қаралды.
— Елдегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуал туралы денсаулық сақтау министрі Алексей Цой баяндады.
— Үкімет басшысы санитариялық талаптар шараларының жаппай сақталуын қамтамасыз етуді, мониторингтік топтардың талаптардың сақталуын бақылау жөніндегі жұмысының тиімділігін күшейтуді және бұзушыларға қатаң шаралар қабылдауды тапсырды.
— Еліміздің 2021 жылғы қаңтар-қазандағы әлеуметтік-экономикалық дамуының және республикалық бюджеттің атқарылуының қорытындысы туралы ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев, Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев, қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев экономиканың дамуы, ақша-несие саясаты, республикалық бюджеттің атқарылуы, мемлекеттік сатып алудағы жергілікті қамту туралы баяндады.
— Асқар Мамин азық-түлік тауарлары бағасының өсуін тежеуді, отандық өндірісті қолдауды қамтамасыз етуді, инвестиция тартуды, экспортты ілгерілетуді, халықтың жұмыспен қамтылуын сақтауды және тұрақты жұмыс орындарын құруды тапсырды.
— Үкіметтің заң жобалау жұмыстарының 2022 жылға арналған жоспарының жобасы туралы әділет министрі Марат Бекетаев баяндады.
— ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин мемлекеттік органдардың бірінші басшыларына заң жобаларының сапасын және олардың Парламентке уақытылы енгізілуін қамтамасыз етуді тапсырды.
— Ұлттық халық санағының алдын ала қорытындысы туралы ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросының басшысы Нұрболат Айдапкелов баяндады.
— Премьер-Министр қазақстандықтарға осы маңызды науқанға белсенді қатысқан үшін, сондай-ақ Ұлттық статистика бюросының қызметкерлері мен осы науқанға жұмылдырылған азаматтарға атқарған жұмысы үшін алғыс білдірді.
Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу