ЕЭК Кеңесінің отырысы: еуразиялық экономикалық интеграцияны одан әрі дамытудың бірқатар мәселелері талқыланды

ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов ағымдағы жылдың 4 қыркүйегінде телекөпір режимінде өткен Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің кезекті отырысына қатысты.

Кеңес мүшелері Еуразиялық экономикалық интеграцияны одан әрі дамытуға қатысты, оның ішінде техникалық реттеу, дәрі-дәрмектер нарығы, санитарлық шаралар, халықаралық ынтымақтастық салаларындағы бірқатар мәселелерді талқылады.

Отырыс барысында Өзбекстан Республикасына ЕАЭО жанындағы бақылаушы мемлекет мәртебесін беру туралы мәселе қаралды. Соңғы шешім осы жылдың соңында мемлекет басшыларының кезекті кездесуі барысында қабылданады.

Кеңестің өткен отырысының күн тәртібіндегі маңызды мәселе Еуразиялық экономикалық интеграцияны дамытудың 2025 жылға дейінгі стратегиялық бағыттарының жобасын талқылау болды. Ағымдағы жылдың мамыр айында ҚР Президенті Қ. Тоқаев ақылға қонымды жеткіліктілік және қажеттілік қағидатын ескере отырып, құжатты қосымша пысықтау қажеттігі туралы ұстанымын білдірген еді.

Осыған байланысты Қазақстанның бастамасы бойынша стратегия жобасының жекелеген іс-шаралары қайта қаралып, келісілді. Мысалы, елдер қазақстандық тараптың Еуразиялық экономикалық комиссияның бұрын ұсынылғандай міндетті түрде емес, мүше мемлекеттердің өз бастамасы бойынша ғана қызметтер саудасы және инвестициялар мәселелері бойынша мүше мемлекеттердің үшінші елдермен  екіжақты келіссөздеріне тарту мүмкіндігі туралы дәлелдерімен келісті.

Сондай-ақ, дәрілік препараттар өндірісінің халықаралық стандарттарға сәйкестігін растайтын GMP ұлттық сертификаттарын өзара тану 2025 жылға дейін ұзартылды.

Бұдан басқа, «Ойыншықтардың қауіпсіздігі туралы» техникалық регламенттің жекелеген ережелерін нақтылау бөлігінде ЕАЭО техникалық регламенттерін әзірлеу жоспарына түзетулер мақұлданды. Ұғымдық аппарат, жаңа ойыншықтарға қойылатын талаптар, магнит ағынының көрсеткіштері, бағытталған электромагниттік өріс деңгейі, уыттылық бөлігінде техникалық регламенттің жекелеген ережелері нақтыланатын болады.

Дәрілік препараттардың биоэквиваленттілігіне зерттеулер жүргізу ережесіне өзгерістер бекітілді. Жекелеген дәрілік препараттардың, атап айтқанда жақпамайлар, гельдер, кремдер, сондай-ақ ұзартылған және кейінге қалдырылған дәрілер мен капсулалардың өзара алмастырылуын растау үшін жалпы тәсілдер мақұлданды.

Сондай-ақ, мүше мемлекеттердің ұлттық банктеріне ЕАЭО елдерінің мемлекеттік сатып алуларына қатысу үшін берілген банктік кепілдіктерді өзара тану бойынша пилоттық жобаны іске қосу мүмкіндігін қарастыру ұсынылды.

Кеңестің кезекті отырысы а. ж. 11 қыркүйегінде өтеді.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу