Қазақстанда халықты вакциналаумен қамту 71,5% құрады — А. Цой

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында COVID-19 ауруы бойынша санитарлық-эпидемиологиялық жағдай туралы мәселе қаралды. Қазақстанда коронавирус инфекциясымен күресу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы денсаулық сақтау министрі Алексей Цой баяндады.

Министрдің айтуынша, әлемде COVID-19-бен ауру және өлім-жітім бойынша жағдай тұрақсыз. Жалпы әлемде КВИ-мен ауырудың 224 млн-нан астам жағдайы тіркелген, тәулігіне 300 мыңнан астам жағдай тіркелген. 4,6 млн астам адам қайтыс болды.

ДДҰ Еуропалық аймағының деректері бойынша соңғы екі аптада 54 елден 26 елде сырқаттанушылықтың өсуі байқалады.

«Соңғы 7 күнде аурудың ең көп өсуі Венгрияда байқалды, онда бір апта ішінде ауыру 100%-дан астам өсті, Украинада, Польша мен Молдовада 60%-дан 80%-ға дейін, Австрияда, Германияда және Беларусьте 30%-дан 50%-ға дейін, Черногорияда, Арменияда және Израильде 8%-дан 20%-ға дейін», — деді А. Цой.

Оның айтуынша, ауырудың өсуі Испанияда 60%-ға, Францияда 40%-ға, Грузияда 39%-ға, Әзербайжанда 16%-ға, Италияда 13%-ға, Швейцарияда 12%-ға және Ресейде 9%-ға төмендеді.

Қазақстанда соңғы екі аптада аурушаңдықтың өсуі 35%-ға төмендеді. Соңғы аптада республика бойынша сырқаттанушылық деңгейі аптасына 31 мыңнан 25 мыңға дейін 14%-ға төмендеді.

«ДДСҰ бағалауы бойынша, Қазақстанда репродуктивті сан соңғы төрт апта ішінде бір саннан төмен, бұл пандемия бақылауда екенін және сырқаттанушылықтың тұрақты төмендегенін көрсетеді», — деп атап өтті А.Цой.

Министрдің айтуынша, аурудың оң динамикасы эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасына да әсер етті.

Соңғы екі аптада республиканың 5 өңірі қызыл аймақтан сары аймаққа көшті, олар: Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстары. Түркістан облысы жасыл аймақта. Қалған 11 аймақ – қызыл аймақта.

Министр атап өткендей, эпидемиологиялық жағдайдың оң динамикасы ауырғандардың санымен салыстырғанда, сауығып шыққан науқастар санының артуымен де дәлелденеді.

Сонымен, соңғы аптада сауығып шыққан науқастардың саны апта ішінде ауруға шалдыққандар санынан 1,5 есе көп болды.

Ағымдағы жылдың 14 қыркүйегіндегі жағдай бойынша өңірлер бөлінісінде төсек-орындардың күнделікті қамтылу мониторингіне сәйкес республика бойынша инфекциялық және реанимациялық төсек-орындардың қамтылуы 35% құрайды.

Жалпы еліміз бойынша 1 тамыздан бастап инфекциялық төсек-орындардың бос болмау деңгейі 56%-дан 35%-ға дейін, реанимациялық төсек-орындардың бос болмауы 45%-дан 35%-ға дейін төмендегені байқалады.

«Коронавирус инфекциясы (КВИ) бойынша эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтануына байланысты өңірлерде инфекциялық төсек-орындарды қысқарту бойынша жұмыстар жүргізілуде. 25 тамыздан бастап Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларында, Атырау, Қарағанды, Түркістан, Маңғыстау облыстарында КВИ жұқтырған науқастарды емдеу үшін инфекциялық бөлімшелер/төсек-орындар орналастырылған 57 нысан жабылды. Жалпы төсек-орын қоры 12 211 орынға қысқарды», —  деді А. Цой.

Бүгінгі таңда, министрдің айтуынша, бірінші компонентпен 7,1 млн астам адам егілді, екпе алуға жататын халықты қамту 71,5% құрады, екінші компонентті 5,9 млн астам адам алды, екпе алуға жататын халықтың шамамен 60%-ы қамтылды.

Өңірлер вакцинамен жеткілікті мөлшерде қамтамасыз етілген. Вакциналарды жеткізу кестеге сәйкес жүзеге асырылады.

«Вакциналау әлі күнге дейін коронавирус инфекциясының алдын-алудың жалғыз нақты шарасы болып қалып отыр. Сондықтан әрбір қазақстандықты вакцина алуға және елімізде ұжымдық иммунитетті қалыптастыруға өз үлесін қосуға шақырамын», — деді сөз соңында А. Цой.

 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу