Арыс қаласында бүгінде 271 үйде қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді — ҚР ИИДМ

2019 жылғы 6 шілдедегі жағдай бойынша Түркістан облысы Арыс қаласында 271 үйде қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Қазір 1,6 мың жеке тұрғын үй құрылысы және көп пәтерлі тұрғын үйлер объектілерінде 150 құрылыс компаниясы жұмыс жүргізіп жатыр. 

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметі бойынша 33 үй қайта салынады. Арысты қалпына келтіру бойынша ауқымды іс-шараға еліміздің барлық өңірлері мен республикалық маңызы бар қалалар қатысады. Құрылыс алаңдарында барлығы 3000-нан астам құрылысшы еңбек етеді. 150 бірлік арнайы техника жұмылдырылуда.

Естеріңізге сала кетейік, Арыс ауданындағы үйлердің 85%-ы жөндеуді қажет етеді. Елбасының және Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша барлық бүлінген және бұзылған объектілер 2019 жылдың 1 тамызына дейін тапсырылуы тиіс. 

ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаевтың айтуынша, үйлердің мониторингі мен құрылыс барысын бақылау күн сайын жүргізіледі.

 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу