Өткен жылы орын алған төтенше жағдайдың зардаптарын жою бойынша тиісті Жол картасы бекітілді — Ерлан Нысанбаев

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында ҚР экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев еліміздегі орман қорын күзету және қорғау бойынша атқарылған жұмыстар жайында баяндама жасады. 

Еліміздің аумағындағы орман алқабы 5%-ды құрайды. Мемлекеттік орман қорының көлемі 30,9 млн гектар, оның ішінде орманмен көмкерілген жерлер 13,7 млн гектар. 2023 жылы елімізде жалпы ауданы 116,8 (104,5) мың гектарды қамтыған 810 (801) орман өрті тіркелді, оның ішінде орманмен көмкерілген алқап 61,1 (48) мың гектарды құрайды.

Орман өрттерінің шығу себептері бойынша орын алған оқиғалар:

  • найзағай жарқылынан – 498;
  • ауылшаруашылық жерлерін шарпыған – 87;
  • жеке және заңды тұлғалардың кінәсінен – 31;
  • анықталмаған себептерден – 194 оқиға тіркелді.

Экология және табиғи ресурстар министрі  Ерлан Нысанбаев соңғы жылдары орман өрттерінің көбейіп кетуінің бірден бір себебі дүниежүзінде климаттың өзгеруіне тікелей байланысты екенін атап өтті. Бұл ретте басқа жерге қарағанда азиялық континентте климат 4%-ға  жылдам жылып жатыр. Бұл жайлы өткен жылғы желтоқсанда Дубайда өткен Климаттың өзгеруі жөніндегі конвенция туралы тараптар конференциясында айтылған болатын.

«Өткен жылы Абай облысы орман қорының аумағында екі ірі орман өрті орын алып, Ертіс өңірі орманының 63,5 мың гектарын шарпыды. Орман шаруашылығы жүйесінде  радио-телефон байланысын пайдалануға негізделген орман өрттеріне әрекет ету схемасы қолданылады. Өрт шыққаны туралы барлық ақпарат Алматы қаласындағы Қазақ ормандарды авиациялық қорғау базасы жанындағы Республикалық диспетчерлік бекетіне жиналып, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті мен Министрлікке  беріледі. Сол жерден ірі орман өрттерін сөндіру кезінде жедел шешімдер қабылданады», — деді спикер.

Оның айтуынша, өрт қауіпсіздігі қағидаларына сәйкес өрт сөндіру жұмыстарын орман басшысы немесе орман мекемесінің  директоры басқарады. Ал, өрт жағдайы қиындаған кезде өрт сөндіруді орман шаруашылығы саласындағы уәкілетті органның өкілі басқарады. Бұл схема өткен жылғы ірі орман өрттерін жою кезінде нәтиже бермеді. Осыған байланысты Экология министрлігі Төтенше жағдайлар министрлігімен бірлесіп қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерді қайта қарап шықты.

Табиғи өрттердің алдын алу және жою жүйесін күшейту мақсатында уәкілетті органдар мен ұйымдардың табиғи өрттерге қарсы өзара іс-қимыл алгоритмі бекітілді. Алгоритм мемлекеттік орман күзеті мен Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері  жағдайды бағалап, қосымша күштер тарту шешімін қабылдауды көздейді. Бұл Алгоритммен қорғаныс, Ішкі істер министрліктері мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің әуе кемелері мен бөлімшелерін жұмылдыру, сондай-ақ жағдай қиындаған кезде кезең-кезеңімен әрекет жасау мәселесі айқындалды.

«Білім мен практикалық дағдылар деңгейін жетілдіру мақсатында Азаматтық қорғау академиясының базасында мемлекеттік орман күзеті мен орман өрт сөндіру стансаларының қызметкерлерін оқыту үшін оқу бағдарламалары бекітілді. Сондай-ақ Табиғи өрттердің алдын алу және жою жүйесін жетілдіру жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілді. Бұдан басқа, орман ресурстарын пайдалану және орман қорында болу кезінде жеке және заңды тұлғаларға қойылатын талаптарды нақтылау бөлігінде Ормандардағы өрт қауіпсіздігі қағидаларына түзетулер әзірленді. Қазіргі уақытта бұйрық жобасы Әділет министрлігінің  ескертулері бойынша пысықталып жатыр», — деп мәлімдеді министр.

Келтірілген ақпаратқа сүйенсек, орман өрттерін дәлме-дәл әрі уақтылы анықтау, орман шаруашылығына цифрландыруды енгізу мақсатында «Орман өрттерін ерте анықтау жүйесі» жобасы жасалып, ол Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы цифрландыруды енгізу мәселелері жөніндегі комиссияның отырысында мақұлданған. Жобаны іске асыру үшін жасанды интеллектіні қолданып бағдарламалық қамтамасыз ету бойынша тиісті техникалық тапсырма әзірленді.

Жобаның аясында әртүрлі көздерден алынған деректерді топтастыру арқылы өрттерді ерте анықтауға және жедел шешімдер қабылдауға мониторинг жасау үшін бірыңғай Ситуациялық орталығын құру жоспарланған. Оттың шығуын анықтау 30 шақырымға дейінгі радиуста айналып қарайтын бейнебақылау камераларының көмегімен жүзеге асырылады. Өткен жылы бұл жүйе «Ертіс орманы» резерваты мен «Көкшетау» ұлттық паркінде енгізілді, сондай-ақ осыған ұқсас жүйелер «Бурабай» ұлттық паркінде, «Медеу» табиғи паркінде бар.

Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарының орман мекемелерінде жетілдіре түсуді қажет ететін тек бейнебақылау жүйесі орнатылған. «Бурабай» ұлттық паркінде енгізілген жүйе өз тиімділігін көрсетті. Мәселен, бұдан бұрын орман өрттерінің орташа ауданы мұнда 80 га болса, жүйе енгізілгеннен кейін аумақ 1,5 гектарға дейін қысқарған.

«Өрттерді ерте анықтау жүйесі республикалық және жергілікті деңгейдегі объектілерде кезең-кезеңімен  енгізіліп Ситуациялық орталыққа қосылып отырады. Өткен жылғы өрттер орман мекемелерінің материалдық-техникалық базасының төмен деңгейде екенін, сондай-ақ орман шаруашылығы қызметкерлерінің әлеуметтік жағынан нашар  қорғалатынын көрсетті. Аталған мәселелерді шешу үшін Министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп республиканың барлық орман шаруашылығын материалдық-техникалық қамтамасыз ету үшін 2023-2027 жылдарға арналған азаматтық қорғау саласындағы бірінші кезектегі шаралардың Кешенді жоспарын әзірледі», — деп атап өтті Ерлан Нысанбаев.

Жоспар арқылы барлық кезеңге 68,6 млрд теңге шығыс көзделген. Бұл сомаға:

  • 1082 бірлік арнайы көлік құралдарын (өрт сөндіру машиналары, тракторлар, патрульдік машиналар);
  • өртке қарсы және ормандарды қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуге арналған 948 бірлік тіркеме және қосымша жабдықтарды сатып алу (дискілі тырмалар, соқалар, тіркемелер, цистерналар және т.б.);
  • орман өрттерін ерте анықтау жүйесін орнату (тек  біздің министрлікке қарасты табиғат қорғау мекемелері);
  • орман мекемелерінің аумағында 102 өрт бақылау мұнарасын салу (тек  жергілікті атқару органдарының табиғат қорғау мекемелері) көзделген.

2023 жылы Министрліктің табиғат қорғау ұйымдарын материалдық-техникалық қамтамасыз етуін жақсартуға 13,4 млрд теңге бөлінді. Оған:

-        303 арнайы көлік (25 өрт сөндіру автомашинасы, 51 шағын орман өртін сөндіру кешені, 154  трактор және т.б.),

-        655 бірлік қосымша өртке қарсы жабдықтар (дискілі тырмалар, соқалар, тіркемелер және басқалар) сатып алынды.

Оның ішінде «Семей орманы» резерваты үшін жалпы сомасы 1,4 млрд теңгеге 37 арнайы көлік сатып алынды (10 өрт сөндіру машинасы, 14 шағын өрт сөндіру кешені, 8 өрт сөндіру тіркемесі, 1 трактор, 1 шағын автобус және т.б.). «Ақ-Ертіс» қоғамдық қоры 5 шағын өрт сөндіру кешенін, өрт сөндіру автомобильдеріне арналған 15 қозғалтқыш, 20 мотопомпа және 4 өрт сөндіру автокөлігін берді.

Министрдің мәлімдеуінше, Біріккен Ұлттар Ұйымы Даму бағдарламасының техникалық көмегі аясында 330 радио стансасы мен 150 автомобиль антеннасы алынған. Жергілікті атқарушы органдар өткен жылы орман шаруашылықтарын материалдық-техникалық жарақтандыруға жергілікті бюджеттен 6,6 млрд теңге қаражат бөліп, оған 20 өрт сөндіру, 76 патрульдік автокөліктері мен 147 трактор сатып алынған.

Биылға Азаматтық қорғау саласындағы бірінші кезектегі шаралардың Кешенді жоспарының шеңберінде 16,7 млрд теңге, оның ішінде Экология министрлігі үшін 9,1 млрд және жергілікті атқарушы органдар үшін 7,6 млрд теңге жоспарланған.

«Министрліктің 2024 жылға арналған бюджетін қалыптастыру кезінде материалды-техникалық жарақтандыруға 5,4 млрд теңге бөлінді, бірақ «Семей орманы» резерватында өртті ерте анықтау жүйесін енгізуге көзделген 4,1 млрд теңге қаражаты қолдау таппады. Табиғат қорғау мекемелерінің қолданыстағы арнайы көліктерінің 60% есептен шығаруға жататынын айта кеткен жөн. Орман шаруашылықтарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға жергілікті атқарушы органдарда үстіміздегі жылы қаражат көзделмеген», — деді экология және табиғи ресурстар министрі.

Оның айтуынша, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасарының 2024 жылғы 24 қаңтардағы тапсырмасына сәйкес Министрліктің табиғат қорғау мекемелерінің орман өрт сөндіру стансалары үшін: 108 өрт сөндіру көлігін, 79 шағын орман өрт сөндіру кешенін, 37 тракторды лизингке сатып алу мәселесі пысықталуда. Мемлекеттік орман қорын авиациямен патрульдеуге нормативті ұшу сағатына жеткілікті (нормаға сәйкес 9024 сағат) 7,7 млрд теңге  қарастырылған.

Бүгінгі күні орман және табиғат қорғау мекемелерінің қарауында  99 бірлік ұшқышсыз ұшу аппараты бар, олармен 2023 жылы ормандардағы өрт қаупі жағдайын барлау және анықтау мақсатында 575 ұшу сапары жасалды. Табиғат қорғау мекемелерін ұшқышсыз ұшу аппараттарымен жарақтандыру жұмысы жалғасуда.

Әлеуметтік мәселені шешу аясында өткен жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік орман күзеті қызметкерлеріне лауазымдық еңбекақының 100% мөлшерінде қосымша ақы төлеу белгіленді (12 876 штаттық қызметкер: мемлекеттік орман күзеті қызметі, табиғат қорғау мекемелерінің мемлекеттік инспекторлары, жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мамандандырылған ұйымның инспекторлары). Мемлекеттік орман күзеті қызметкерлерінің орташа жалақысы 129 мыңнан 250 мың теңгеге дейін ұлғайды. Қалған қызметкерлерге (экономистер, бухгалтерлер және орман өрт сөндіру стансаларының қызметкерлері: тракторшылар, жүргізушілер, орман өрт сөндірушілері, радист-телефоншылар) Министрлік пен кәсіподақ арасындағы Келісім шеңберінде өткен жылы 75% қосымша ақы қарастырылды.

Сонымен қатар орман өрт сөндіру стансаларының барлық қызметкерлеріне 100% қосымша ақы төлеу мақсатында Үкімет қаулысының жобасы әзірленді. Жоба уәкілетті органдармен (Әділетмині, Экономині, Еңбекмині) алдын ала келісілді.

Абай облысының аумағында өткен жылы орын алған төтенше жағдайдың зардаптарын жою бойынша Министрлік қабылдаған шаралар:

Біріншіден, 2023 жылғы қазан айында Министрлік Жедел штаб құрды, оның құрамына орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының өкілдері, «Семей орманы» резерватының мамандары, Абай облысының әкімдігі мен құқық қорғау органдарының өкілдері кірді. 

Екіншіден, тиісті Жол картасы бекітілді.

«Өрт шалған екпелерге орман мамандары жүргізген зерттеулердің нәтижелері бойынша орман зиянкестері мен аурулары байқалған (қабық құрты (короед-типограф), қарағай егеуіші (сосновый пилильщик), шелқабық шіріндісі (заболонная гниль), т.б.). Осыған байланысты орман зиянкестерінің қоныстануына жол бермеу және орман ахуалын сақтау мақсатында бүлінген сүректі жинап алуды барынша қысқа мерзімде жүзеге асыру қажет. Алынған деректер бойынша отқа оранған сүрек көлемі шамамен 6,0 млн текше метрді құрайды. Резерватта қолданылатын техника мен жабдықтардың жетіспеуінен және бұндай үлкен көлемдегі жұмыстарды жүргізуге арналмағандықтан заманға сай арнайы сүрек дайындау техникаларын сатып алу жоспарлануда», — деді спикер.

Министрдің келтірген мәліметіне сүйенсек, күйген орманның жалпы көлемінің шамамен 80 пайызы отындық ағашты құрайды. Сондықтан өңірде сүректерді толық өңдеу зауытын салу қажет. Осыған байланысты Министрлік Абай облысының әкімдігімен бірлесіп орман өртіне шалынған сүректі толық өңдейтін зауыттар салу үшін инвесторлар тарту мәселесін пысықтауда. Қазіргі уақытта 4 компания қызығушылық білдіруде.

Сонымен қатар Қостанай облысында өртенген орманда өтімсіз сүректің көлемі тым көп екенін, сондай-ақ республиканың басқа өңірлерінде пайдаланылмай жатқан жұқа сүректің мол қоры барын ескерсек, жалпы республика бойынша ағаш өңдеу өнеркәсібін өркендету мәселесі туындайды.

«Семей орманы» резерватында өрттен күйген ағаштарды тазарту жұмыстары резерваттың өз күшімен биылғы 15 қаңтардан басталды. Бүгінгі күні 415 текше метр сүрек дайындалды. Жұмыс көлемінің ауқымдылығын (6 млн текше метр) ескере отырып бұл іске Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің резерватқа жақын орналасқан табиғат қорғау мекемелері тартылуда.

«Барлық өңірлерге осы жұмыстарға орман қорғау мекемелерін, сондай-ақ сүрек дайындау мен оны өңдеуге мүдделі кәсіпкерлерді тарту жөнінде ұсыныстар жіберілді. Құрметті Ерлан Жақанұлы, Сізді және құрметті депутаттарды Министрлік өрт қаупі кезеңіне орман иеленушілердің дайындығын бақылауды күшейтетініне және уәкілетті органдар мен ұйымдардың орман өртіне қарсы   өзара іс-қимыл алгоритмін іске асыру жұмыстарын қамтамасыз ететініне сендіргім келеді. Бірлескен жұмыстың нәтижесінде орман шаруашылығындағы жайсыз фактілерді азайтуға және жалпы еліміздің орман шаруашылығын қорғау мен жақсартуға маңызды серпін береріне кәміл сенемін», — деді ол.

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев коммуналдық қалдықтарды басқару саласының қазіргі жағдайын баяндады. Министр осы ақпан айында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін зауыттар құрылысы бойынша жұмысты жандандыруды тапсырғанын атап өтті

Бүгінде қоршаған ортаны қорғау саласындағы өзекті мәселе – коммуналдық қалдықтарды өңдеу. Коммуналдық қалдықтарды басқару саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыратын әкімдіктердің мәліметтері бойынша қалыптастырылатын осы саладағы деректерді келтіргім келеді.

2023 жылдың қорытындысы бойынша шамамен 4,1 млн тонна коммуналдық қалдық түзілді, оның 24%-ы қайта өңделді (2022 жылы шамамен 4,3 млн тонна ҚТҚ түзілді, оның 25%-ы қайта өңделді). Әкімдіктердің ақпараты бойынша еліміздегі 207 қала мен аудандарда әртүрлі кезеңдерде қалдықтарды бөлек жинау 130 елді мекенде енгізілді.

2023 жылы республика бойынша қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарының саны 3016 бірлікті құрады, оның ішінде экологиялық және санитарлық нормаларға сәйкес келетіні – 624 (20,6%). 2023 жылғы ғарыштық мониторинг қорытындысы бойынша (2024 жылғы 30 қаңтардағы жағдай бойынша) 5 534 қалдықтарды рұқсат етілмеген орынға орналастыру фактісі анықталды, әкімдіктер оның 86%-ын (4716 қоқыс үйіндісі) жойды.

2018 жылдан бастап қалдықтарды орналастыру орындарының ғарыштық мониторингін жыл сайын «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ 1 наурыздан 30 қыркүйекке дейінгі кезеңде жүргізеді. 2018 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін елді мекендерді ғарыштық мониторингпен қамту аймағы 16-дан 39-ға дейін ұлғайды (аудандар, қалалар).

Ғарыш мониторингі 39 қызығушылық аймағы бойынша жүргізіледі: Астана, Алматы, Шымкент, Көкшетау, Қостанай, Петропавл, Павлодар, Өскемен, Талдықорған, Тараз, Түркістан, Сарыағаш, Жетісу, Қызылорда, Ақтау, Атырау, Орал, Ақтөбе, Қарағанды, Балқаш, Жезқазған, Семей, Лисаковск, Қаратау, Шу, Қарқаралы, Хромтау, Арқалық, Екібастұз, Жітіқара, Ридер, Құлсары, Ақсай, Степногорск, Қапшағай, Жаңаөзен қалалары, Бурабай, Саты, Баянауыл ауылдары. Деректер KazSat-1 отандық ғарыш аппаратының түсіріліміне байланысты ұсынылады.

«Құқық қорғау органдары, әкімдіктер және басқа да мүдделі тараптармен бірлескен жұмыс нәтижесінде соңғы төрт жылда рұқсат етілмеген қоқыс үйінділері санының азаюы байқалады. Мәселен, 2020 жылы – 8884 үйінді анықталды, оның 5823 – і жойылды (66%), 2021 жылы анықталған 7328, жойылғаны 6740 (92%), 2022 жылы анықталғаны 5 683, жойылғаны 4331(77%)», — деді Ерлан Нысанбаев.

Ел бойынша полиция және экология департаменттері қызметкерлерінен құралған мобильді топ 63 мыңға жуық әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады, оның ішінде жалпы пайдалану орындарын ластағаны үшін – 17 030 (ӘҚБтК 434-2-бабы бойынша), абаттандыру қағидаларын бұзғаны үшін – 26 726 (ӘҚБтК 505-бабы).

2021 жылы ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі ҚР Ішкі істер министрлігімен қалдықтарды заңсыз орналастырудың жолын кесу жөнінде бірлескен бұйрықты бекітті, оның аясында бірлескен мобилді топтар қалдықтарды заңсыз тасымалдау және осы саладағы экологиялық заңнаманы бұзу фактілерін анықтауға бағытталған рейдтік іс-шаралар жүргізуде.

Қалдықтарды басқару саласындағы экологиялық талаптарды бұзғаны үшін (қалдықтарды жинақтау, жинау, тасымалдау, есепке алу, қалпына келтіру, жою және залалсыздандыру бойынша) экология департаменттері 2022 жылы 194 лауазымды тұлғаны жалпы сомасы 17,8 млн теңгеге (әкімдер мен әкімдердің орынбасарлары), 2023 жылы 152 лауазымды тұлғаны жалпы сомасы 17,3 млн теңгеге әкімшілік жауапкершілікке тартты.

Өңірлердегі жағдайды жақсарту бойынша коммуналдық қалдықтарды басқару, оның ішінде рұқсат етілмеген үйінділердің пайда болуына жол бермеуге қатысты жүйелі шаралар аясында мынадай жұмыстар жүргізілуде.

«Экология кодексіне сәйкес қалдықтарды мемлекеттік реттеу, атап айтқанда қауіпті қалдықтарды қалпына келтіру және жою саласындағы қызметті лицензиялау, сондай-ақ қалдықтардың барлық түрлерін жинауды, сұрыптауды, тасымалдауды, қауіпті емес қалдықтарды қалпына келтіруді және (немесе) жоюды жүзеге асыратын субъектілер үшін хабарлама жасау тәртібі жүргізілді. Бүгінгі таңда қауіпті қалдықтармен жұмыс істеу бойынша лицензияны 163 ұйым алды, ал хабарлама режимі аясында қызметті 1 200-ден астам кәсіпкерлік субъектілері жүзеге асырады», — деді спикер.

Оның айтуынша, барлық қалдықтарды шығарушылар тек қалдықтарды басқару саласындағы мамандандырылған ұйымдармен жұмыс істеуі керек, нарыққа заңды қатысушылардың тізімі eGov.kz порталында және біздің ведомствоның сайтында орналастырылған.

Рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерін азайтуға ықпал ететін тағы бір міндетті экологиялық талап – қоқыс шығаратын машиналарды (ҚТҚ тасымалдайтын) GPS датчиктерімен жабдықтау және нақты уақыт режимінде қозғалыс туралы ақпаратты Экология министрлігінің ақпараттық жүйесіне беру. Бұл ақпараттық жүйе өткен жылдың күзінен бастап тәжірибелік пайдалануда және биыл оны өнеркәсіптік пайдалануға енгізу жоспарлануда.

Экология кодексінің 368-бабының 2-тармағына сәйкес ҚТҚ тасымалдау жөніндегі қызметті жүзеге асыратын кәсіпкерлік субъектілері көліктің қозғалысы туралы толық навигациялық ақпаратты «Қазақстан Республикасының қоршаған ортаның және табиғи ресурстардың жай-күйі туралы Ұлттық деректер банкі» ақпараттық жүйесіне беруге міндетті.

«Енді, құрылыс қалдықтарына бөлек тоқталғым келеді. Мәселен, Экология министрлігі Өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен бірлесіп “Е-құрылыс” ақпараттық жүйесін күшейту аясында қалдықтарды түзушілердің (құрылыс компанияларының) құрылыс қалдықтарының қозғалысын бақылау тетігін пысықтауда. Қалдықтардың пайда болу көлемі және арнайы кәсіпорындармен қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару бойынша шарттардың болуы туралы мәліметтерді осы жүйеде көрсету ұсынылады. Бүгінгі таңда нормативтік техникалық құжаттарға өзгерістер енгізілуде», — деді министр.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әкімдіктермен бірлесіп құрылыс қалдықтарын жинау алаңдарын ұйымдастыру және қайта өңдеу бойынша қуаттарды ұлғайту жұмыстары жүргізілуде. 19 өңірде бұл жұмыс жолға қойылды және 8 өңір бойынша (Абай, Ақтөбе, Жамбыл, Жетісу, Маңғыстау, Түркістан, Ұлытау облыстары) Жол карталары әзірленді.

Сонымен қатар азаматтар мен бизнес субъектілерінің санасын арттыру мақсатында белгіленген орындардан тыс жерлерде қоқыс шығарғаны үшін айыппұл мөлшерін ұлғайту мәселесі қарастырылуда. Осы түзетулер бойынша реттеушілік әсерге талдау жүргізілуде. Экология министрлігі белгіленген орындардан тыс жерде қоқыс шығарғаны үшін айыппұлдарды ұлғайтуды көздейтін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске түзетулер әзірледі.

«Коммуналдық қалдықтарды орналастыру орындарының (ҚТҚ полигондары) жай-күйіне бөлек тоқталу маңызды. 2023 жылы қалдықтарды көму объектілері (ҚТҚ полигондары) бойынша 29 тексеру жүргізілді, шамамен 10 млн теңге мөлшерінде айыппұл салынды. Жоспардан тыс тексерулерге, негізінен, тұрғындардың шағымдары себеп болды. Осылайша, тексеру барысында экологиялық заңнаманы бұзу, атап айтқанда қалдықтарды арнайы белгіленген орындардан тыс жерде орналастыру, өндірістік нормативтен тыс төгінділер мен ластаушы заттардың шығарындылары, қалдықтарды орналастыру туралы хабарламалардың болмағаны анықталды», — деді экология және табиғи ресурстар министрі.

Үкімет өткен жылы қалдықтарды тұрақты орналастырудың 100 жаңа орнын салуды, жұмыс істеп тұрған 8 полигонның қуатын кеңейтуді (Түркістан облысында 7 полигон және Астанада 1 полигон) және 5 полигонды (Щучинск, Атырау, Қонаев, Семей, Петропавл қалалары) рекультивациялауды қамтитын қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарымен жұмыс істеу жөніндегі іс-шаралар жоспарын қабылдады.

Аталған жоспар шеңберінде ресімделген жер учаскелері бар, бірақ Экология және денсаулық сақтау саласындағы заңнаманың талаптарына сәйкес келмейтін 2 мыңға жуық қатты тұрмыстық қалдықтар полигонына (негізінен ауылдық елді мекендерде орналасқан) қойылатын талаптарды жеңілдету жоспарлануда. Бүгінгі таңда әкімдіктермен бірлесіп жеңілдетілген талаптар (қоршау, таразы жабдығы, су қорғау және санитарлық қорғау аймағы, дозиметриялық бақылау, дезинфекциялық ванна және т.б.) әзірленді және орталық мемлекеттік органдармен (Өнеркәсіп және құрылыс, денсаулық сақтау, Төтенше жағдайлар министрлігі) талқылануда.

Бұл тетік әкімдіктерге ең алдымен бюджет қаражатын үнемдеуге және оларды коммуналдық қалдықтарды басқару саласындағы инфрақұрылымды дамыту жөніндегі іс-шараларға (қалдықтарды бөлек жинау, сұрыптау және қайта өңдеу) бағыттауға, қатты тұрмыстық қалдықтардың қолданыстағы полигондарын заңдастыруға, аумақтардың ағымдағы санитарлық жағдайын жақсартуға (атап айтқанда, қалдықтарды санкциясыз жинау және қалдықтардың өртенуі фактілері барынша азайтылатын болады) мүмкіндік береді.

Сондай-ақ министрліктер (Экология және табиғи ресурстар және өнеркәсіп және құрылыс министрліктері) тарапынан бюджеттен шығыстарды қысқарту және қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарын салу процесін жеделдету үшін нормативтік құқықтық акт қабылданды, оған сәйкес құрылыс 50 000 тұрғыны бар елді мекендер үшін техникалық экономикалық негіздемені (ТЭН) әзірлеусіз жүзеге асырылуы мүмкін.

«Биылғы ақпан айында Қазақстан Республикасы Үкіметінің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу зауыттарын салу жөніндегі жұмысты жандандыруды, ал Премьер-Министр бір ай мерзімде тиісті жобалардың тізбесін ұсынуды тапсырды. Бүгінгі таңда бұл жұмыс әкімдіктермен бірлесіп қарқынды жүргізілуде. Осы тапсырманың орындалуы, утильтөлемдері есебінен қаралады. Өңірлерді материалдық-техникалық жарақтандыруды жақсарту үшін бүгінде сыйақы мөлшерлемесі 3% және утильтөлемінің қаражаты есебінен «Өнеркәсіпті дамыту қоры» арқылы қарыз беру мерзімі 3 жылдан 15 жылға дейінгі жеңілдетілген қаржыландыру тетігі әзірленді (қоқыс таситын көліктерді, сұрыпталған желілерді және қайта өңдеу қуаттарын сатып алу). Жобаларға бөлінетін қаражаттың жалпы мөлшері 3 жылға шамамен 200 млрд теңгені құрайды», — деді спикер.

Бұдан басқа, саланы дамыту үшін осы жылдың ақпан айынан бастап утильтөлемдері есебінен қалдықтарды басқару саласындағы мамандандырылған кәсіпорындарға төлемдер бағдарламасы қайта іске қосылды (ЭкоҚолдау). Биыл субсидиялауға – 7,6 млрд теңге карастырылды.

Саланы дамытуды сапалы жоспарлау мақсатында әкімдіктер экологиялық заңнаманың талаптарына сәйкес Коммуналдық қалдықтарды басқару жөніндегі бағдарламаларды әзірлеуде. Бұл бағдарлама аумақтық проблемалар мен ерекшеліктерді (экологиялық, әлеуметтік және экономикалық аспектілерді) ескере отырып осы жылдың 1 наурызына дейін әзірленуі тиіс және белгілі бір аймақтағы қалдықтарды басқарудың бүкіл жүйесін ескеруі тиіс. Бұл бағдарлама жүйелі негізде инвесторларды тартуға мүмкіндік береді.

Бүгінгі таңда Бағдарлама 12 қала мен аудандарда бекітілген (Ақтөбе облысы Ақтөбе қ., Жезқазған қ., Сәтбаев қ., Ұлытау облысы Қаражал қ., Павлодар қ., Екібастұз қ., Павлодар облысының Тереңкөл және Ақкөл аудандары, Ақмола облысының Сандықтау ауданы, Қостанай облысының Қарасу және Ұзынкөл аудандары, Түркістан облысының Сауран ауданы).

Әкімдіктер коммуналдық қалдықтарды басқару бағдарламаларын әзірлеумен қатар экологиялық төлемдерді жұмсауды тиімді жоспарлау үшін табиғатты қорғау іс-шараларының жоспарларын қабылдайды, онда тиісті инфрақұрылымды дамыту және жергілікті проблемаларды шешу (ҚТҚ полигондарын салу, рекультивациялау) жөніндегі іс-шараларды қаржыландыру көзделеді.

«Экология министрлігі үйлестіруші орган ретінде барлық мүдделі тараптармен осы бағыт бойынша жұмысты жалғастырады», — деп қорытындылады сөзін экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу