Өңірлік интеграция, экспортты қолдау, цифрландыруды енгізу — Қазақстанның сауда саласы қалай дамуда

Сауда және интеграция министрлігі отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігіне ықпал ететін бағыттардың ауқымды салаларын қамтиды. Олар - халықаралық сауда, экспортты дамыту, өткізу арналарын кеңейту, сондай-ақ ұлттық мүдделерді қорғау және импортты әртараптандыру мәселелері. Атқарылған жұмыс нәтижелері мен 2020-2025 жылдарға қойылған міндеттер туралы ҚР сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов баяндады. 

Министр атап өткендей, елге қосылған құны жоғары өнімді өндіруге көмектесетін тауарлар әкелінуі керек. Ол өз кезегінде экспортталады. Бірақ сонымен бірге осы құраушылардың импортын барынша алмастыруға ұмтылу қажет. Сонымен бірге, отандық тұтынушы, егер осы сұраныс болса, әлемнің кез келген нүктесінен тауарларға қол жеткізе алуы керек.

 

Өңірлік интеграцияны кеңейту

Әлемде сауданың жалпы баяулауы аясында Қазақстанның сыртқы сауда айналымы бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша 7,4%-ға төмендегенін көрсетті. 

Б. Сұлтановтың айтуынша, басқа өңірлік бірлестіктерде сауда қатысушы елдердің экономикалық белсенділігінің басты ынталандырушысы болып отыр. Сондықтан сауданы барынша аймақтандыру Еуразиялық одақтың басты мақсаты болуы тиіс. 

«Қазақстан – үлкен ел, ал халқының тығыздығы төмен. Қалалар бір-бірінен және сыртқы нарықтардан алыс қашықтықта орналасқан. Сондықтан бізде бәсекеге қабілетті өнімді жасау ғана емес, оны нарыққа шығару және шетелге сату мәселесі өзекті – оны алыс жерлерге Еуропаға немесе Америкаға апару керек. Тек шағын мамандандырылған тауарларды ғана осылай тасымалдау тиімді. Мысалы, біздің шығысымызда шығарылатын әуе құрылысына арналған құрамдауыштар, біз өткен жылы сата бастаған қосарлы мақсаттағы өнімдер немесе тепловоздар. Бірақ қалған барлық өнімдер бойынша біз, ең алдымен, логистикада ұтыламыз», — деп түсіндірді министр. 

Сондықтан бірінші кезекте жақын көршілермен сауданы дамыту маңызды. Бұл басқа бірлестіктерде қалай болады. Мысалы, ЕО-да мүше елдер арасындағы тауар айналымы барлық сауданың 63%-на, НАФТА-да 47%-на жетеді. 

Ведомство басшысы атап өткендей, Еуразиялық одақ ішінде тауар айналымы небәрі 14% құрайды. Тіпті ол да пандемия аясында 11%-ға дейін төмендеді.

«Бізге сауда-экономикалық интеграцияны тереңдетуде жұмыс істеу керек. Біз осы салада ұлттық мүдделерді қолдаймыз. Ол үшін кедергілерді азайту өте маңызды. Өткен жылдан бастап министрліктің құрылуымен бұл жұмыс елеулі бола бастады. Негізінде, бұған объективті себеп бар. Бірінші кезеңде ішкі интеграциялық процестерді жолға қою, институционалдық және құқықтық базаны құру міндеттері тұрды. Енді экономикалық одақ кеңістігінде практикалық жұмыс істейтін уақыт келді», — деді министр.

Бір жыл ішінде 16 тосқауыл алынып тасталды, ең бастысы, Еуразиялық экономикалық комиссияның тосқауыл белгілері туралы өтініштерді қарау мерзімдерін үш айға дейін қысқартуға қол жеткізілді. Бұрын бұл процесс бір жылға созылуы мүмкін еді. Елдің барлық мүдделері Еуразиялық одақтың даму стратегиясының жобасына енгізілген. Олар отандық тауарлардың ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердің нарықтарына кедергісіз кіруін қамтамасыз етуге бағытталған. 

«Сыртқы сауда дипломатиясы аясында біз сауда протекционизмімен күресеміз. Елдер саяси немесе экономикалық себептер бойынша біздің тауарларымызға кедергі келтіретін жағдайлар өте көп. Өткен жылы біз көмірімізді Украинаға Ресей аумағы арқылы транзиттеу кезіндегі кедергілерді жойдық. АҚШ-та қазақстандық титан губкасына жоғары импорттық кеден бажын енгізуге жол берілген жоқ. Қазір біз АҚШ-пен кремний өндірушілерінің мүдделерін қорғау бойынша келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Сертификаттау мәселесі өте маңызды. Біз Еуразиялық одақ кеңістігінде сериялық өнімнің шығу тегі туралы сертификат жүйесін енгізуді жандандыра алдық. Енді қазақстандық экспорттаушыларға, мысалы, сүт өнімдеріне экспорттық айранның әрбір партиясына сертификат алудың қажеті жоқ. Ол үшін жарты жылда бір рет тауардың Қазақстанға жасалғанын сертификатпен растау жеткілікті», — деп түсіндірді министр.

Қазір техникалық реттеудегі мүдделерді сәйкестендіру және Өзбекстанмен сәйкестікті бағалау мәселесі пысықталуда.

Қазақстан Ташкентті Орталық Азиядағы негізгі серіктес және ірі өткізу нарығы ретінде қарастырады. Екі мемлекеттің басшылары таяу жылдары Өзбекстанмен тауар айналымын екі есеге, $10 млрд дейін арттыру міндетін қойды. Мұнда құрылатын «Орталық Азия» халықаралық сауда-экономикалық ынтымақтастық орталығы маңызды рөл атқарады.

«Біз Ташкентпен бірлесіп, оны құру бойынша Жол картасын іске асыруға кірісіп жатырмыз. Біздің экспортымыздың географиясын кеңейтуге ЕАЭО басқа елдермен құратын еркін сауда аймақтары ықпал етеді. Бізде Вьетнам, Иран, Сербия, Сингапур сияқты елдермен осындай аймақтар бар. Израиль, Египет және Үндістанмен келіссөздер жүргізілуде», — деді Б. Сұтанов. 

 

Экспортты дамыту: елімізде мемлекеттік қолдаудың жаңа жүйесі іске қосылды

Өңдеуші өнеркәсіп тауарларының экспорты бағалық шамасында физикалық көлемнің оң серпінін көрсеткеніне қарамастан, екінші жыл қатарынан төмендеуде. Бұл ретте, заттай көріністе экспорт 6,9%-ға немесе 109 мың тоннаға ұлғайды. Ағымдағы жылы жағдай пандемиямен және әлемдік сауда қарқынының баяулауымен күрделене түсті. Яғни, баға төмендеп қана қоймай, бірқатар қазақстандық негізгі экспорттық тауарларға сұраныс қысқарды. 

Тауарлардың шикізаттық емес экспорты төмендеуде. Бірінші жартыжылдықта құлдырау 9% құрады. Мырыш пен қорғасынды жеткізу іс жүзінде толық қысқартылды. Бірақ күміс, оксидтер мен алюминий гидроксидтерін жеткізу белсенді түрде артып келеді.

Осы жылдың бірінші тоқсанында қызметтер экспорты да 5,8%-ға қысқарды. Ең көп құлдырау жолға шығу қызметтері мен жолаушылар көлігі қызметтері болды. Бұл экспортты әртараптандыру және қосымша құны жоғары және тұрақты сұранысқа ие тауарлар өндірісіне көшу қажеттілігін тағы да көрсетеді. 

Ағымдағы күрделі жағдайларда Қазақстан шикізаттық емес экспорттаушыларды қолдаудың белсенді саясатын жүргізеді. Өткен жылы министрліктің қолдауымен 300-ден астам қазақстандық компания 50 шетелдік көрмеге қатысып, 114 млрд теңгеге 63 экспорттық келісімшарт жасасты.

Өңделген өнім өндірушілерді мемлекеттік қолдау экспортқа бағытталған 277 кәсіпорынға 2 жыл ішінде өз шығындарын 6,8 млрд теңгеге төмендетуге мүмкіндік берді. Босатылған қаражатты олар өндіріс көлемін ұлғайтуға инвестиция ретінде сала алады. Тиісінше, олардың экспорттық түсімнен салық аударымдары да өсті.

«Біз қолдаудың тағы бір құралы — экспорттық қаржыландыру бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау туралы бастама көтереміз. Бұл сыртқы нарықтарға жоғары технологиялық өнімді жеткізу жөніндегі келісімшарттарды қолдайды. Қазірдің өзінде қолдаудың осы түрін күтетін және жыл сайын 300 млрд теңгеден астам сомаға осындай өнімді экспорттауға дайын кәсіпорындардың нақты тізбесі бар. Біз экспорттаушылармен тәулік бойы байланыс жасаймыз. Мысалы, биыл біз Лепсіден Біріккен Араб Әмірліктеріне 10 тонна бал жеткізуге көмектестік. Сәуір айында осы елге 22 тонна ет өнімінің авиаэкспресін ұйымдастырдық. Өткен жылы алғаш рет біздің аккумуляторларымызды Италияға экспорттауды ұйымдастырдық. Камбоджаға (сондай-ақ бірінші рет) ұшу-навигациялық тренажерлер жіберілді», — деді министр. 

Қазақстанда мемлекеттік қолдаудың жаңа жүйесі – экспорттаушыларды акселерациялау іске қосылды. Бизнес жаңа нарықтарға шыққанға дейін (Канада, Австралия, Ресей, АҚШ, Германия тәжірибесі) қарқынды экспорттық дамуға көмек алады. Азық-түлік өнеркәсібінде өнімдерін Қытайға экспорттауға дайындалып жатқан 40-қа жуық компания іріктелді. 

«Біздің есептеуіміз бойынша, 2025 жылға қарай экспорттық акселерацияны қолдау тағы 600 қазақстандық кәсіпорынға сенімді экспорттаушылар қатарын толықтыруға мүмкіндік береді (бүгінгі таңда – 400 экспорттаушы). Бұл экспорттық жеткізілімдердің $410,2 млн-ға артуын және 34,5 млрд теңгеге қосымша салық аударымдарының түсуін қамтамасыз етеді», — деді Б. Сұлтанов.

Жалпы, экспортты ұлғайту перспективаларына жасалған талдау $13,5 млрд-қа 16 басым тауар позициясы бойынша әлеуеттің бар екенін көрсетеді. Жақын арада біз оларды ілгерілету бойынша жол карталарын бекітеміз. Басым қызметтер бойынша, оның ішінде көлік, туризм және ІТ саласында экспортты $4,4 млрд-қа өсіру әлеуеті бар.

 

Сауда инфрақұрылымын жаңғыртуда бастысы – цифрландыру

Б. Сұлтанов сауда-саттықтың электрондық жүйесі, мысалы, отандық тауар өндірушілер мен шетелдік серіктестерді тартуға мүмкіндік беретініні, мәмілелердің бәсекеге қабілеттілігі мен ашықтығын қамтамасыз ететінін атап өтті. Биржалық баға белгілеулер нақты уақыттағы нарықтың жай-күйін көрсетеді. Бұл баға бойынша сөз байласу мүмкіндігін жоққа шығарады.

Біртұтас және тиімді сауда-логистикалық инфрақұрылымды қалыптастыру үшін ұлттық тауар өткізу жүйесі құрылады. Ол тек техникалық қана емес, сонымен қатар ақпараттық тұрғыдан да фермерлерді, сатып алушыларды, тасымалдаушыларды, делдалдар мен ритейлерлерді бірыңғай кластерге біріктіреді. 

Бірыңғай цифрлық жүйемен байланысты 24 көтерме-тарату орталығы өндірушіден тұтынушыға дейін өнім жеткізу тізбегін оңтайландыруға, өнімді сақтауға, тиімді таратуға және өткізуге қажетті жағдайлар жасауға мүмкіндік береді.

Тауар шығындарын азайту фермерлерге өнімділікті арттыруға қосымша инвестиция салу мүмкіндігін қамтамасыз етеді. Бұдан басқа, жеке өндірушінің өткізу нарықтарына және сату алдындағы сауда инфрақұрылымына толық тікелей қол жеткізуі жеке меншік иесінің де, жалпы саланың да кірістерін едәуір арттырады. Тұтынушы өз кезегінде сапалы қауіпсіз өнімдер мен жақсартылған қызмет алады. Сонымен қатар, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын 45%-ға дейін төмендету қамтамасыз етіледі. Бұл тұтынушылар үшін жыл сайын шамамен 60 млрд теңгені үнемдейді. 

Ұлттық тауар өткізу жүйесінің маңыздылығы, ол бағаның тұрақтылығын қамтамасыз етеді және ағымдағы жылдың наурыз-сәуір айларында көргеніміздей маусымдық және дүрбелең тудырған «тапшылық» кезеңдерін болдырмауға мүмкіндік береді. 

«Біздің саланың дамуында біз де электрондық коммерцияға баса назар аударамыз. Бұл пандемия кезеңінде күшейген әлемдік тренд. Егер өткен жылы Қазақстанда электрондық нарық көлемі 700 млрд теңгеден сәл артық болса, 2020 жылдың 1 жартыжылдығында ғана онлайн-сауда көлемі 432 млрд теңгені құрады. Осы жылдың соңына дейін 900 млрд болады деп күтіп отырмыз. Ал 2022 жылға қарай онлайн сатып алу көлемі 2 трлн теңгеге немесе елдегі барлық бөлшек сауданың 13%-на жетуі мүмкін. Біздің болжамымыз бойынша, 2025 жылға қарай электрондық коммерция үлесі бөлшек сауда нарығының 15%-ына жетеді», — деді ведомство басшысы. 

Электрондық коммерция бөлшек сауданы, әсіресе, халықаралық сауданы айтарлықтай жеңілдетеді және жеделдетеді. Кәсіпкерлерге әлемдік электронды сауда алаңдарында ыңғайлы болуға көмектесу үшін министрлік Alibaba, Ebay, Amazon және Wildberries-пен келіссөздер жүргізуде. 43 қазақстандық компания Alibaba алтын аккаунттарында сауда жасап жатыр, тағы 3 компания витриналар дайындауда. 21 қазақстандық компания Wildberries-те сауда жасайды. 

«Біз Wildberries компаниясымен оның Нұрсұлтан және Алматы қалаларында 5 мың жұмыс орнын құрумен ауданы 100 мың шаршы метр болатын логистикалық орталықтар салады деп келістік», — деді министр.

Қазақстанда 3 фулфилмент–орталық жұмыс істейді, онда күн сайын 350 мыңнан астам пошта жөнелтімдері өңделеді. 2025 жылға қарай олардың саны 15-ке дейін ұлғаяды, ал пошта жөнелтілімдерінің саны 82,8 млн данаға дейін өседі. 

«ҚР-да 13 қазақстандық цифрлық сауда платформасы жұмыс істейді. Олар kaspi, chocofamily, technodom, mechta және басқалар сияқты маркетплейстер. Оларды қолдау үшін КТС және ЖТС төлеуден қосымша босату мәселесі пысықталуда. Ұлттық банкпен бірлесіп төлем жүйелері арқылы электрондық коммерцияны дамытуды ынталандыру мәселелерін пысықтаймыз», — деді Б. Сұлтанов. 

 

Тұтынушылардың құқығын қорғау және техникалық реттеу 

Министрдің айтуынша, сауданы дамыту тауарлар мен қызметтердің сапасы үшін күрестен алшақтамауға тиіс. Сондықтан министрлік жұмысының төртінші маңызды бағыты тұтынушылардың құқықтарын қорғау және техникалық реттеу болып отыр.

Техникалық реттеу қарапайым заттар экономикасын қолдаудың пәрменді құралдарының бірі және жосықсыз импортқа тосқауыл шарасы болып табылады. Бірақ сапасыз ішкі өндіріске тек тұтынушылардың көмегімен тыйым салуға болады. 

«Қазақстанда 18 миллион тұтынушы бар. Бұл 18 миллион тауарлар мен қызметтердің сапасын талапшыл бақылаушылар. Заңнамадағы өзгеріс бізге қоғамдық бақылау құралдарын кеңейтіп қана қоймай, тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың толыққанды ұлттық жүйесін құруға мүмкіндік берді. Біз шағымдарды қараудың үш сатылы жүйесін енгіздік және "бір терезе" қағидаты бойынша шағымдарды қабылдаудың Бірыңғай ақпараттық жүйесін құру бойынша жұмыс істеп жатырмыз», — деді министр.

Тұтынушылардың тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасына қанағаттану деңгейін арттыруға техникалық реттеу жүйесін жетілдіру ықпал етеді. Жыл сайын озық халықаралық құжаттар негізінде мемлекеттік және мемлекетаралық стандарттар әзірленеді. Оларды пайдалану кәсіпорындарға өнімнің жоғары сапасын қамтамасыз етуге және өзінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді. 2019 жылы 1 000 жаңа Ұлттық стандарт әзірленді және алдағы 5 жылда тағы 2 500 (оның ішінде ескіргендердің орнына) стандарт әзірленеді.

Б. Сұлтанов мысал ретінде биылғы жылы Халал стандарттарын енгізуді келтірді. Олар Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының, Ислам елдерінің стандарттар және метрология институтының, MS (Малайзия) стандарттарының және тағы басқалардың талаптарын ескере отырып әзірленген. Сәйкестік сертификаттарын беретін субъектілерді аккредиттеудің электрондық жүйесі енгізілді. Бұл құжаттарды бұрмалау және қолдан жасау мүмкіндігін жоққа шығарады. Министрліктің қысқа мерзімге арналған жоспарында өнімді сертификаттаудың халықаралық танылған жүйесін құру бар.

«Сондықтан біз заманауи зертханалық желіні қалыптастыруға ден қоямыз. Елдің 904 сынақ зертханасының үштен бірі ЕЭК бірыңғай тізіліміне енгізілді. Жаңа бағыттар бойынша зертханалар жаңғыртылады. Ішкі нарықты кешенді қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі біздің барлық бастамаларымыз "Техникалық реттеу туралы" Заң жобасының жаңа редакциясында көрсетілген», — деді ведомство басшысы.

Бизнес бастапқыда халықаралық нарықтарда бәсекеге түсе алатын жоғары сапалы тауарлар шығаруы керек. Қауіпті және сапасыз өнімдерге тосқауыл қойылады. Бұдан адал кәсіпкерлер мен қарапайым тұтынушылар пайда көреді.

Б.Сұлтанов соңғы жыл сауда мен жалпы әлемдік экономика үшін таң қаларлық жыл болғанын атап өтті. Қазіргі шындық әлемді өзгертуде. Қазақстан барлық сын-қатерлерге тез әрі тиімді ден қоюы қажет. Бұл төтенше жағдай кезінде қалай жүзеге асты?

«Естеріңізде болса, адамдар карантинге түсіп, өнімдерді жаппай сатып алғанда, жеке азық-түлік тауарларының бағасы негізсіз көтерілді. Тек дүрбелеңнен сұраныс туды. Содан кейін бізге нарықтық емес шараларды қолдануға тура келді – кейбір тауарларға шекті бағаны белгіледік. Бұл көмектесті және бағалар тиісті деңгейге оралды: биылғы жылы азық-түлік инфляциясы, тіпті наурыз айындағы секірісті ескергеннің өзінде, өткен бірнеше жылға қарағанда төмен. Сонымен қатар, наурыз айында сауда және қызмет көрсету субъектілері мүлік пен еңбекақы төлеу қорына салық төлеуден босатылып, несиелер бойынша мерзімін ұзартып, "Бизнестің жол картасы – 2025" мемлекеттік бағдарламасы аясында жеңілдетілген несие алуға қол жеткізді», — деді ведомство басшысы.

Айта кетейік, министрлік алдағы уақытта іске асыратын негізгі міндеттерді айқындады. 

Бірінші. Еуразиялық экономикалық интеграцияны дамытудың 2025 жылға дейінгі стратегиялық бағыттары жобасымен жұмыс жалғасуда. Онда базалық бағыттарды дамытумен қатар денсаулық сақтау, білім беру, ғылым, туризм, спорт және қоршаған ортаны қорғау сияқты ЕАЭО үшін жаңа бағыттар бойынша экономикалық ынтымақтастық үшін негіз қаланады.

Стратегиялық бағыттарда көзделгендердің барлығы еліміздің ұлттық мүдделеріне сай келеді.

Екінші. Елдің 2020 жылға және орта мерзімді перспективаға арналған экономикалық өсуін қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспарларды іске асыру сауда субъектілерінің іскерлік белсенділігін неғұрлым қысқа мерзімде қалпына келтіруге, сондай-ақ экспорттаушыларға мемлекет тарапынан барынша қолдау көрсетуге мүмкіндік береді. 

Үшінші. Министрлік Қазақстан Республикасында сауданы дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының жобасын әзірледі. Онда айқындалған сауда-саттықты дамыту міндеттері мен векторлары бизнеспен және мүдделі тараптармен бірнеше рет талқыланды. Бағдарлама жобасында заңнамалық жетілдіру шаралары да, бизнесті қолдау және сауда инфрақұрылымын дамыту құралдары да көзделеді. 

Төртінші. Көпформатты тауар өткізу жүйесін құру. 2022 жылдың соңына дейін барлық өңірлерде 24 көтерме-тарату орталығы пайдалануға беріледі. Бұл отандық тауар өндірушілердің тауарларын алаңнан сөреге дейін ең аз шығындары және шығыстармен жеткізудің ұлттық жүйесін қалыптастыруға, ең бастысы – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл ретте халық жаңа және арзан азық-түлік тауарларын ала алады.

Бесінші. Тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың толыққанды ұлттық жүйесін құру шеңберінде шағымдарды қабылдаудың Бірыңғай ақпараттық жүйесін және Ведомствоаралық кеңесті құруды аяқтау міндеті тұр. Олар тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың барлық шараларын бір жерге шоғырландыруға және мемлекеттік органдар қабылдайтын шешімдердің тиімділігіне тиісті бақылауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. 

Алтыншы. Алдағы парламенттік сессия барысында депутаттардың қарауына «Техникалық реттеу туралы» Заң жобасы ұсынылады. Ол өнім қауіпсіздігінің, адам өмірі мен денсаулығы процестерінің, қоршаған ортаның ауқымды мәселелерін шешуге бағытталған. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу