Кезекші сыныптарға қойылатын талаптар, мұғалімдерге үстеме ақы төлеу және ата-аналармен жұмыс — Қазақстан мектептерінде 1 қыркүйектен бастап оқытудың ерекшеліктері қандай



ҚР білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов пен ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова онлайн-брифинг барысында 1 қыркүйектен бастап Қазақстан мектептерінде оқытудың ерекшеліктері туралы айтып берді.

А. Аймағамбетов атап өткендей, бүгінгі таңда мектепке дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр. Жаңа оқу жылы дәстүр бойынша 1 қыркүйекте басталады. Дегенмен, эпидемиологиялық жағдайға байланысты жаңа оқу жылы қашықтан оқытумен басталады. Алайда екі ерекшелік ескерілген. 

 

530 мың ата-ана балаларын кезекші сыныптарда оқытуға өтініш берді

Біріншіден, бастауыш сынып оқушылары ата-аналарының өтініші бойынша кезекші сыныптарда оқи алады.

Екіншіден, эпидемиологиялық ахуалы қолайлы шалғайдағы ауылдық елді мекендердегі шағын жинақты мектептер дәстүрлі режимде жұмыс істей алады.

Соңғы мәліметтер бойынша, 530 мың баланың ата-анасы оффлайн оқуға өтініш берген, бұл оқушылардың жалпы санының 15%-ы. 5%-ы — шағын жинақты мекемелердің оқушылар, олардың саны — 202 мың.

«Жалпы елімізде 2,6 млн оқушы бар. 80%-ы – қашықтан оқиды. Мұнда екі таңдау бар – интернет немесе теледидар арқылы білім алу. “Ел арна” мен “Балапан” тағы да 9 сағатқа дейін телесабақ беруге дайын. Олардың түсірілімдері жалғасуда», — деп сендірді министр.

Өткен оқу жылының төртінші тоқсанында екі негізгі платформа қолданылды. Жазғы кезеңде тағы 6 платформа әзірленді. Оқу орындары өздері үшін қолайлы платформаны таңдайды.

 

Кезекші сыныптарға қатаң талаптар қойылады

Кезекші сыныптардағы сабақтар әр уақытта басталады. Үзіліс те әртүрлі уақытта болады. Кабинеттік жүйе жойылады, яғни оқушылар тек бір кабинетте оқиды. Желдету режимі, тазарту режимі, термометрия мәселелері, санитайзерлер орнату секілді санитарлық талаптар қатаң сақталуы керек. Қазіргі таңда жергілікті атқарушы органдар мектептерді кезекші сыныптардың жұмысына белсенді түрде дайындауда.

 

350 мыңға жуық қазақстандық педагог «кибер» мәртебесін алады

Мұғалімдердің АТ-дағдыларын дамыту үшін Білім және ғылым министрлігі бірқатар курстар әзірледі.

«Бұл дағдыларды дамытып, педагогтерге жаңа жағдайда жұмыс істеуге көмектесу үшін біз бірнеше курс әзірледік. Олардың бірі “Қашықтан оқытуды үйренемін” деп аталады. Біз 347 мың педагогты қамтуға тиіс едік, бүгінгі таңда 323 мың мұғалім сертификат алып, оқуды аяқтады. Қалғандары 1 қыркүйекке дейін оқуын тәмамдайды. Біздің педагогтер өздерін төртінші тоқсанда да жақсы көрсетті, көп жағдайда өте белсенді қызмет етіп, жаңа жағдайларға тез бейімделді. Бұл оңай түскен жоқ», — деді А. Аймағамбетов.

Ол сондай-ақ Министрліктің 10-нан астам нормативтік-құқықтық актілеріне жүйені жаңа форматқа бейімдеу үшін түзетулер енгізілгенін айтты.

«Балалар үшін және жалпы білім беру процесі үшін оқытудың ең тиімді түрі – мектеп қабырғасында дәстүрлі түрде оқыту. Білім беру – бұл белгілі бір ақпарат жиынтығын беру ғана емес, бұл эмоционалды интеллектіні дамыту, әлеуметтену мәселелері және қарым-қатынас жасау дағдылары. Сондықтан, әрине, бұл формат ең қолайлысы. Біз Білім және ғылым министрлігі ретінде мұны жақсы түсінеміз, алайда эпидемиологиялық жағдайды, балалардың, әріптестеріміздің, педагогтердің денсаулығы мен өміріне төнетін қауіп-қатерді ескере отырып, Денсаулық сақтау министрлігінің, Бас санитарлық дәрігердің ұсынысы бойынша жаңа оқу жылын дәл осы режимде бастауға мәжбүрміз», — деп түсіндірді министр.

Оның айтуынша, бұрын да үздік оқып, өзін-өзі жақсы ұйымдастырған балалар үшін қашықтан оқыту форматында оқытудың жаңа шарттары аса қиындықтар тудырмады.

«Біз, педагогтар, оқу бағдарламасы бойынша қашықтан оқыту форматында да балаларымыздың қажетті дағдыларды алуы үшін барлық жағдайды жасаймыз. Қашықтан оқыту бойынша нақты зерттеулер бар», — деді А. Аймағамбетов.

 

Педагогтер кезекші сыныптардағы жұмысы үшін қосымша жалақы алады

Асхат Аймағамбетов мұғалімдердің кезекші топтарға сабақ беретін педагогтердің қашықтан сабақ өткізуге құқығы жоқ деген шағымына жауап берді.

«Біз әдістемелік ұсынымдарда да, барлық сөз сөйлеулерде де бұған жол берілмейтіні туралы үнемі түсіндіреміз. Қашықтан және топтарда сабақ жүргізуге мүмкіндігі бар мұғалімдер мұны жасауға құқылы. Мұндағы үлкен мәселе жүктеменің аздығы болды. Бізде үлгілік оқу жоспары бойынша бірінші сыныптарда аптасына 24 сағат болса, оның ішінде дене шынықтыру, ағылшын тілі пәндерінен басқа мұғалімдер сабақ береді. Орта есеппен бастауыш мектеп мұғалімдеріне жүктеме 15-16 сағат болды. Бір мөлшерлемеге – 18 сағатқа да жетпеді. Сондықтан олар әдетте сағат алуға мәжбүр болды», — деді ол.

Егер сыныпта 30 оқушы болса, қазіргі жағдайда кезекші сыныпта оқу кезінде бұл сынып 15 баладан екі кіші топқа бөлінеді. Тиісінше, педагогке жүктеме артады, дегенмен қосымша жұмыс үшін педагог қосымша жалақы алады. Ол 28 сағат жүргізеді және осы 28 сағат үшін жалақы алады.

«Мұны қосымша төлем емес, заңмен реттелетін жалақы деп айту керек. Сондықтан мектептің бухгалтериясы бұл ақшаны төлейді», — деді министр.

Сонымен қатар А. Аймағамбетовтың айтуынша, білім беру процесі барысында коронавирус жұқтырған мұғалімдерге өтемақы төлеу қарастырылмаған. Оқытушыларға нақты талаптар қойылған.

«Бұл мәселе Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен нұсқаулықта қарастырылған. Сыныптарда жұмыс істеуге рұқсат етілген мұғалімдердің жасы 65-ке толмаған болуы тиіс. Жүкті әйелдер, қант диабеті және басқа да созылмалы аурулары бар мұғалімдер мектепте оқытуға жіберілмейді. Мұның бәрін мектеп басшылары қадағалайды. Тиісті ережелер бекітіліп, мұғалімдердің назарына жеткізілді», — деді БҒМ басшысы.

 

Кезекші сыныптардағы сабақтардың ұзақтығы 40 минутты құрауы тиіс

Сондай-ақ А. Аймағамбетов кезекші сыныптардағы сабақтардың ұзақтығы 40 минутты құрайтынын және мектептер бұл ұсынысты ұстануы керек екенін атап өтті.

«Бізде әдістемелік ұсыныстар бар, біз кезекші сыныптағы сабақтардың ұсынылатын ұзақтығы 40 минутты құрауы тиіс екенін айтамыз. Сондықтан, егер осындай мектептер болса, біз тиісінше түсіндіру жұмыстарын және тиісті талаптарды ұстану қажеттігі туралы қосымша нұсқаулар жүргізетін боламыз, біз бұл ақпаратты қайта жеткіземіз. Себебі кейбір әріптестер мұның бәрін бір сағатқа сыйғызуға тырысқанда, мұндай кезекші сабақтарда сабақ өткізудің мәні жоқ. Бұл ата-аналар үшін де қолайсыз. Егер ата-ана баланы алып келсе, кезекші сыныптарға өтініш жазса, бір сағаттан кейін оны алып кетуі керек. Сонымен бірге біз типтік оқу бағдарламасын игеріп жатырмыз, әрине, мұнда біраз сұрақтар туындайды. Бұл дұрыс емес. Сондықтан да тиісті жұмысты әріптестерімізбен қайта жүргіземіз», — деді министр.

Білім және ғылым министрі қажет болған жағдайда балалар сенбі күні де оқи алатынын, тиісті шешімді білім беру ұйымының басшысымен бірге педкеңес қабылдайтынын атап өтті. Бұл мәселе мектеп құзыретіне кіреді.

Даярлық топтарында балаларды оқыту да кезекші топтарда қарастырылған. Егер ата-ана ниет білдіріп, өтініш жазса, мектептерде мүмкіндігінше даярлық топтарына да кезекші сыныптар ашылады.

 

1 қыркүйекте жалпы мектеп жиынының орнына сынып сағаттары өтеді

Дәстүрлі Білім күнін өткізу туралы әдістемелік ұсыныстар білім басқармаларына және мектеп директорларына жіберілді. Мерекелік іс-шаралардың екі форматы қарастырылған. «Кезекші сыныптардың» оқушылары үшін мұғалімдер кабинеттерде сынып сағаттарын өткізеді. Ал қашықтан оқитын оқушылар үшін, тиісінше, онлайн сынып сағаттары өткеді.

«Әдетте бізде: 1 қыркүйекте балалар мектепке барып, салтанатты жалпы мектептік жиын өтетін, одан кейін балалар сынып сағаттарын өткізілетін сыныптарға баратын. Қазіргі жағдайда осы форматта жалпы мектепішілік жиын өткізудің қажеті жоқ. Әр сыныпта сынып сағаттары болады. Егер балалар күндізгі, кезекші сыныптарда оқитын болса, мұғалім балалармен сынып сағатын және барлық қажетті шараларды өткізеді. Ал егер балалар қашықтан оқитын болса, онда 1 қыркүйекте сынып сағатын өткізу үшін мектепке арнайы келудің қажеті жоқ. Олар үшін бұл іс-шара қашықтан ұйымдастырылады», — деп атап өтті министр.

 

Дәстүрлі оқытуды кейбір мектептерде жүргізу қандай қағида бойынша анықталды?

Министрдің айтуынша, мәселе интернетке қол жеткізуде емес, эпидемиологиялық жағдайдың жай-күйіне байланысты.

«Мұнда ауылдық мектеп немесе қалалық, интернет бар ма, жоқ па деген мәселе емес. Бірінші сыныптан төртінші сыныпқа дейінгі оқушылар кезекші сыныптарда оқуға құқылы. Шағын жинақты мектептердің балалары дәстүрлі форматта оқиды. Интернетке қосылып-қосылмағанына қарамастан, қолайлы эпидемиологиялық жағдайға байланысты балалар мектепке бара алады. Бұл 202 мың оқушы, бұл оқушылардың жалпы контингентінің 5-6%-ы ғана. Бұл шалғайдағы ауылдық жерлердегі 2 652 мектеп. Кейбір мектептерде 3 оқушы оқиды, бір жерде 6 оқушы, ең көбі 20», — деп түсіндірді А. Аймағамбетов.

 

«Әліппе» Ахмет Байтұрсыновтың әдістемесі бойынша дайындалады

Бірінші және екінші тоқсанда қазақ тілінде оқытатын бірінші сынып оқушылары «Әліппе» бойынша, ал кейін «Ана тілі» оқулығы бойынша білім алады. Оның айтуынша, бағдарлама дайындық сатысында және бекітуге дайын. Оқулық Ахмет Байтұрсыновтың әдістемесіне негізделеді.

«Оқулық қазақ халқының өзіндік, дәстүрлі қасиеттері мен ерекшеліктерін ескере отырып әзірленеді. Мысалы, қарапайымнан күрделіге көшу. Мәселен, фонетика. Қазақ тілінде өзіндік ерекше дыбыстар бар. Барлық ерекшеліктерді ескере отырып, біз ғалымдармен бірге балаларға өте қызықты болатын әдістеме әзірлеп жатырмыз. Олар әртүрлі дайындықпен келеді. Кітап оқыту осы әдістеме бойынша жүргізіледі», — деді А. Аймағамбетов.

 

Ауылдан келген студенттер ЖОО жанындағы жатақханаларда тұра алады

ҚР білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов интернетке қосылу қиындық тудыратын өңірлерде тұратын студенттер ЖОО жанындағы жатақханаларда оқи алатынын атап өтті.

«Интернет мүлдем жоқ, оқуға мүмкіндік жоқ жерлерде тұратын студенттерге біз жатақханаларға келіп тұруға мүмкіндік жасадық. Оқу орындарының басшылары бұл жұмысты жүргізіп жатыр. Бұл жатақханаларда олар қажетті жоғары жылдамдықты интернетпен, тұрақпен қамтамасыз етіледі», — деді А. Аймағамбетов.

Бұл ретте өзін-өзі оқшаулау және әлеуметтік қашықтықты сақтау бойынша санитариялық талаптар сақталады.

 «Біздің ЖОО-ларға бізден техникалық және инфрақұрылымдық проблемаларға байланысты оқу процесінде, интернетпен байланысты проблемалары бар балаларды анықтау туралы тапсырмалар мен ұсыныстар берілді», — деді БҒМ басшысы.

Жатақханада оқу және тұру үшін арнайы бағдарламалар мен мүмкіндіктер дайындалады.

 

Ата-аналармен өзара әрекеттесу басымдыққа ие

Маңызды бағыт — балалармен жұмыс және ата-аналарға әдістемелік әрі әдіснамалық қолдау көрсету. Сарапшылардың айтуы мен халықаралық тәжірибе көрсеткендей, бұл жұмысты өте белсенді жүргізу керек.

А. Аймағамбетовтың айтуынша, БҒМ оқушылардың ата-аналары үшін 515-тен астам вебинар өткізген. Барлық осы вебинарлар YouTube және әлеуметтік желілерде сақтаулы.

«Өрлеу» ведомстволық бағынысты орталығының арнайы дайындалған роликтері 1 млн-нан астам рет қаралған, 400 мыңнан астам ата-ана қатысты», — деді министр.

Сонымен қатар биылғы 20 тамызда БҒМ бүкіл ел бойынша ата-аналар жиналысын арнайы ұйымдастырды.

«Ата-аналармен жұмыс жүргізу маңызды: баланың қалай оқитынын, күн тәртібі қандай болатынын айту қажет. Баланың қазіргі таңда интернетті үнемі қолданатынына байланысты, кибергигиена, киберқауіпсіздік және отбасы ішіндегі қарым-қатынас мәселелері қозғалады. Бүгінгі таңда көптеген сарапшылар қашықтан оқыту, карантин жағдайында тұрмыстық жанжалдар, тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселелері өзекті болып тұрғанын атап өтті. Сондықтан біз бұл мәселеге назар аударамыз. Ата-аналармен өзара әрекеттесу мәселесі біз үшін аса маңызды. Қазіргі уақытта ата-аналарға үлкен жүктеме жүктеледі. Біз мұны жақсы түсінеміз», — деді А. Аймағамбетов.

 

1 қыркүйекке дейін 420-450 мың компьютер оқушыларға беріледі

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов бизнесмендердің мектеп оқушыларына компьютер сатып алуының ерікті-мәжбүрлі тәртібі туралы ақпаратқа түсініктеме берді. Ол меценаттар мен кәсіпкерлерді компьютерлер сатып алуға ешкім мәжбүрлей алмайтынын атап өтті.

«Бұл дұрыс емес. Менің ойымша, бұл заңсыз. 20 жылдан астам уақыттан бері әрекет етіп келе жатқан жыл сайынғы “Мектепке жол” акциясы аясында меценаттар, мемлекеттік қызметкерлер мен қоғам өкілдері көмек көрсетуде. Біреуге сөмке, мектеп керек-жарақтары, мектеп формасы, планшеттер мен компьютерлер сатып алынады. Биыл акция жалғасуда. Компьютерлерді сатып алу мәселесінде жауапкершілікті бизнеске арту, менің ойымша, бұл дұрыс ақпарат емес», — деді министр.

Оның айтуынша, жергілікті атқарушы органдар техника сатып алу үшін қаржы бөлген. Сонымен қатар республикалық бюджеттен қосымша қаражат бөлінді.

«1 қыркүйекке дейін оқушыларға уақытша пайдалану үшін 420-450 мың компьютер беруді жоспарлап отырмыз. Мұнда бұл мектептің меншігі екенін түсіну керек. Қазіргі таңда компьютерлерді біржола беру керек деген көптеген сұрақтар туындап жатыр. Алайда, олар мектеп үшін сатып алынады, болашақта оқушылар оларды оқу процесі аясында қолдануы тиіс. 200 мыңға жуық компьютер балаларға берілді. Күн сайын жеткізіліп жатыр», — деді А. Аймағамбетов.

Министр көп балалы отбасылардың, табысы төмен отбасылардың балалары немесе ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар басым тәртіппен техникамен қамтамасыз етілетінін еске салды.

«Отбасыда төрт немесе бес бала оқитын жағдай болады. Сондықтан бүкіл отбасыға бір компьютер жеткіліксіз. Біз тиісті ұсыныстар мен нұсқаулықтарды әріптестерімізге жеткіздік. Мұндай отбасылар үшін мәселелер мүмкіндігінше шешіледі», — деді ол.


Үй тапсырмалары талап етілмейді

Сонымен қатар министр мектеп оқушыларына үй тапсырмасын жасаудың қажеті неге жоқ екенін түсіндірді.

«Балалар кезекші сыныптарда оқыған кезде, олар күндізгі бөлімде оқып, онда оқу тапсырмаларын орындайды, сыныптарда жұмыс істейді, содан кейін оларға үй тапсырмасы берілетіні анық», — деді ол.

«Алайда бала қашықтан оқитын кезде – мұғалім беретін барлық тапсырмалар, яғни бөлек тапсырмалар беру және оған қосымша тапсырмалар беру, әрине, қажет емес. Төртінші тоқсанның басында біз мұны көрдік, бұл балалар мен ата-аналар, мұғалімдер үшін үлкен жүктеме болды. Себебі мұның бәрін тексеру керек еді», — деп атап өтті министр.

Асхат Аймағамбетов қазір қашықтан оқыту — бұл үйде оқыту және балаларға іс жүзінде беретін барлық тапсырмалар екенін ескере отырып, бұл үй тапсырмасы екенін атап өтті.

«Оқу тапсырмаларын екі рет бөлек беру, үй тапсырмасын бөлек беру қажет емес. Сондықтан осының бәрін біз бірыңғай оқу тапсырмасына біріктірдік. Яғни, мұғалім балаға интернет-платформада шартты түрде орындауы керек тапсырма береді және ол бұл тапсырманы орындауы керек. Оған қосымша қандай да бір тапсырма, жеке тапсырма беру қажет емес», — деп атап өтті Асхат Аймағамбетов.

 

ҚР-да білім мен ғылымға ерекше көңіл бөлінеді

Сондай-ақ брифинг аясында А. Аймағамбетов білім және ғылым саласын дамыту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтып берді.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барлық тапсырмаларда білім беруді басты орынға қояды. Жоғары оқу орындарына қатысты тапсырмалар болды. Дипломдарды сатуды бизнеске айналдырған адамдармен күрес жүргізілуде. Талаптар мен стандарттарға сай келмейтін бірнеше ЖОО жабылды», — деді министр.

Сонымен қатар «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданып, 5,3 трлн теңге бөлінді. Қазіргі уақытта мұғалімдер барлық мәдени-бұқаралық іс-шараларға тартылмайды, оларды қағаз есептерінен босату жолында да жұмыстар атқарылып жатыр.

«Ғылым да Мемлекет басшысының жіті назарына алынған. Биыл оны қаржыландыруды арттыру тапсырылды. Бюджет екі есе өсті. Мұндай елеулі қаражат алғаш рет бөлінуде. Енді бастысы – оларды игеру. Яғни, ақшаны ашық басқару тетігін құру», — деді А. Аймағамбетов.

 

Балалар спорттық секцияларға қабылдану үшін ПТР тесттерін тапсырмауы керек

ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова өз кезегінде кейбір спорт клубтарының жаңа оқу жылында жаттығу басталар алдында балаларды міндетті ПТР-тестілеу туралы талабының заңсыз әрі негізсіз екенін атап өтті. Оның айтуынша, ПТР тесті диагностикалық болып табылады және ол үшін клиникалық немесе эпидемиологиялық көрсеткіштер болуы керек: белгілері немесе науқаспен байланыста болуы. Республиканың Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысымен персонал үшін де, келушілер үшін де міндетті ПТР-тестілеу қарастырылмаған. А. Есмағамбетова теріс ПТР-тест нәтижесі адамның екі-үш күннен кейін ауырмайтынына кепілдік бермейтінін атап өтті.

«Біз қоғамдық көлікте жүріп, сөйлесіп, белгілі бір жрлерге баруды бастадық. Сондықтан белгілі-бір секцияға бару үшін теріс нәтижелі ПТР тестті талап ету мүлдем негізсіз. Вирусқа қарсы денелерді анықтайтын тестті де талап ету еш нормативтік-құқықтық актіде қарастырылмаған», — деді ол.

Санитарлық ережелерде мектепте жауапты адам анықталуы керек деген тармақ бар. Талаптар әртүрлі. Бұл — мектептің өзіне, мектепте дезинфекциялық режимді жүзеге асыруға, мектеп персоналына, балаларға, оқу процесіне қойылатын талаптар. Барлық осы бағыттар үшін жауапты болып анықталған адамға бұзушылықтар анықталған жағдайда шаралар қолданылатын болады. Егер бұл мұғалімге қатысты болса, онда мұғалімге шаралар қолданылады. Егер бұл мектепті санитайзерлермен, дезинфекциялық құралдармен, желдету жүйесінің жұмысымен қамтамасыз етуге байланысты болса, яғни мұғалімге де, медицина қызметкеріне де қатысты емес, мектеп басшысына немесе директорына қатысты болса, онда соған сәйкес шаралар қолданылады.

 

Оқушылар маска тағуға міндеттеле ме?

 А. Есмағамбетова атап өткендей, бүгінде маска тағу мәселесі көптеген сұрақтар туғызуда. Біреулер бұл эстетикаға сай емес десе, біреулер мүлдем қажет емес деп санайды, біреулер үшін ол ыңғайсыздық тудырады — тыныс алу немесе сөйлеу қиын болуы мүмкін.

«Бүгінде біз маска – бізді коронавирус инфекциясынан қорғайтын алдын-алу шарасы екенін түсінеміз. Сондықтан, бүгінде “пайдалы-зиян” тұрғысынан бағалай отырып, маска тағу міндетті екенін түсінуіміз керек. Сонымен қатар біз мұны балалар мен мұғалімдерге қатысты айтқан кезде, мектепте болу – бұл ұзақ уақыт жабық бөлмеде болуды талап етеді. Бұл тіпті 15 бала болса да, айтарлықтай қауіп тудырады. Тиісінше, біз балаларды да, мұғалімдерді де қорғауымыз керек. Бұл жағдайда маска тағудың зиянынан гөрі, пайдасы зор», — деді Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер.

 

Білім беру ұйымдарындағы негізгі санитарлық талаптар қандай?

Сондай-ақ Айжан Есмағамбетова ел өңірлерінде оқу процесі бойынша неге бірыңғай санитарлық талаптар жоқ деген сұраққа жауап берді.

«Санитарлық талаптар бар, олар Білім және ғылым министрлігімен келісіліп, бүгін-ертең тіркеледі. Олар әлі бекітілген жоқ, өйткені талаптар мен белгілі бір тәртіп бар. Бұл ретте құжат жобасы барлық аумақтық департаменттерде бар», — деді А. Есмағамбетова.

Бас санитарлық дәрігер білім беру ұйымдарындағы негізгі талаптарды еске салды. Бұл — санитарлық режим, дезинфекциялық құралдардың белгілі бір қорының болуы, әр қабатта және білім беру мекемесінің әр кабинетінің алдында антисептиктердің болуы, жинау және дезинфекциялау шарттары.

Сонымен қатар кабинеттік жүйе, спорттық және мәдени шаралар тоқтатылды. Үзіліс регламенті мен сабақ режимі енгізілді. Әлеуметтік қашықтықты сақтау және кезекші топтарда маскалар тағу міндетті.

Созылмалы аурулары бар 65 жастан асқан мұғалімдер, жүкті әйелдер қашықтан оқытуы керек.

 

Мектептер қандай жағдайларда жабылуы мүмкін?

А. Есмағамбетова карантинге тек жеке кезекші сыныптың ғана емес, мектептің де жабылуы мүмкін жағдайларды атап өтті.

«Егер сыныпта Covid-19 инфекциясы анықталса, эпидемиолог мамандар тексеру жүргізеді. Осы сыныптың оқушылары, оқытушы және науқаспен жақын байланыста болған адамдар оқшауланып, зертханалық тексеруден өтеді», — деді Бас санитарлық дәрігер.

Мектептерге қойылатын санитарлық талаптарда бір бала коронавирус инфекциясын жұқтырған жағдайда, сыныпта карантин жарияланып, бірақ мектеп жұмыс істей беретіні жазылған.

Айжан Есмағамбетованың айтуынша, инфекцияның одан әрі таралуын болдырмау үшін коронавирус бірнеше балада және бірнеше сыныпқа сабақ беретін оқытушыда анықталған жағдайда мектеп жабылуы мүмкін.

 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу