«Қалтадағы ХҚКО», еңбек заңнамасына түзетулер енгізу, бензин акциздері — Үкіметтік сейсенбі қалай өтті

Биылғы 26 қарашада Үкіметтің кезекті отырысы өтті, онда Министрлер кабинеті «электрондық үкіметті» дамыту және халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру мәселелерін қарады, сондай-ақ, еңбек қатынастарын реттеу шаралары талқыланды. Кулуарда бензинге акцизді арттыру туралы және мемлекеттік мекемелерде смартфондарды қолдану мүмкіндіктерін кеңейту нұсқаулары туралы түсініктеме берілді. Отырыстың қорытындысы бойынша ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б. Нұрымбетовтsң қатысуымен баспасөз конференциясы өтті.

 

Интернет арқылы мемлекеттік қызметтерді ұсыну: қазақстандықтар смартфон арқылы мемлекеттік қызметтерді қашан толықтай ала алады

Электрондық үкімет қазіргі уақытта мемлекеттік қызметтерге қол жеткізудің негізгі нүктесі болып табылады. Бүгінгі таңда 10 млн-нан астам азамат eGov қолданушылары.

ҚР wифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі А. Жұмағалиев мемлекеттік қызметтер тізіліміне 723 мемлекеттік қызмет енгізілгенін, олардың 580-і немесе 80% электронды форматта, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы 648 қызмет немесе қызметтердің 89,6%-ы ұсынылатынын айтты.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының төрайымы Ә. Балташева мәлімдегендей, мемлекеттік корпорация құжаттарды қабылдау және беру үшін Қазпоштаның 1656 бөлімшесі, 348 фронт офис, 16 мамандандырылған, 17 көші-қон және 18 цифрлық ХҚКО арқылы мемлекеттік қызметтерді ұсынады.

2019 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша «eGov» порталында 10 млн астам пайдаланушы тіркелді, 36,5 млн қызмет алынды. 2018 жылдың қорытындысы бойынша цифрлық сауаттылық деңгейі шамамен 80% құрады.

Осы жылдың 1 қарашасынан бастап мекенжай анықтамасы жойылды. Жыл сайын азаматтарға 14 млн-нан аса осындай анықтама беріліп келді. Оларды жою 3,3 млрд теңге шамасында экономикалық әсер береді. Қазір тағы да 27 анықтаманы жою бойынша жұмыс жүргізілуде.

Мемлекеттік қызметтерге қол жеткізудің ең ыңғайлы жолдарының бірі — мобильдік технологиялар (қазақстандықтардың 64%-ы смартфонды пайдаланады). Қазан айында жаңа мобильдік қосымша eGov mobile іске қосылды, онда 31 қызмет пен сервис іске асырылған.

Премьер-Министр 2020 жылдың соңына дейін мемлекеттік қызметтердің интернет арқылы қолжетімділігін 90%-ға дейін жеткізуді және тұрғындар үшін мобильді құрылғылар арқылы қолжетімді мемлекеттік қызметтер тізбесін кеңейту жұмысын тездетуді тапсырды.

Бүгінде 7 млн аса пайдаланушы мобильді азаматтар базасында тіркелді, 645 мыңнан астам азамат телеграм-ботты, eGov mobile жаңа мобильдік қосымшасын 205 мың азамат жүктеп алды.

А. Мамин «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына аудандардағы, шағын қалалардағы, ауылдардағы азаматтарды цифрлық технологияларды қолдану арқылы қашықтан оқыту құралдарын пысықтау қажеттігін тапсырды.

Барлық орталық мемлекеттік органдарға биылғы жылдың соңына дейін интернет ресурстардың Бірыңғай платформасына көшуді аяқтау қажет.

 

Еңбек қатынастары: жалдамалы жұмысшыларды қандай мәселелер толғандырады?

Осы жылдың шілде айында Үкімет Парламент Мәжілісіне «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне еңбек мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын ұсынды, онда еңбек келісімшарттарын электронды форматқа аудару, жұмысшыларға лайықты еңбек және тұрмыс жағдайларын жасау үшін жұмыс берушілердің міндеттері мен жауапкершіліктерін белгілеу, еңбекті қорғауды басқару жүйесін енгізу бойынша шараларды бекіту жəне басқа да шаралар қарастырылған.

Қазақстанда 6,7 млн-нан астам жалдамалы жұмыскер жұмыс істейді. Осы жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы бір жарым есеге – 42,5 мың теңгеге дейін өсті, ал 203 мың кәсіпорында 1,2 млн жалақы аз төленетін жұмысшылардың жалақысы 32%-ға өсті. 2017-2019 жылдары жалақы бойынша берешек 169 млн теңгеге немесе 9,8%-ға төмендеп, 1,4 млрд теңгеге жетті.

Соңғы 3 жыл ішінде еңбек инспекторлары прокуратура органдарымен бірлесіп еңбек және көші-қон заңнамасын бұзудың 930 фактісін анықтады, оның ішінде 25 кәсіпорында еңбекақы төлеудің сәйкессіздігінің 474 фактісі анықталды, 681 рұқсат қайтарып алынды, 393 шетелдік жұмысшы елден шығарылды. 

Үкімет басшысы биыл қабылданған Өндірістік жарақаттануды азайту жөніндегі жол картасын іске асыруды жандандырып, өндірістегі жазатайым оқиғалардың алдын алу мен ескертуге назар аударуды тапсырды. Осы жылдың 10 айында ҚР-да өндірістік жарақаттар 13%-ға, оның ішінде өлім-жітім – 23%-ға азайды.

Сонымен қатар, А. Мамин Үкімет мүшелерінің назарын еңбек мәселелерінде медиация кеңінен қолданылмай отырғанына аударды.

«Әр еңбек дауын шешуге мемлекеттік органдар қатысады. Ал бұл мәселелер ең алдымен, жұмыс беруші мен жұмыскердің ортасында кәсіподақтардың араласуымен шешілуі керек», — деп Премьер-Министр, жыл соңына дейін әлеуметтік әріптестік форматын түрлендіру жөнінде ұсыныстар беруді тапсырды.

Үкімет кулуарында ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Салық және кеден саясаты департаментінің директоры А. Амрин журналистерге бензинге акциздің көтерілу себептері туралы айтып берді.

«Салық салудың негізгі қағидаты – салықтар мемлекет ұсынатын қызметтердің деңгейіне және мөлшеріне сәйкес болуы керек. Мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелері өсуде, мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы көбеюде, АӘК пайдаланушылар саны артуда. Қаражат осы мақсаттарға жұмсалады», — деді А. Амрин.

Ол бүгінгі таңда бензин құнының акцизі 8 теңгені, бензин бағасы 150 теңгені құрайтынын еске салды.

«Біз акциз мөлшерлемесін 10 500 теңгеден 24 435 теңгеге дейін көтереміз, литр бағасында 10 теңгеге артады, яғни акциз 8-ден 18 теңгеге дейін өседі. Осылайша, бензин бағасы шамамен 6%-ға — литріне 150 теңгеден 160 теңгеге дейін көтерілуі мүмкін. Айта кеткім келеді, акциз – бұл бағаның, өзіндік құнның, сатылымның жалғыз құрауышы емес», — деді Департамент директоры.

Оның айтуынша, баға тікелей 10 теңгеге көтерілмейді. Мәселен, 2015 жылы мөлшерлеме 4,5 мың теңгеден қазіргі 10,5 мың теңгеге дейін көтерілді, ал бензин бағасы көтерілмеді.

«Біз инфляцияға әсерін есептедік, сіздер білесіздер, тұтыну бағаларының индексі тауарлардың 500 түрі бойынша есептеледі, олардың 3-і АИ-93, АИ-95, АИ-98 бензині, салым 0,6% құрайды. Осыған байланысты нәтижесінде инфляцияға 0,35% жуық мультипликативті әсер болады, яғни Ұлттық банк белгілеген дәлізде болады», — деді ол.

Қаулы жобасы мемлекеттік органдарға келісуге бағытталды. Салалық мемлекеттік органдармен келіскеннен кейін қаулы Үкімет отырысына жіберіледі, онда алқалы шешім қабылданады. Келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізу көзделген.

ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі А. Жұмағалиев әкімшілік режим ғимараттарында мемлекеттік қызметкерлердің смартфондарды пайдалану мәселесін талқылау мен келісудің ағымдағы процесі туралы айтып берді.

«Бұл мәселе ғимарат иелері мен мемлекеттік органдардың басшыларына тікелей байланысты. Біз бүгін Үкіметтің қаулысына қол қою арқылы осы нұсқаулыққа қол қоюға кедергі болған барлық мәселелерді жойдық. Жақын арада мәселе шешілуі керек, содан кейін мемлекеттік қызметкерлер смартфондарды қолдана алады. Белгілі бір уақытты талап етеді», — деді А. Жұмағалиев.

Оның айтуынша, нақты белгіленген мерзімі жоқ. Бұл келісу мен талқылаудың үздіксіз процесі. Әрбір мемлекеттік органда бұл мәселе шамамен бір айға созылады.

Баспасөз конференциясында ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов журналистердің жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көтеру, шетелдік жұмыс күшін тартатын кәсіпорындарға қойылатын талаптарды күшейту бойынша қабылданған шаралар туралы, сондай-ақ негізгі мақсаты жазатайым оқиғалар мен зиянды еңбек жағдайлары бар жұмыс орындарының санын азайту болып табылатын «Нөлдік жарақаттану – Vision Zero» тұжырымдамасы туралы сұрақтарына жауап берді. 

Республикалық телеарнаның тілшісі министрден өңірлердегі еңбек жанжалдарын шешу әдістері, жергілікті жерлерде жұмыстардың қалай жетілдірілетіні туралы сұрады.

Б. Нұрымбетовтың айтуынша, шетелдік жұмыс күшін тартатын кәсіпорындарға тиісті тексеру жүргізгеннен кейін, қазақстандық және шетелдік мамандардың арасында еңбекақы төлеу мен еңбек жағдайларындағы сәйкессіздік проблемасы анықталды. Осыған байланысты, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ҚР заңнамасына бірқатар түзетулер дайындады.

«Бүгінгі таңда, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мемлекеттік еңбек инспекторы кәсіпорындарды жыл сайын жоспарлы түрде тексере алмайды, тек бес жылда бір рет тексереді. Сондықтан шетелдік жұмыс күшін тартатын компаниялар үшін біз тексеру критерийлері бойынша Еңбек инспекциясына жыл сайын профилактикалық негізде осы кәсіпорындарды тексеріп отыруына мүмкіндік беру туралы ұсыныстар енгіземіз», — деді министр.

Сонымен бірге, өңір әкімдіктеріне еңбек нарығын жан-жақты зерттегеннен кейін шетелдік жұмыс күшін (ШЖК) тартуға квота қалыптастыру және ШЖК тартатын жұмыс берушілердің жергілікті кадрлармен қамтуын арттыруды қамтамасыз ету ұсынылды.

«Бүгінгі таңда елімізде 50 мың шетелдік маманға жұмыс істеуге рұқсат етілген. Қазір келесі жылға квота дайындап жатырмыз. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Үкіметке осы квотаны екі есеге жуық азайтуды ұсынуға ниетті», — деді Б. Нұрымбетов.

Ақпарат агенттіктерінің бірінің тілшісі аз жалақы алатын жұмысшылардың жалақысын көтеру бойынша қабылданған шаралар туралы сұрағанда, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі республикадағы еңбек заңнамасы бойынша тек ең төменгі жалақы мөлшері ғана реттелетінін айтт. Қалғанының бәрі жұмыс берушінің қалауы бойынша белгіленеді.

«Жыл басынан бері әлеуметтік жауапкершілік аясында 203 мыңнан астам кәсіпорын 1,2 млн өз жұмыскерлерлерінің жалақысын 32%-ға көбейтті», — деді Б. Нұрымбетов. 

Сондай-ақ, министр республиканың батыс өңірлерінде қазақстандық және шетелдік мамандардың арасындағы жалақы алудың сәйкессіздігі проблемасы туындағанын айтты. Ағымдағы жылдың тамыз айынан бастап, ҚР Бас прокуратурасының қолдауымен 30-дан астам шетелдік мамандары бар 95 кәсіпорынға тексеру жүргізілді. Тексерістер нәтижесінде еңбек және көші-қон заңнамасын бұзудың 930 фактісі анықталды.

«Компаниялардың көбі қазақстандықтардың жалақысын өсіріп жатыр, дегенмен, шетелдіктердің жалақысын төмендету фактілері де бар. Яғни, бұл жұмыс берушінің шешіміне байланысты. Бастысы, ол талаптарды орындауы тиіс – бірдей лауазымдарда, бірдей атқарылатын жұмыста және біліктілігі тең жағдайда еңбекақы мөлшері бірдей болуы керек», — деді Б. Нұрымбетов.

Зиянды еңбек жағдайлары бар жұмыс орындары мен жқмыстағы жазатайым оқиғалар санын азайту туралы қойылған сұрақ аясында Б. Нұрымбетов «Нөлдік жарақаттану – Vision Zero» тұжырымдамасы туралы айтып берді. Биыл Қазақстан «Vision Zero» тұжырымдамасына қосылды.

«Біздің еліміз аталған тұжырымдамаға қосыла отырып, өзінің бүгінгі таңда жергілікті жерлерде орын алып отырған өндірістік жарақаттанудың минимумын төмендетуге тырысады. Бізде өндірістік жарақаттанудың 1069 фактісі тіркелді, 129 адам өндірісте қаза тапты», — деді министр.

Б. Нұрымбетов отандық кәсіподақтарды белсенділік танытып, жұмыс орнында жарақаттануды жою бойынша тиісті кеңестер құруға қызығушылық танытуға шақырды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу