2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жол» жаңа мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру 550 мыңнан аса жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен ҚР Үкіметінің кезекті отырысында 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық даму мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысы және 2020-2025 жылдарға арналған жобасы қаралды. Мемлекеттік бағдарламаның іске асырылу барысы туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Б. Атамқұлов баяндады. 

Министр хабарлағандай, соңғы 5 жылда көлік инфрақұрылымының дамуына 5 трлн 800 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылды. Оның 44%-ы немесе 2 трлн 540 млрд теңгесі мемлекеттік қаражат болса, қалған 56%-ы немесе 3 трлн 274 млрд теңгесі мемлекет-жекеменшік әріптестік тетігін қоса алғанда,  жеке сектордың қатысуымен қаржыландырылды.

Көлік салалары бойынша инвестицияның басым бөлігі автомобиль жолдары және темір жол жобаларына тиесілі – тиісінше 37% және 40%.

«Осындай ауқымды инвестицияның салынуы нәтижесінде 2014 жылмен салыстырғанда жалпы ұлттық өнімде көлік секторының үлесі 2018 жылы 7,9%-дан  8,2%-ға өсті, ал биылғы жылдың қорытындысы бойынша 8,3%-ға жетеді деп күтілуде, 400 мыңнан аса жұмыс орны ашылды, еңбек өнімділігі 1,7 есе артып, бір адамаға шаққанда 5 миллион 100 мың теңгеден 8 млн 700 мың теңгеге дейін өсті», — деді Б.Атамқұлов.

Оның айтуынша, жалпы контейнерлер транзиті 3 есе артып, 271 мыңнан 825 мың жиырма футтық баламалы контейнерге (ЖФБ) дейін өсті, транзиттен кіріс 4,3 есе артып, 180 млрд-тан 782,4 млрд теңгеге дейін өсті. Жүк автотасымалдарының транзиті 1,5 есе артып, 1 млн 300 мыңнан 1 млн 800 мыңға дейін жетті. Транзиттік авиажолаушылар саны 4 есе артты, биылғы жылдың соңына дейін 1 миллионға жеткізу жоспарланған.  

 Жалпы, республикалық маңызы бар 3 мың шақырым автожол салынды және реконструкцияланды, оның ішінде толық аяқталған Батыс Еуропа-Батыс Қытай халықаралық көлік дәлізі, Нұр-Сұлтан - Қарағанды, Алматы - Талдықорған, Көкшетау - Петропавл, Ақтау - Бейнеу, Орал - Каменка учаскелері, Қордай асуын айналып өту, Бейнеу-Ақжігіт-Өзбекстан шекарасы жолдары бар.

«1,4 мың шақырым жаңа темір жол пайдалануға берілді: Жезқазған - Бейнеу (1040 км), Арқалық - Шұбаркөл (214 км), Боржақты - Ерсай (14 км) және Алматы-Шу (111 км) учаскесіндегі екінші жол. Орал, Петропавл, Алматы, Семей, Қостанай, Балқаш әуежайларында 6 ұшу-қону жолағы жаңғыртылды. Халықаралық әуе бағыттарының  саны 99-ға жетті», — деді Б. Атамқұлов.

Бағдарламаның негізгі бағыттарының бірі - автомобиль жолдарын дамыту. Егер 2015 жылға дейінгі алдыңғы кезеңде республикалық желіде негізгі жоба Батыс Еуропа – Батыс Қытай транзиттік дәлізі болса және жылына орташа алғанда реконструкциялау жұмыстарымен 2 мың шақырым жол қамтылса, ал 2015-2019 жылдар аралығында 6,8 мың шақырым жол қамтылды, сондай-ақ соңғы жылы 4,4 мың шақырым жолда жұмыстар жүргізілді. Бағдарламаны іске асыру қорытындысы бойынша республикалық маңызы бар 3 мың шақырым автожол салынды және реконструкцияланды. 2020 және 2021 жылдар аралығында 3,8 мың шақырым жолды аяқтау көзделген. Сондай-ақ, Бағдарлама шеңберінде өткен кезеңде республикалық желі бойынша 10 мың шақырым жөнделді.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі атап өткендей, транзиттік әлеуетті арттыру мақсатында халықаралық дәліздерді дамыту бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. Жергілікті автожолдардың желісіне ерекше назар аударылды. Өткен 5 жылда облыстық және аудандық маңызы бар автожолдарын дамытуға 590 млрд теңге бөлінді және 15 мың км жол жөнделді. 

2013 жылы ұзақтығы 211 шақырым болатын  Нұр-Сұлтан – Щучинск алғашқы ақылы автожолы қолданысқа енгізілді, жылына 1 млрд теңгеден астам қаражат жиналады, ол осы учаскені күтіп ұстау шығынының орнын толтырады.

«Қазіргі уақытта, ақылы жолдардың ұзақтығы 682 км дейін артты (Нұр-Сұлтан – Щучинск (211 км), Нұр-Сұлтан – Теміртау (134 км), Алматы – Қапшағай (42 км), Алматы – Қорғас (295 км) және жыл сайынғы жиналатын қаражат 4 млрд теңгеден астам, бұл осы ақылы учаскелерді күтіп ұстауда бюджетті үнемдеуге мүмкіндік береді», — деді Б. Атамқұлов.

Автожолды пайдаланушыларға сапалы жол бойындағы сервиспен қамтамасыз ету мақсатында қолданыстағы 1822 нысанның 1 мыңы Ұлттық стандартқа сәйкестендірілді. Бюджет және жеке капитал есебінен қосымша 73 нысан салынды. Бұл жұмыстар алдағы уақытта одан әрі жүргізілетін болады. 

Соңғы бес жылда транзиттік әлеуетті арттыруға және ішкі тасымалдарды оңтайландыруға бағытталған 1 376 км жаңа темір жол пайдануға берілді. Сонымен қатар, «Нұрлы жол» бағдарламасын іске асыру жылдарында теміржол жылжымалы құрамдарын жаңарту үшін мемлекеттік қолдау шаралары пысықталды. Оның шеңберінде 1 трлн 314 млрд теңге бюджеттік және жеке инвестициялар бөлінді. 581 жолаушылар және 20 мың бірлік жүк вагондары, шамамен 130 бірлік (58 электровоз және 72 тепловоз) тарту жылжымалы құрамдары сатып алынды.

Азаматтық авиация саласында бесжылдық қорытындысы бойынша отандық әуежайларда қызмет көрсетілген жолаушылар саны 16,2 млн адамға дейін өсті, 8,1 млн жолаушы тасымалданды, бұл 2014 жылға қарағанда 47%-ға артық. Жалпы, отандық авиакомпаниялардың әуе кемелері паркінің өсуі мен жаңартылуы байқалады. Әуе кемелерінің мемлекеттік тізіліміне 78 бірлік енгізілді, ал негізгі тасымалдаушылар паркін 22 ұшаққа толықтырды. Қазақстандық әуежайлардың жерүсті инфрақұрылымын дамыту бойынша жұмыстар жалғасуда, оған инвестициялардың жалпы көлемі 128 млрд теңгені құрады. Сондай-ақ, бірінші Нұрлы жол аясында Петропавл, Тараз және Семей әуежайларындағы терминалдар қалпына келтірілді. Алматы, Петропавл, Тараз, Орал және Семей әуежайларының ұшу-қону жолақтарын қайта жаңарту мен жаңғырту жұмыстары жүргізілді.

Министрдің айтуынша, биыл Қостанай және Балқаш әуежайларының ұшу-қону жолақтарын қайта жаңарту аяқталады. Халықаралық әуе қатынастарының санын арттыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. 

«Бүгінгі таңда Қазақстан 26 мемлекетпен 99 халықаралық бағыт бойынша әуе қатынасын орнатқан. 2017 жылдан бастап Нұр-Сұлтан қаласында «ашық аспан» режимі енгізілді. 3 жыл ішінде қазақстандық және шетелдік авиатасымалдаушылар 19 жаңа бағыт ашты, оның ішінде Токио, Варшава, Будапешт, Хельсинки қалалары бар. Бұрыннан бар Лондон, Мәскеу, Пекин, Ыстамбұл маршруттарында ұшу жиілігі ұлғайды», — деді Б. Атамқұлов.

Қазақстандық тасымалдаушылар Шанхай (2020 ж.), Сингапур (2020 ж.), Нью-Йорк (2021 ж.) сияқты ірі қалаларға рейстер ашуды жоспарлап отыр. 

Теңіз көлігі саласында «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру нәтижесінде Ақтау көлік торабының өткізу қабілеті 17 млн тоннадан 27 млн тоннаға жетті. Каспий теңізіндегі жалпы жүк айналымындағы үлес           21%-дан 30%-ға артты. Бұл ретте 2014 жылмен салыстырғанда Ақтау және Құрық теңіз порттары арқылы құрғақ және паромдық жүк тасымалдау көлемі 3 есе өсті.

«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында Ақтау портында қуаты 3 миллион тонналық 3 жаңа құрғақ жүк терминалы, Құрық портында қуаты 6 миллион тонналық паромдық кешен салынды. Сондай-ақ, отандық сауда флоты жүк көтергіштігі 5 және 7 мың тонналық 4 құрғақ жүк кемесімен толықты», — деді министр.

Ішкі су жолдарымен жүк тасымалының көлемі 86%-ға өсіп, 750 мың тоннадан 1,4 млн тоннаға жетті.

Көлік-логистикалық инфрақұрылым нысандарын дамытуға жүк ағындарын дистрибуциялаудың негізгі нүктелеріне 329 млрд теңгеге жуық қаржы инвестицияланды. 2014 жылдан бері Қазақстан арқылы транзиттік тасымалдар 17 млн-нан 20 млн тоннаға (2019 ж.), яғни 12%-ға артқан.  

Қазақстан арқылы контейнерлік транзит көлемі осы кезеңде 271 мыңнан 825 мың контейнерге (2019 ж.) жетіп, 3 есе өсті. Ал вагондық темір жол транзитінің көлемі 2014 жылғы 16 млн тоннадан 2019 жылы 18 млн тоннаға жетіп, 12%ға өсті. 

Жылумен, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін жаңғырту саласында бюджеттік кредиттеу және субсидиялау механизмдері іске асырылуда. 2015-2018 жылдар кезеңінде 399 жобаны іске асыру үшін 3367 мың км жылу, сумен жабдықтау және су бұру желілерін, 24 қазандық пен 77 бірлік басқа объектілерді салуға және реконструкциялауға 229 млрд теңге бөлінді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 2015 жылдан желілердің тозуы 67%-дан 57%-ға дейін төмендеді. 2019 жылы 18 жобаны іске асыруға 37,9 млрд теңге бөлінді. 127 км инженерлік желіні қайта құру және салу жоспарланған. 

Б. Атамқұловтың айтуынша, жаңа мемлекеттік бағдарлама ұтқырлықты, еңбек өнімділігін және өмір сапасын арттырады. Жаңа мемлекеттік бағдарлама аясында 2025 жылға дейін жалпы көлемі 6 трлн 598 млрд теңге қаржы қарастырылған. 

Автожол инфрақұрылымын дамыту шеңберінде республикалық желінің 10 мың шақырымын қайта жаңарту,  11 мыңын жөндеу, ал жергілікті желінің 27 мың шақырымын жөндеу жоспарлануда.

Темір жол саласында Достық-Мойынты учаскесін республикалық бюджеттен жаңғырту және Мойынты-Ақтоғай учаскесін электрлендіру жоспарлануда. Шағын әуе желілерін дамыту мақсатында 16 әуе айлағын салу жоспарлануда. Су көлігін дамыту үшін 48 кемені, оның ішінде алтауын сауда флоты үшін сатып алу, шлюздерге күрделі жөндеу жүргізу жоспарлануда.

Автомобиль көлігі саласында ұлттық стандартқа сәйкестендіру үшін 133 автостанция/автовокзал және жолаушыларға қызмет көрсету пункттерін салу мен қайта жаңарту жоспарлануда.

«Жаңа «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру нәтижесінде 551 мың жұмыс орны ашылып, оның 48 жарым мыңы тұрақты, 502 мыңнан астамы уақытша жұмыс орны болады еңбек өнімділігі 2019 жылғы деңгейге қарағанда 20%-ға өсіп, адам басына шаққанда 8, 7 млн-нан 10,4 млн теңгеге артады. Транзиттен түсетін табыс жылына 61%-ға өсіп, $2,4 млрд-тан $4,2 млрд-қа артады», — деп түйіндеді Б. Атамқұлов.

Өз кезегінде ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Р. Скляр жаңа «Нұрлы жол» бағдарламасы көлік-логистика саласының одан әрі дамуының барлық аспектілерін қамтитынын айтты. Бағдарлама Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылуда және тұрғындар үшін қолайлы әрі қолжетімді болатын көлік инфрақұрылымын құруға бағытталады. 



 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу