ЖРК жобасының құрылысын аяқтау мәселесі Елорданы дамыту жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында қаралады — Ж. Қасымбек

Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Жеңіс Қасымбек 2019 жылғы 15 шілдедегі Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысының берген тапсырмаларын орындау жөніндегі ҚР Үкіметінің отырысының қорытындысы бойынша өткен баспасөз конференциясы кезінде мәлімдеді.

Ж. Қасымбек Нұр-Сұлтан қаласында жеңіл рельсті көлік жобасын (ЖРК) аяқтау мәселесі 25 шілдеде өтетін Елорданы дамыту жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында талқыланатынын айтты.

«Нұр-Сұлтан қаласында ЖРК жүйесін салу жобасы шынымен де ұзаққа созылып кетті және бірінші жыл салынып жатқан жоқ. Мәселе мынада, ЖРК құрылысына бөлінген қарыздың бірінші траншының қаражаты таратылған Астана Банкінде болды. Бүгінде елорда әкімдігі, ҚР Ұлттық банкі және ҚР Қаржы министрлігі аталған қаражатты өндіріп алу бойынша іс-шаралар жүргізуде», — деді Ж. Қасымбек.

80 млрд астам теңге қаржы ұсталды, сондықтан ЖРК құрылысы уақытша тоқтатылды.

«Бізде бұл жобаны аяқтау туралы Президенттің тапсырмасы бар, әкімдік осы жобаны жүзеге асырудың түрлі нұсқалары мен тетіктерін ұсынады. Біз жобаны аяқтау мерзімін шамамен 2020 жылдың соңына қарай деп қарастырып жатырмыз», — деді Ж. Қасымбек.

Оның айтуынша, сарапшылар ЖРК құрылысы Нұр-Сұлтан қаласындағы көлік қозғалысын айтарлықтай жеңілдететініне сендіреді.

Бүгінгі таңда қалада 400 мыңнан астам автокөлік бар және күніне 700 мыңнан астам жолаушы тасымалданады.

Сонымен қатар, вице-премьер Түркістан облысының Арыс қаласын қалпына келтіру қарқыны туралы айтып өтті.

«Бүгінде Арыс қаласын қалпына келтіру үшін барлық күштер жұмылдырылуда: 250-ден астам құрылыс компаниялары жұмыс жасап жатыр, арнайы техниика тартылған, Үкімет қорынан, Түркістан және басқа облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың қорларынан қажетті қаражат бөлініп отыр», — деді Ж. Қасымбек, айтарлықтай көмекті ірі компаниялар мен басқа да бизнес-қауымдастық өкілдері көрсетіп жатқанын айтып.

Қазіргі таңда Арыста 10 мыңнан астам жұмысшы үйлер мен әлеуметтік нысандарды қалпына келтіру жұмыстарымен айналысуда, құрылыс жұмыстарының сапасына ерекше көңіл бөлінуде. Барлық жұмыстарды белгіленген мерзімде аяқтау жоспарланған.

Тұрғын үйлерден басқа, бизнес нысандары, әлеуметтік нысандар: ауруханалар, мектептер, балабақшалар, жолдар және басқа қалалық инфрақұрылым қалпына келтіріліп, жөнделеді.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу