Р. Скляр: Биыл жыл соңына дейін 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» және ИИДМБ мемлекеттік бағдарламаларын қабылдауымыз керек

Үкімет отырысының қорытындысы бойынша өткен баспасөз конференциясында индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Р. Скляр ҚР Президентінің сайлауалды бағдарламасын іске асыру шаралары туралы баяндады. 

Р. Скляр атап өткендей, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне екі бағыт: «Қолжетімді тұрғын үй» және «Бірінші санатты инфрақұрылым» бағыттары бойынша жауапкершілік жүктелген. 

«Сайлауалды бағдарламасын іске асыру үшін биыл жыл соңына дейін бізге 2020-2025 жылдарға арналған үш негізгі мемлекеттік бағдарламаны: “Нұрлы жол”, “Нұрлы жер” және ИИДМБ әзірлеп, қабылдау қажет. Қазір барлық үш бағдарлама әзірленген, келісу сатысында», — деді Р. Скляр.

«Нұрлы жол» жаңа мемлекеттік бағдарламасы аясында республикалық маңызы бар 11 мың шақырым жолды жөндеу және 7 мың шақырымға қайта жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр, 12 мың шақырымда ақылы жол енгізіледі. Барлық жұмыстардың түрлері (жөндеу, құрылыс және қайта жаңарту) 30 мың шақырым жергілікті жолдарда жүргізіледі.

Осылайша, 2025 жылға дейін жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы республикалық маңызы бар жолдардың үлесі 100%-ға дейін, жергілікті маңызы бар жолдардың үлесі 95%-ға дейін жеткізіледі.

«Елбасының тапсырмасы бойынша өткен жылы жергілікті автожол желісін жөндеуге және реконструкциялауға барлық қаржы көздерінен 150 млрд теңге бөлінді. Биыл бұл сан 200 млрд теңгеге дейін жеткізілді. 2025 жылға дейін бұл қаржы мөлшері сақталады. Сондықтан бұл бізге аудандық және облыстық маңызы бар жолдардың 95%-ның жай-күйін жақсартуға мүмкіндік береді», — деді министр.

Сонымен қатар «Нұрлы жол» бағдарламасында 10 әуежай, терминал, 16 жергілікті әуе желісі аэродромдарын салу және қайта жөндеу, 3 мың шақырымға жуық магистралды теміржол желісін жаңғырту қарастырылады. 

«Нұрлы жер» бағдарламасының жобасы бойынша баспанаға қатысты өткір әлеуметтік мәселелерді шешу мақсатында барлық тұрғын үй бағдарламалары бірыңғай бағдарламаға бірігеді, онда тұрғын үйді салу мен бөлу барысын бақылауды қамтамасыз ету шаралары қарастырылады. 

«Өткен жылы біз тұрғын үйді пайдалануға беру бойынша рекордтық көрсеткіштерге жеттік – 12 млн кв м тұрғын үй. Биыл бұл сан 13 млн жетеді және алдағы уақытта өсе бермек», — деді Р. Скляр. 

«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында көп балалы отбасылардың тұрғын үй мәселелерін шешу үшін 7 жыл ішінде арендалық баспананы салуға және алуға 350 млрд теңге қарастырылған (жыл сайын 50 млрд теңгеден). Бұл 2025 жылға дейін 40 мың арендалық баспана салуға жол ашады, жылына — 6 мың. 

ИИДМБ жобасы әзірленді және қазір келісу сатысында тұр. Жаңа бағдарламада салалық басымдықтардан индустриялық экспортқа бағдарланған кәсіпкерлік пайдасына көшіру жұмыстары жүргізіледі. 

Өңдеу өнеркәсібінің барлық салаларында кәсіпорындарды «қолдау» түсінігі орта және жоғары технологиялық тауарлар мен қызметтердің экспортшыларын «ынталандырумен» алмастырылады. Қолдаудың мәлімдеуші қағидасы ынталандырудың конкурстық қағидасына өзгертіледі. Мемлекеттік ынталандыру шаралары бизнестің нақты нәтижелерге жету міндеттемелерінің орнына ұсынылады (экспорттың өсімі, жаңғырту және т.б.). 

«ҚР Президентінің сайлауалды бағдарламасында қарастырылған барлық іс-шаралар Үкіметтің, біздің Министрліктің тұрақты бақылауына алынған және бекітілген мерзімде орындалады», — деп түйіндеді Р. Скляр. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу