Жол активтері сапасының ұлттық орталығы жергілікті маңызы бар 70 мың шақырымнан аса жолға бақылау жүргізеді 

Автожолдарды салу кезінде олардың сапасына бақылау жүргізу туралы Үкіметтің баспасөз орталығында өткен баспасөз конференциясында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Сайранбек Бармақов айтып берді. 

С. Бармақов хабарлағандай, республикалық маңызы бар автожолдарды салу кезінде бес сатылы сапа бақылауы қолданылады. 

  • Бірінші сатысы — мердігерлік ұйым;

  • Екінші сатысы — күн сайын мердігерлік ұйыммен тығыз жұмыс істейтін инженерлер қызметі;

  • Үшінші сатысы — жолдың жобасын жасаған компания;

  • Төртінші сатысы — «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК, ол салынып жатқан автожолға екі-үш рет тексеру жүргізеді;

  • Бесінші сатысы — тапсырыс беруші.

 «Биыл Елбасының тапсырмасы бойынша Жол активтері сапасының ұлттық орталығы ашылды, оның филиалдары 14 облыс пен республикалық маңызы бар үш қалада – Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында жұмыс істейді», — деді С. Бармақов.

 Оның айтуынша, бұрын тек республикалық маңызы бар жолдардың сапасы ғана бақыланатын, яғни 24 мың шақырым жол ғана тексерілетін. 

«Жолдардың материалдары, сапасы, жұмыстардың қалай жүргізіліп жатқаны бақыланатын. Олардың барлық қажетті жабдықтары бар, барлық жағдайлар жасалған. Биылдан бастап жергілікті маңызы бар жолдарға көңіл бөлінуде, олардың ұзындығы 71 мың шақырым», — деді С. Бармақов.

Сондықтан, спикер атап өткендей, биыл құрылған Ұлттық орталық жергілікті жолдардың сапасы мен материалдарды тексерумен айналысады. Бұл – облыстық және аудандық жолдар. Бұл орталық қызметінің басты маңыздылығы.

Бұған қоса, жол активтерін басқару жүйесі бар — бұл көлік жүйесін басқаруда цифрлық технологияларды енгізу. Оны ұлттық орталық басқаратын болады.

«Олардың жеке зертханалық машиналары, жабдықтары, камералары бар. Машина жолдың жағдайын, оның әр шақырымына дейін толықтай белгілей алады. Содан кейін ақпарат орталыққа жіберіледі. Егер болашақта жол активтерін басқару жүйесі толығымен жұмыс істейтін болса, онда біз Қазақстандағы барлық жолдардың жағдайын бақылай аламыз», — деп түсіндірді спикер.

Бұдан өзге, азаматтар мобильді қосымша арқылы жолдардың жағдайы туралы толық ақпаратпен танысып, оны жақсарту үшін не істеліп жатқанын көре алады.  

«Біз жолдарымыздың жағдайы туралы мәліметтерді Қаржы министрлігіне және Ұлттық экономика министрлігіне жібереміз. Цифрландыруды енгізе отырып, біз барлық жолдар туралы толық ақпарат беретін боламыз. Бұл функциялардың барлығы Жол активтерінің сапасы жөніндегі ұлттық орталықтың жұмысының арқасында қолжетімді болады», —  деп түйіндеді С. Бармақов.

«ҚазАвтоЖол» АҚ мәліметі бойынша, жолдарда төтенше жағдай орын алған кезде 1403 жедел желісі операторына хабарласу ұсынылады (тәулік бойы кез-келген ұялы телефоннан).

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу