Фронт-офистер және «Жолдағы қабылдау» — ішкі істер органдарының жұмысына қатысты сұрақтар бойынша қайда жүгіну керек

Бұл туралы Үкіметте ішкі істер органдарының қызметін жаңғырту жөнінде өткен баспасөз конференциясында ҚР ішкі істер министрінің орынбасары Алексей Калайчиди айтып берді.

Министр орынбасарының айтуынша, ішкі істер органдарының жұмысының жаңашылдығы — «Жолдағы қабылдау».

«Жұртшылықтың полиция басшыларының қолжетімсіздігі туралы сынына жауап бере отырып, біз басшыларды кабинеттерінен шығуға мәжбүрлеп жатырмыз, яғни, шығар алдында халыққа қандай да бір адамдар көп жүретін жерде – жолдарда, алаңдарда, саябақтарда акция жүргізілетінін хабарлауы қажет. Бұл – азаматтарға еркін форматта, алдын-ала жазылусыз, өздерінің сұрақтарының дұрыс-бұрыстығынан қымсынбай, бізге жүгініп, сұрақтарын қойып, тиісті кеңестер мен ұсыныстар алуы үшін жасалып жатыр. Бізде үш акция өтті, 53 мыңнан астам азамат жүгінді», — деді А. Калайчиди.

«Жолдағы қабылдау» бірінші акциясын өткізу кезінде адамдар көбінесе жолдағы қауіпсіздік саласындағы мәселелер бойынша кеңес алды, мәселен: жүргізуші куәлігін қалай алуға болады немесе ауыстыруға болады, көлікті айыппұл тұрағына қойып қойса не істеу керек, өздері келіспейтін айыппұлдар келсе не істеу керек деген сұрақтар қойылды.

«Жолдағы қабылдау» екінші акциясын өткізу кезінде азаматтарды көші-қон саясаты мәселесі қызықтырды: ішкі көші-қон қалай бақыланады, ішкі мигранттар әкімшілік жауапкершілікке тартылмау үшін не істеу қажет, шетелдік қонақтарды қалай шақыруға болады, еңбек мигранттарын қалай тіркеуге болады деген сұрақтар және рұқсат жүйесіне қатысты мәселелер қозғалды.

Сондай-ақ, А. Калайчиди фронт-офистер 174 полиция бөлімшесінде ашылғанын айтты.

«Біз талдау жұмыстарын жүргізіп, олардың бірінші кезекте қай жерлерге қажет екенін қарадық, күніне, айына, жылына шамамен қанша азамат жүгінетінін есептедік, қандай мәселелер қозғалатынын қарадық. Фронт-офистер сұрақтардың бағыты бойынша шектелмейді. Азаматтар біздің құзыретімізге қатысы жоқ мәселелер бойынша болса да жүгінуге құқылы, біз өтінімді дұрыс әзірлеуге көмектесеміз, не болмаса өзіміз арқылы жібереміз, немесе азамат өкілетті органдарға барады», — деді министрдің орынбасары.

Жолдағы қабылдаулар да сұрақтар саласына байланысты шектелмеген, дегенмен уақыт бойынша шектеу бар.

«Бұл бір реттік акция: стандартты емес жағдайларда бір-екі күн өткізіледі. Біз мониторинг картасы арқылы қараймыз: «Жолдағы қабылдауды» қайда, аптаның қай күнінде өткізу керек екенін, адамдар көп шоғырланатын жерлерді анықтаймыз. Аса жасампаз, көп білуге ұмтылып тұратын, еліміздің саяси өміріне атсалысқысы келетін жастарға көбінесе бағытталамыз. Оған қоса, жастарға полиция қалай жұмыс істейтіні, еліміздің қауіпсіздік жүйесі қалай реттелгені маңызды. Бірден бірнеше маман болуы үшін мобильдік топ барады. Кейде адамдарды нақты істер, қылмыстар бойынша сұрақтар толғандырады», — деп түсіндірді А. Калайчиди.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу