Жыл сайын мемлекет 365 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімін кепілдендірілген түрде сатып алады

Үкімет отырысының қорытындысы бойынша өткен баспасөз конференциясында ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров 2020 жылдың соңына дейін экономикалық өсімді қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспарға енгізілген аграршыларды қолдау шаралары туралы айтып берді.

«Үкімет отырысында мақұлданған агроөнеркәсіптік кешенді қолдау мен дамытуға бағытталған Кешенді жоспар шаралары ең алдымен фермерлер үшін қолжетімді қаржыландыру мәселелерін шешуге көмектеседі», — деді С. Омаров.

Министрдің айтуынша, ауыл шаруашылығы өнімдерін кепілдендірілген түрде сатып алу практикасын енгізу жыл сайын ішкі нарықты қамтамасыз ету үшін 365 мың тоннаға дейін ауыл шаруашылығы өнімдерін кепілдендірілген түрде сатып алуға мүмкіндік береді.

Форвардтық сатып алу тетігі туралы айта келе, С. Омаров аталған механизм Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша енгізілгенін атап өтті. Бұл мақсатқа бюджеттен 24,5 млрд теңге бөлінді. Осы сомаға 365 тоннаға жуық ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып алу жоспарлануда. Өнімнің 4 түрі сатып алынады: бидай, арпа, күнбағыс, қарақұмық. Сатып алудың негізгі мақсаты — ішкі нарықты әлеуметтік маңызы бар тамақ өнімдерінің жекелеген түрлерін өндіру үшін шикізатпен қамтамасыз ету.

«Бүгін форвардтық сатып алу ережелері тіркеледі. Барлық ұйымдастыру жұмыстары жүргізілді. Ақшаны азық-түлік келісімшарт корпорациясы аударды. Бүгін-ертең өтінімдерді қабылдау басталады», — деп атап өтті министр.

Сондай-ақ, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ның кепілдендіру құралдарын пайдалана отырып, «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ желісі бойынша ауыл шаруашылығы өндірушілеріне жылдық 6% мөлшерлемемен жеңілдікті микрокредит беру көзделген. Бұл ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін қаржыландыруды қолжетімді етіп, олардың көптеп қамтылуын қамтамасыз етеді.

«Аграрлық қолхат» секілді құралдың енгізілуі тікелей банктік емес қаражат пен сауда қаражатын тартуға мүмкіндік береді. Қаржыландыру көлемі жыл сайын шамамен 200 млрд теңгені құрап, жыл сайынғы ауыл шаруашылығын қаржыландыру көлемінің 70%-на дейін өсу әлеуетіне ие болады.

«Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау мақсатында пандемия кезеңінде “ҚазАгро” ҰБХ” АҚ желісі бойынша кредиттер мен лизингтің мерзімін ұзарту және қайта құрылымдау ұсынылады», — деді ведомство басшысы.

С. Омаров ҚазАгро мен оның еншілес ұйымдары ауыл шаруашылығы техникасының несиелері мен лизингтері бойынша мерзімін ұзарту жұмыстарын жүргізіп жатқанын хабардар етті. Кейінге қалдыру сомасы 7,9 млрд теңге болатын 2 231 өтінім мақұлданды.

«Төлемді кейінге қалдыру мәселесін талқылау үшін ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер ҚазАгро еншілес кәсіпорындарына жүгінуі керек. Бұл – “ҚазАгроҚаржы” және “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” агрокредит корпорациясы. Кейінге қалдырудың ең ұзақ мерзімі төлем мөлшері мен несиелеу мерзіміне байланысты, яғни әрбір қарыз алушы бойынша жеке қаралады», — деді С. Омаров.

Шикізатпен қамтамасыз ету үшін мынадай шаралар қабылданатын болады: ҚР Президентінің тапсырмасын орындау шеңберінде майлы, азықтық және көкөніс-бақша дақылдары сияқты рентабельділігі жоғары ауыл шаруашылығы дақылдары алаңы ұлғайтылатын болады. Сондай-ақ шикізат базасын дамыту, өңдеуші кәсіпорындардың жүктемесін және өңделген өнім экспортының көлемін арттыру мақсатында өңдеуге тапсырылған майлы тұқымдарды субсидиялау мүмкіндігін қарастыру жоспарланған.

Сондай-ақ, қазақстандық кәсіпорындарды шошқа етінің экспорты жөніндегі импорттаушылар тізіліміне енгізу туралы шешімді жеделдету жөнінде ҚХР-мен келіссөз жүргізіледі.

«Осы шаралардың іске асырылуы қол жеткен өсу қарқынын сақтап тұруымызға мүмкіндік береді», — деді С. Омаров.

Сондай-ақ министр көктемгі егіс жұмыстарына қосымша бөлінген қаражаттың игерілуі туралы айтты.

«Биыл Президенттің тапсырмасы бойынша “Қарапайым заттар экономикасы” бағдарламасы бойынша көктемгі егіс жұмыстарына 170 млрд теңге бөлінді. Бүгінгі таңда 70 млрд теңге толығымен игерілді. “Қарапайым заттар экономикасы” бағдарламасы бойынша 100 млрд теңгені игеруге біз кірісіп кеттік», — деді С. Омаров.

Барлық өтінімдерді Аграрлық несие корпорациясы қабылдайды. Ай соңына дейін барлық қаражатты игеру жоспарланған.

Ауыл шаруашылығы министрі сондай-ақ ұн, астық және басқа да азық-түлік өнімдерін экспорттауға салынған тыйымды алып тастау мерзімі туралы хабарлады.

«Еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ТЖ кезінде шектеулер мен квоталар енгізілген еді. Алайда бүгінгі күні төтенше жағдайдың аяқталуына байланысты және еліміздің азық-түлік тауарларымен толық қамтамасыз етілуіне байланысты Министрлік 1 маусымнан бастап барлық шектеулер мен тыйымдарды алып тастауды жоспарлап отыр. Тиісті бұйрық талқыланып, келісілуде», — деді ведомство басшысы.

Сонымен қатар С. Омаров көктемгі егіс науқаны туралы айтып берді. Оның айтуынша, көктемгі егісті белгіленген мерзімде өткізуге барлық мүмкіндіктер бар.

«Көктемгі егіс жұмыстарын уақытында жүргізу – Ауыл шаруашылығы министрлігінің, әкімдіктердің және шаруа қожалықтарының маңызды міндеті. Республиканың барлық өңірінде жұмыс қызу атқарылып жатыр», — деді С. Омаров.

Бүгінгі таңда жаздық дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар 3 млн гектарға немесе жоспардың 20%-на себілді. Майлы дақылдар миллион гектар жерге егілді. Бұл жоспарланған жұмыс көлемінің шамамен 32%. Көкөніс-бақша дақылдары мен картоп — 309 мың гектар немесе жоспардың 65,5% егілді. Көпжылдық шөптерді, мақта және қант қызылшасын егу аяқталуға тақап қалды.

«Жалпы бүгінгі күні барлық егіс алқабының 34,4%-ына егілді. Ал 2019 жылы осы кезеңде барлық егіс алқабының 31,1% егілді. Көктемгі егісті белгіленген оңтайлы мерзімде өткізуге барлық мүмкіндіктер бар. Бүгінгі таңда барлық мәселелер шешілген, қаржыландыру қарастырылған, тұқымдар бар», — деп атап өтті министр.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу