Тұрғын үй құрылысына ‒ 390 млрд теңге: қаражат қалай бөлінді

Үкіметтің баспасөз орталығында өткен брифингте ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев тұрғын үй құрылысына бөлінген қосымша қаражаттың қалай бөлінетінін айтты.

Дағдарысқа қарсы шараларды жүзеге асыру аясында жұмыспен қамтуды және әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қолдау үшін Үкімет 5,9 трлн теңге бөлді. Олардың ішінде тұрғын үй құрылысына 390 млрд теңге бағытталды.

Қ. Өскенбаев атап өткендей, бұл қаражат «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға бағытталады. Оның ішінде 180 млрд теңгені Ұлттық банк «Бәйтерек» холдингі арқылы барлық өңірлерге бөлген. Тұрғын үй құрылысы басталды. Осы жылдың соңына дейін аяқталады деп көзделген.

Ұлттық банк «Бәйтерек» холдингіне кезекте тұрғандарға несиелік тұрғын үй салуға қосымша 210 млрд теңге бөлуді жоспарлап отыр. Аталған қаражат «5-10-20» пилоттық жобасын іске асыруға бағытталады.

«Барлық қаражат қайтарымды. Ұлттық банк "Бәйтерек" холдингіне жылдық 4% мөлшерлемемен береді, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде кезекте тұрғандарға қарыз жылдық 5% мөлшерлемемен беріледі. Пилоттық жоба биыл іске асырылады», — деді Қ. Өскенбаев.

Сондай-ақ брифинг барысында Қ. Өскенбаев коммуналдық қызмет шығындарын өтеу туралы айтты.

«Карантин енгізілген елді мекендерде азаматтарды қолдау мақсатында коммуналдық қызметтер шығындарын өтеу туралы шешім қабылданды. Ол үшін республикалық бюджетте жалпы сомасы 49,3 млрд теңге қаражат қарастырылған», — деді Қ. Өскенбаев.

Осы төлемдерді алу үшін халықтың әлеуметтік әлсіз тобынан 7 санат анықталды.

Коммуналдық қызметтер бойынша өтемақы алушылар міндетті түрде тұрғын үйдің меншік иесі болуы тиіс. Коммуналдық қызметтер төлемін өтеуге құқығы бар тұлғалар санаттары:

  1. 1, 2, 3 топ мүгедектері;
  2. Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушылары, оларға теңестірілген тұлғалар;
  3. мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар;
  4. көпбалалы отбасылар;
  5. төмен және одан аз зейнетақы алатын зейнеткерлер;
  6. мемлекеттік немесе қоғамдық міндеттерін, әскери қызметін орындау барысында, ғарыш кеңістігіне ұшуға дайындық барысында немесе ұшу кезінде, адам өмірін құтқару және құқық тәртібін сақтау кезінде қаза тапқан тұлғалардың отбасылары;
  7. атаулы әлеуметтік көмек алатын азаматтар.

Бұдан кейін ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жергілікті атқарушы билік органдарынан осы санаттарға жататын адамдардың тізімін алды. Бұл — 1,6 млн отбасы.

«Барлық қажетті рәсімдер мен құжаттар қабылданды. Осы аптадан бастап бұл қаржы ресурстары жергілікті атқарушы органдарға беріледі және осы коммуналдық қызметтердің ақысын төлеу басталады. Мен халықтан байбалам салмауды сұраймын. Себебі, карантин жарияланған барлық елді мекендерде наурыз немесе сәуір айларына қарамастан, екі айлық коммуналдық қызметтер төленеді деген шешім қабылданды. Бұл ‒ 1-30 сәуір және 1-30 мамыр аралығы. Алынған қаржы ресурстары сіздердің жеке шоттарыңызға аударылады және сіз осы екі айда коммуналдық төлемдерді төлей аласыз», — деді Қ. Өскенбаев.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу