ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин ЕҚҚДБ басшысы Сума Чакрабартимен ынтымақтастықты кеңейту келешегін талқылады

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Асқар Мамин Еуропа қайта құру және даму банкінің президенті Сума Чакрабартимен келіссөздер жүргізді.

Кездесуде Қазақстан мен ЕҚҚДБ арасындағы тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз ету саласындағы бірлескен жобаларды іске асыру жөніндегі өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі нығайту мәселелері қаралды. Тараптар Қазақстандағы ЕҚҚДБ қызметінің стратегиялық бағыттарын, сонымен қатар, энергетикалық сектор, муниципалдық инфрақұрылым, көлік, ШОБ, «жасыл» экономика, жаңартылатын энергетика, мұнай-химия саласы мәселелерін талқылады. 

Бірлескен жобаларды іске асыруда, соның ішінде денсаулық сақтау, инженерлік инфрақұрылым саласында мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті қолданудың маңыздылығы аталып өтті.   

Сума Чакрабарти Қазақстанның ЕҚҚДБ операциялары елдерінің бестігіне кіретінін айтып, ҚР-ның ТОП-3 қатарына кіру перспективаларын атап өтіп, өзара іс-қимылды одан әрі дамытуға қызығушылық танытатындарын жеткізді. 

18 айда Банк ҚР экономикасына 43 жобаға $1 млрд астам инвестиция салған. 1993 жылдан бері ЕҚҚДБ Қазақстанға 240 жобаға $8 млрд астам инвестиция салды. Ынтымақтастықтың перспективалық бағыттары арасында банк секторы аталып өтті.  

Өз кезегінде, Асқар Мамин ҚР Үкіметінің нәтижелі ынтымақтастықты жалғастыруға деген ниетін растады. Қабылданып жатқан бірлескен шаралар осы жылдың соңына дейін ЕҚҚДБ ҚР-ға инвестициялар көлемін $750 млн дейін ұлғайтуға жол ашады.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу