Үкіметте еңбек қатынастарын реттеу мәселелері қаралды

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еңбек қатынастарын реттеу мәселелері қаралды. 

Кәсіпорындардың жалақы бойынша берешегі және еңбек нарығын реттеу жұмыстары туралы ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б. Нұрымбетов, Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Е. Тоғжанов, Атырау облысының әкімі Н. Ноғаев, Ақтөбе облысының әкімі О. Оразалин, Премьер-Министрдің орынбасары Б. Сапарбаев баяндады. 

Қазақстан Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінде 2019 жылы «Еңбек нарығының тиімділігі» факторы бойынша Грузия (37), Ресей (62), Украина (69) және басқа да елдерді басып озып, 30-дан 25 орынға көтерілді.

Осы жылдың шілде айында Үкімет Парламент Мәжілісіне «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне еңбек мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын ұсынды, онда еңбек келісімшарттарын электронды форматқа аудару, жұмысшыларға лайықты еңбек және тұрмыс жағдайларын жасау үшін жұмыс берушілердің міндеттері мен жауапкершіліктерін белгілеу, бір компанияның тобы аясында іс-сапармен бару жағдайларын кеңейту, кəсіпорындардағы кәсіптік сын-тегеуріндерді бағалау мен басқару негізінде еңбекті қорғауды басқару жүйесін енгізу бойынша шараларды бекіту жəне басқа да шаралар қарастырылған.

Қазақстанда 6,7 млн-нан астам жалдамалы жұмыскер жұмыс істейді. Осы жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы бір жарым есеге – 42,5 мың теңгеге дейін өсті, ал 203 мың кәсіпорында 1,2 млн жалақы аз төленетін жұмысшылардың жалақысы 32%-ға өсті.

2017-2019 жылдары жалақы бойынша берешек 169 млн теңгеге немесе 9,8%-ға төмендеп, 1,4 млрд теңгеге жетті. Ең көп берешек кәсіпорындар Нұр-Сұлтан қаласы, Ақтөбе, Алматы және Түркістан облыстарында. Оңалту және банкроттық сатысындағы 65 кәсіпорынның қарызы 691 млн теңгені құрайды.

Соңғы 3 жыл ішінде еңбек инспекторлары прокуратура органдарымен бірлесіп еңбек және көші-қон заңнамасын бұзудың 930 фактісін анықтады, оның ішінде 25 кәсіпорында еңбекақы төлеудің сәйкессіздігінің 474 фактісі анықталды, 681 рұқсат қайтарып алынды, 393 шетелдік жұмысшы елден шығарылды. Биыл еңбек жанжалдарын шешу мен алдын-алудың кешенді жоспары бекітілді.

«ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Назарбаев және Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың біздің алдымызға қойған басты міндеттерінің бірі – кәсіпорындарда әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету, жұмыскерлер үшін қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау. Қазіргі таңда бұл салада тұтас заңнамалық база бар, үшжақты әлеуметтік әріптестік қарастырылған, қауіпсіздік техникасын сақтау және жарақаттануды азайту шаралары қабылданып жатыр – 10 айда 2018 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13%-ға төмен», — деді А. Мамин.

Үкімет басшысы биыл қабылданған Өндірістік жарақаттануды азайту жөніндегі жол картасын іске асыруды жандандырып, өндірістегі жазатайым оқиғалардың алдын алу мен ескертуге назар аударуды тапсырды. 

«Өңірлердің әкімдіктері Еңбек жөніндегі мемлекеттік инспекциялар құрамының сапасын, қажет болса – санын арттыруы керек», — деді А. Мамин.

Премьер-Министр жалақы бойынша берешекті мониторингтеудің қолданыстағы алгоритмін қайта қарауды, сондай-ақ, жалақыны уақытылы төлеу жөніндегі заңнама нормаларын қатаңдатуды тапсырды.

«Жұмыскерлеріне жалақы төлемегені жұмыс беруші үшін тиімсіз болуы керек», — деді А. Мамин.

Денсаулық сақтау министрлігіне еңбек министрлігі және Кәсіподақтар федерациясымен бірлесіп, кәсіптік ауруларды болдырмау мақсатында оларды ерте анықтау жөнінде шараларды қабылдап, сондай-ақ кәсіптік патологиялық көмек көрсетуді күшейту тапсырылды.

Премьер-Министр Қазақстанның Халықаралық еңбек ұйымының Конвенцияларына қосылу мүмкіндігін қарау және әлеуметтік-еңбек қатынастарының өзекті мәселелерін талқылау жөнінде ведомствоаралық комиссия құруды тапсырды. 

А. Мамин Үкімет мүшелерінің назарын еңбек мәселелерінде медиация кеңінен қолданылмай отырғанына аударды.

«Әр еңбек дауын шешуге мемлекеттік органдар қатысады. Ал бұл мәселелер ең алдымен, жұмыс беруші мен жұмыскердің ортасында кәсіподақтардың араласуымен шешілуі керек», — деп Премьер-Министр, жыл соңына дейін әлеуметтік әріптестік форматын түрлендіру жөнінде ұсыныстар беруді тапсырды. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу